Kyzylorda-news.kz. Туған жердің атақ-даңқын шығарып, мерейін үстем етіп келе жатқан спортшылар кәсіби мерекесін атап өтті.

Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен шарада сала үздіктері анықталып, жемісті еңбек еткен спортшылар мен бапкерлер марапат биігінен көрінді.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді.

«Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Биылдың өзінде Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені пайдалануға берілсе, дәл осындай ғимараттың құрылысы жақын күндері Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда басталады. Одан бөлек, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан, Шәкен ауылы мен Байқожа елді мекенінен 5 спорт алаңы салынды. Дәл қазіргі уақытта демеушілердің көмегімен Аранды ауылынан балалар ойыны салынуда», – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, биыл қазан айында Қазалы ауданында ауыл спортшыларының кезекті спартакиадасы өтетінін жеткізді.

Мұнан соң спорттық сайыстарда жеңіске жеткен спортшылар мен бапкерлер және сала ардагерлері облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Сондай-ақ, Қырғызстанда жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған Шыңғысхан Әбдіхалымов пен Қуаныш Аманкелдіге қаржылай жүлденің сертификаттары табысталды.

Мерекелік шарада әуесқой футбол лигасының «Жаз-2022» маусымының 18 бен 35 жастан жоғарылар арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер және үздік номинация иелері марапатталды.
35 жастан жоғарғы лигада бақ сынағандардың арасында «Намыс» командасы жеңімпаз атанса, «Достық» пен «Байқоңыр» командалары күміс және қола медальдарды місе тұтты.

Ал, 18 жастар жоғарғылар арасындағы сында «Сыр маржаны» командасы үздік атанды. Екінші, үшінші орындарды «Намыс» пен «Арзан сити» командалары өзара бөлісті.

Тағы да оқыңыз: