Kyzylorda-news.kz Қоғамның бейбіт тіршілік етуі әрқашан тәртіпке негізделеді. Белгілі бір қағидаға бағынған тәртіптік жүйе болмаса, ол мемлекеттің келешегі күмәнді болып, құлдырауы тез болады. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да әрқашан заң үстемдігін орнатудың жолдарын қарастырған. Жасыратыны жоқ, бізде бұған мойынсұнғысы келмейтін азаматтар да аз емес. Дегенмен құқық қорғау органдарының жүйелі жұмыстарының арқасында жыл сайынғы қылмыс көлемі айтарлықтай азайып келеді. Бұл туралы Арал ауданының прокуроры Мадияр Ертарғынұлы Бекпанов 2024 жылдың 5 айында аудан көлемінде құқық бұзушылық профилактикасы саласында атқарылған жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз брифингінде жеткізді.

Жалпы қылмыстарды төмендету мақсатында аудан көлемінде құзырлы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында білім алушылар мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, осы тектес түрлі шаралар өткізілген. Соның арқасында аталған мерзімде жалпы тіркелген қылмыстар алдыңғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде қалыптасқан. 

Және аудандық прокуратураның бастамасымен қоғамдық кеңес, жергілікті атқарушы органдар мен аудандағы мейрамхана, тойхана, кафе меңгерушілері (жеке кәсіпкерлер) арасындағы өзара келісім орнату жөніндегі меморандум жасалып, мейрамхана және тойханалардың уақытын сағат 00:00-ге дейін, ал кафелер мен кешкі мезгілде ұйымдастырылатын шараларды сағат 01:00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылданды.

Әйтсе де ауданда алаяқтық қылмыстар белең алып тұр. Аудан прокурорының алаяқтықтан сақтану жолдары бойынша «Толқын» газетіне және аудандық прокуратура, әкімдік пен полиция бөлімінің «Facebook» ресми парақшаларында мақалалар мен видеороликтер үнемі шығып, жадынамалар таратылуда. Соның өзінде қылмыс саны 5-тен 9-ға өсім алған.

Бұдан бөлек «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» тақырыбында Арал аудандық ардагерлер кеңесі және аудандық әйелдер кеңесінің қатысуымен аудандық полиция бөлімінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, қорғау нұсқамалары тағайындалған азаматтармен кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудандық прокуратура және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп әзірленген бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде, Арал қаласында орналасқан LED-экрандарда жарияланып, қаланың негізгі көшелеріне билбордтар ілінген.

Арнайы уақыт бөліп, профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың мекенжайлары ұдайы араланып, оларға уақытылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалған емес. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жүзеге асырылған қадағалаудың нәтижесінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы орын алмаған.

Прокуратура қызметінің техникалық дамуы деңгейі де осал емес. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауданда қылмыстық істердің 100% электронды форматта тергелуі қамтамасыз етілген. Цифрлы жолмен әлеуметтік-экономикалық салада атқарылған қадағалау жұмыстарының нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 17 тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысымен 32 ұсыну және 2 наразылық енгізілген. Олардың қаралу қорытындысымен 88 тұлғаға тәртіптік, 265 тұлғаға әкімшілік шаралар көрсетіліп, 13 млн. теңге әкімшілік айыппұл өндіріліп, 40 млн теңгенің мүлкі мемлекетке кері қайтарылған.

Кәсіпкерлік бағыттағы іс-қимылдар бойынша жыл басынан бері 15 мыңнан астам кәсіпкерлердің және азаматтардың құқықтары қорғалды. Прокурордың ықпал ету актісімен 7 млн. теңге мемлекет бюджетіне өндірілсе, аудандық прокуратурамен жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде ауылдық клубтың бірінде мемлекет қаражаты жымқырылғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша ҚК-тің 189-бабының 2-бөлігі 3-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, айыптау үкімі шықты. Алдағы уақытта мемлекетке келген шығын өндірілетін болады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында да үнемі кездесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ауданда жүргізіліп жатқан инвестициялық жобаларға сүйемелдеудің арқасында бір инвесторға құқықтық қолдау көрсетіліп, инвестор тарапынан алғыс білдірілген.   

Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен ауыл шаруашылық мақсатындағы пайдаланылмай жатырған құны 39 млн теңге болатын 6490 га жер учаскелері мемлекеттік жер қорына қайтарылды және аталған жерлер басқа шаруаларға табысталуда. 

Аудандық прокуратурамен алимент төлеуден қасақана жалтарған екі борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық істер тіркеліп, жүргізілген тергеп-тексеру нәтижесімен істер сотқа жолданып, үкім қабылданған. Бұдан бөлек, алимент төлемеген 8 борышкерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, тиісті жауапкершілікке тартылған.

Брифингтің соңын Мадияр Ертарғынұлы: «аудандық прокуратурамен аймағымызда заңдылықтың үстемділігін, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын және құқық бұзушылықпен күресуді қамтамасыз етуде жоғарғы қадағалауды жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жалғасын табатын болады» деп қорытындылады.

Тағы да оқыңыз: