Kyzylorda-news.kz. Әскери киім киемін деп айыппұл арқалауыңыз ғажап емес. Атыраулық әскери полицейлер айрықша белгілері бар киімді заңсыз киіп жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер ескертуді елемейтін болса, айыппұл салынады.

Арнайы дүкендерде ашық сатылатын әскери киімге сұраныс жоғары. Сапасы жақсы киімнің бағасы да қолжетімді. Алайда әскери болмасаңыз, ондай киімді киюге рұқсат жоқ. Сол үшін тіпті жауапкершілікке тартылуыңыз да мүмкін. Десе де тұрғындар онымен келіспейді.

«Мұндай заңсыздық болмауы үшін әскери киімді сатылымнан да алып тастау керек», – дейді.

“Иә, айыппұл салады дегенді естідім. Бірақ мына киім өте ыңғайлы, сапасы да керемет. Шарбақта, далада шаруамызды жасағанда киіп алуға өте жақсы. Ал егер айыппұл салып, басқа да шаралар қолданатын болса, дүкендерден алып тастасын. Басқа нұсқа күтіп тұрған жоқпын. Базарларда, дүкендерде, арнайы дүкендерде көп. Барлық жерде ашық сатылады”, – қала тұрғыны Жандос Тұрланұлы.

Әскери киім үлгілерін заңсыз кию деректерін анықтау мақсатында өткен акция кезінде қазан айынан бері 28 тұрғынға ескерту берілген. Тәртіп сақшыларының сөзінше, осындай заңсыздық қайталанатын болса, заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға 5, ал заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ.

“Бұл киімдер қарапайым тұрғындар арасында ыңғайлылығымен және арзан бағасының арқасында жоғары сұранысқа ие. Әскери киімдер негізінен ауысым формасы немесе жұмыс формасы ретінде қолданылады. Қоғамда әскери форманы киген тұрғындардың құқықбұзушылық және тәртіпбұзушылық, әскери қызметкерлер жасаған бұзушылық ретінде қабылданады. Нәтижесінде бұл Қарулы Күштердің имиджіне және әскери адамның сыртқы келбетіне кері әсер етеді”, – әскери полиция бөлімшесінің капитаны Бақтияр Дәуренқұлов.

Әскери киімнен бөлек айрықша белгілерді де арнайы дүкендерден алуға болады. Тіпті сол үшін сатушы құжаттарды да талап етпейді. «Ал әскери киіммен жүріп, тәртіп бұзатындар әскери полицейлердің беделіне нұқсан келтіреді», – дейді тәртіп сақшылары.

Тағы да оқыңыз: