Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қоғам өміріне белсене араласып жүрген аналармен кездесті.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде өткен кездесуге теміржол, мәдениет, денсаулық, білім саласының ардагерлері мен кәсіпкер меценат аналарымыз қатысты.

Босқосу басталмас бұрын аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова кездесуге шақырылғандарды аудан басшысымен жеке-жеке таныстырып шықты.

Еркін форматта өткен кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев еліміздің алға қарай жылжыуы мен туған жердің гүлденуі үшін әйел-аналардың қосатын үлесі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аудан басшысы жыл аяғына дейін Қазалы қаласына көгілдір отынға қосу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Сырдария өзенінің “Қарлаң” өткеліне темірбетон көпірінің құрылысын салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланғанын тілге тиек етті.

Мұнан кейін аналарға сөз кезегі беріліп, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Алғаш болып Бекарыстан би ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Құралай Бекжанова сөз сөйлеп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Басқосуда Майдакөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күләш Лекер, Қазалы қаласының тұрғыны Ұлия Жұбаныш, Қазалы қаласы әйелдер кеңесінің төрайымы Дана Сабырбаева, жеке кәсіпкер Шәки Асқарова, мәдениет саласының ардагері Ұлжан Ахметова және тағы басқа аналар ұсыныс-пікірлерін айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлымен еркін тақырыпта ой бөліскен аналарымыздың айтары ең бастысы өз отбасымыздың тек тәрбиелік құндылық маңызын жоғалтпау. Ақ жаулықты аналарымыз өзге де әйел-аналарды ер азаматтарымызды сыйлап, әрдайым жақсылыққа тілекші болуға шақырды.

Кездесуде аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары аналардың құрметіне арнап ән-жырдан шашу шашты.

Тағы да оқыңыз: