Kyzylorda-news.kz. Бала психологиясын білу баланың үйлесімді тұлғасын қалыптастыруға көмектеседі. Нәресте дүниеге келген соң алты айдан кейін медициналық тексерістен өтеді сол кезден бастап психологтан кеңес алған жөн. Себебі сәби сол кезеңде ең алғаш қоршаған ортадағы заттарға қызыға бастайды. Бала қиыншылықтан аман өтуге, қуанышын бөлісуге психологтың көмегі зор деп есептейді Қызылорда қаласындағы «ДостарМедline» клиникасының психологы Ғазиза Жетпісбайқызы.
«Алты айлық бала атын атағанда реакция білдіре алуы қажет. Әр жасқа толған кезде психологиялық тексерістен өткен жөн. Балада болып жатқан өзгерістерді бақылауда ұстап, оны балаға түсіндіре алуымыз керек. Себебі бүлдіршіндерге көңіл бөле алмайтын ата-аналар көп. Соның нәтижесінде бала өзін де өзгені де түсіне алмай жатады», деді Ғазиза Жетпісбайқызы.
Оның айтуынша баланың психологиясын зерттемес бұрын ерлі зайыптылар өз қарым-қатынастарын жөнге келтіру керек. Арадағы ұрыс керіс, жүктілік кезіндегі жайсыздық сәбиге әсер етпей қоймайды. Содан бала тілінің уақытынан кеш шығуы, өз жасынан кеш дамуы пайда болады.
«Бала тілінің кеш шығуының негізгі түйіні ер мен әйелді бір бірімен дұрыс сөйлесе алмай жиі ұрыс керістің салдарынан жүктілік кезіндегі стрес жағдайлардың көп болуы ең негізгі фактор. Себебі балалар ата-ананың айнасы. Отбасында ұрыс жиі болса балада жиі ауырып қала береді. Бала энергетикалық тұрғыдан анаға тікелей байланысқан сондықтан ананың ішкі күйін реттеуді кеңес берер едім», деді маман.
Бүгінде жиі тараған әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға қарасақ баланы ұрып-соғып тәрбиелейтін ата-аналар мен тәрбиешілердің бар екеніне көзіміз жетті. «Баланы жастан...» дегенді жазалу деп түсінетін үлкендер оң-солын әлі ажырата білмеген бүлдіршіндерге де жұдырық ала жүгіреді.
«Бала толық санасы қалыптасып мектеп жасына барғанда өз әрекетіне есеп бере алауды қалыптастыра бастаған жөн. Баланың түсінуі әр түрлі болғандықтан өз деңгейінде жететіндей ескертулер жасаған дұрыс. Енді жазалаудың әр түрлі формасы болады ұру, қорқыту, шектеу деген секілді. Мен ұруға қарсымын. Қалғандарын қолдануга болады. Бала бұзықтық жасаса демек себебі бар. Баламен ашық сөйлесу қажет. Балаңызға тым жайлы орын дайындамаңыз дер едім. Оларды өмірдің қиындығын жеңе алатындай етіп өсіру маңызды. «Балаңды аясаң аяма» дейді ғой. Сол мақал өте орынды», - деп пікір білдірді психолог Ғазиза Жетпісбайқызы.
Маманның айтуынша бала арман-мақсатының орындалу жолындағы қиындықты өз бойынан өткізіп, сезіне білуі керек. Яғни сапалы дүниенің арзан, оңай келмейтінін түсінуі қажет.
«Балаға еркіндік керек. Күн тәртібін бастапқы кезде бірлесіп, кейін өзі жасағаны дұрыс. Баланың бос уақытын қалдырмай, барлық үйірмелерге жаздырып қою дұрыс емес. Өзінің ішкі әлемімен оңаша қалуға мүмкіндік беру қажет. Іші пысқан кезде балаға идея келеді. Міне сол кезде дұрыс бағыттап жіберсе бала өз орнын тауып кетеді. Бала күнінде қажеттіліктің туындауы жалпы білімге материалдық жағдайға ол оның мақсатымен арманына айналады. Оған жету және жету жолындағы сезімдер өмірдің мәнін түсіндіреді. Мысалы, жасөспірім шақта «айфон» ала алмадым, қатарымнан кем қалдым деген ой мазалуы мүмкін. Осы кезде дұрыс ақыл айтылса бала өзін ешқашан ешкіммен салыстырмай қолдағы дүниені қадірлеуді, өз мүмкіндігі болғанда жетуге болатынын түсінеді», - дейді ол.
Балаға айтқан ақылымызға құлақ асып, мінсіз, тәртіпті болғанын қалаймыз. Бірақ ондай балалар ата-анаға жағымды болғанымен іштей өздерін бақытсыз сезінеді деген маман пікірімен келісесіз бе? Әлде бала күнімізде «қырық үйден болған тыйыммен-ақ» өстік кем болмадық. Сол тәртіптің арқасында өмірдің түзу жолын таптық дейсіз бе? Бұл мәселеде маманның пікіріне құлақ асайық.
«Ата-ананың айтқанынан шықпайтын қоғамға өте ыңғайлы балалар қанша жетістікке жетсе де өзін іштей бақытсыз сезінеді. Сондықтан балам айтқанды жасамай жатыр деп қапаланбаңыз. Демек оның өзінің пікірі бар деп түсініңіз. Оған қателік жасауына, осы өмірде өз тәжірибесін алуға мүмкіндік беріңіз. Ата-ана ретінде сырттан бақылаңыз. Керек кезде көмектесетін қолдайтын, қамқор жандар екеніңізді білдіріңіз. Сол кезде бала сіздерге сенетін әрі не нәрсені де келісіммен жасауды үйренеді», деді «ДостарМедline» клиникасының психологы Ғазиза Жетпісбайқызы.
Фариза ОМАРОВА
