Kyzylorda-news.kz. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті ретінде салтанатты ұлтықтау рәсімі өтті. 

Ұлықтау рәсімі кезінде Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Осыдан кейін Президент Қазақстан халқына ант берді. 

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты. Сонымен қатар, осы рәсімге Қызылорда облысынан делегация барды, оның құрамында қоғам қайраткерлері, ардагерлер, әр саланың басшылары мен мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың, партиялардың өкілдері, Сыр жастары бар.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Үндеу жасады. 

«Тәуелсіз елімізді қуатты мемлекет ретінде ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз. Алда талай сынақтар, күрделі кезеңдер болуы мүмкін. Дегенмен ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, алынбайтын асу жоқ. Мен бүгін халқымның алдында тұрып, бастаған ісіміз берекелі болсын деп тілеймін. Қазақ – ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде ата-баба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еске салсақ, кезектен тыс Президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.
 

2.jpg

Токаев.jpg

Тағы да оқыңыз: