Kyzylorda-news.kz. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой министрлер кабинетін мүгедектігі бар адамдарға медициналық және оңалту көмегі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Қазір Қазақстанда 705 500 адам мүгедек, оның 93 900-І бала. Елімізде 500 астам медициналық ұйымда медициналық оңалту қызметі көрсетіледі, оның 37-сі ересектерге және 23-і балаларға арналған оңалту орталығы.
«Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мүгедектерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шаралары қарастырылған. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында 10 өңірде балаларды оңалту орталығын ашу жоспарлануда», – деді Алексей Цой.
ҚР Тұңғыш Президенті Қорының белсенді араласуының арқасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тағы сегіз оңалту орталығы 2020 жылдың соңына дейін іске қосылады. Нәтижесінде, жалпы алғанда 18 оңалту орталығын пайдалануға беріледі де, 45 мыңнан астам балаға немесе мүгедек балалардың жалпы санының 48% медициналық оңалту қызметін көрсетуге мүмкіндік болады.
Министр жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар профилактикалық, диагностикалық, емдік медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді қамтитын ТМККК-мен де қамтамасыз етілгенін атап өтті.
2020 жылы 567 медициналық ұйым оңалту қызметін көрсетеді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 8,9 есе көп. Жеткізушілермен 638 мың қызмет түріне шарт жасалды, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 15% көп. Мұқтаж адамдардың 60% медициналық оңалту қызметімен қамтылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7% жоғары. 2021 жылы 75% дейін ұлғайту, ал 2025 жылы барлық мұқтаж адамға жаппай медициналық оңалту қызметін ұсыну жоспарланып отыр.