Kyzylorda-news.kz. Тереңөзек кентінің тұрғыны Алтынбек Досжанов бірнеше рет транзиторлық ишемиялық ауруға ұшырады. Ол инсультқа ұқсас ауру, бірақ бірнеше минутқа созылады және ешқандай нәтиже қалдырмайды. Ескерту ретінде де, инсульттің алдын-алу үшін де мүмкіндік береді. Сондықтан учаскелік дәрігер Алтынбекті Сырдария аудандық ауруханасының күндізгі стационарына емделуге жібереді.

«Міне, 10 жылдан астам уақыт бойы «2 типті қант диабеті», «эпилепсия», «артериялық гипертензия» аурулары бойынша есепте тұрамын.  Кәсіпкермін, ай сайын МӘМС-ке жарна төлеймін. Сақтандырылған азаматтарға қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер қолжетімді болғанына қуаныштымын. Дәрігердің жолдамасымен МРТ-дан өттім, қажетті талдауларды тапсырдым», – дейді науқас.

Күндізгі стационар дәрігері Қайрат Ермановтың айтуынша, уақытылы тексеріліп, емдеудің арқасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлімі төмендеуі байқалады.

«Көбіне бізге «артериялық гипертензия» диагнозы бар пациенттер келіп түседі. Олар жылына екі рет емделеді. Барлық процедуралар, дәрі-дәрмектер тегін. Төсек орындары көбейтілді. Оның ішінде, 20-сы күндізгі стационарда. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі оң өзгерістер байқалады», – деп атап өтті Қайрат Ерманов.

Айта кетейік, МӘМС аясында жыл басынан бері Сырдария ауданы бойынша 80-нен астам тұрғын күндізгі стационарда ем қабылдаған.

Тағы да оқыңыз: