Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы жалғыз жылыжай қолдауға зәру.
Әйтеке би кенті мен айналадағы ауылдарға және Байқоңыр қаласына қияр мен қызанақ жеткізіп жүрген жергілікті кәсіпкер былтырдан бері егіс алқабын ұлғайта алмай келеді. Көмірмен жылытылатын кешен жүйесін көгілдір отынға ауыстыру жағы да қиынға соғып тұр. Тұзды топырақты терең өңдеп, сапалы көкөніс өсіретін егінші мемлекеттік субсидиядан құр қалып отыр. Жалпы облыстағы 27 жылыжай шаруашылығы осындай мәселемен бетпе-бет келіп отыр.
Бұған дейін мал шаруашылығымен айналысқан Шалғымбек Наурызбаев шағын несие ұйымдарынан қарыз алып өткен жылы 8 сотық жерге қияр мен қызанақ егуді бастайды. Жылыжай технологиясын жетік меңгермегесін алғашқы егістен өнім шықпай, көкөніс алқабы түгелдей солып қалады. Содан Түркістан облысының бағбандарынан кеңес алып, көп ұзатпай қайта егеді. Жылыжай іші жайқалып, мол өнім жинап, егістік аумағын тағы 10 сотыққа ұлғайтты. Қазір 40 күндік қияр мен 60 күндік қызанақ пісіп тұр.
“Еккенімізге 2 ай болды, көшет кезінен алып, 5 буынға дейін өсірдік. Жалпылама негізі 12 буынға дейін өсу керек. Қысқа дайындау үшін 5 буыннан тоқтатып, өнімін алып, базарға таратып жатырмыз. Халыққа келісі 400 тг көтерме бағасымен. Көшет кезінен жылы ұстап, мол сумен қамтамасыз ету керек. Өсе келе төменгі көнерген жапырақтарын алып тастап, астынан таза ауа жіберіп тұру керек”, – дейді жылыжай жұмысшысы Ғалия Наурызбаева.
Қазалылық кәсіпкер алдыңғы жылдары асыл тұқымды мал басын көбейткені үшін берілуі тиіс субсидияны әлі ала алмай жүр. Ал жылыжай кешені бойынша мемлекеттік қолдауға құжат тапсырса, тиісті мекеме мамандары егіс көлемі 1 гектарды құрау керек депті. Агронесиелеу құрылымдары өтінімдерді ұзақ қарайды. Сол себепті мөлшерлік үстемақысы көп болса да шағын қаржы ұйымдарына баруға мәжбүрміз дейді кәсіпкер.
“1 гектарға жеткізу үшін жылыжайға 100-200 миллион тг ақша кетеді. Ондай қаражат бізде жоқ біріншіден. Ондай қаражат табу қиын болып тұр. Қазір 18 сотықты 30-ға дейін ұлғайтсақ деп жатырмыз. Жәймендеп қосып 1 га дейін жететін шығарыз енді. Күшіміздің, қолымыздың жеткені осы. Өзіміздің ойымыз шамалы субсидия бөлініп, Үкімет тарапынан шамалы көмек болса деп ойлаймыз”, – дейді кәсіпкер Шалғымбек Наурызбаев.
“Басым дақылдарға деген қолдау 2015 жылға қозғалып келсе, соңғы 4 жылдың ішінде инвест субсидия берілсін деп өндірген өнімге емес жіберген шығынға беру болып ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы қағидасымен бекітілген. Жалпы жіберілген шығынның 25%-і өтейді мемлекет. Ал енді мал азығы деген мәселе бар. Көптеген шаруашылықтардың наразылығы болды. Қазіргі уақытта министрлік сол қағидаға өзгерту жасап, өткен жылдың қарызын биыл өтеу деген мәселе күні бүгінге дейін созылып келе жатыр. Осы мамыр айының ішінде шешеміз деген хабарды естіп отырмыз”, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.
Бағбан енді құлпынай мен лимон өсіруді ойластырып жүр. Жергілікті әкімдік ұстата салар қаржымыз жоқ, бірақ егіс көлемін ұлғайтар жер бөлуге даярмыз депті. Қазір кәсіпкер топырақ өңдеп, тамшылатып суару жүйесін орнатып, жылыжай соғатын ақша іздеп шарқ ұрып жүр.