Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақырудың тәртібін түсіндіріп берді.

«Бұл жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Аталған жарлық әкімдерді аумақтық әскерді толығымен жинауды міндеттемейді. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауына мүмкіндік болады», – деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша жекелеген аймақтардың әкімдері 10 күндік, кейбірі одан да ұзақ әскери жиынды ұйымдастыра алады. Нұрлан Ермекбаев, сонымен қатар, мұндай жиын заң бойынша 3 айға созылуы мүмкін екенін айтып өтті.

«Кейбір аймақта әскери міндеті бар азаматтарды шақырудың мүлде қажеттігі болмайды. Әскери бөлім орналасқан аймақтарда әскери қызметшілердің біршама бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа тартылып, бекітілген шаралар бойынша жұмыстарды атқаруда. Әскери қызметшілердің бір бөлігі басқа аймақтарға жөнелтілген. Бәрі де елдің жоғарғы әскери басшылығы мемлекеттің қорғанысқа қабілеттігін де, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын да есепке алып отырғанын түсіну керек», – деді ол.

Қорғаныс министрі брифингте бұл әскери жиыннан кімдердің босатылатынын да айтып берді. Оған бірнеше санаттағы тұрғындар кіреді.

«Бізде жасы үлкен азаматтар, отбасылық жағдайына және денсаулығына байланысты әскери жиынға шақырылмайтындар бар. Заңға сәйкес әскери жиындардан азаматтардың мына санаттары босатылады: қорғаныс, тәртіпті қамтамасыз етумен байланысты мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер, авиациялық персонал, егін науқаны кезінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер, педагогикалық қызметкерлер, күндізгі оқуда білім алатындар, әйелдер, 18 жасқа дейін үштен көп баласы бар азаматтар және тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқан тұлғалар, жергілікті атқару органдарының депутаттары», – деді министр.

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлық шығарған еді.

Атап айтқанда қазақстандықтар жекелеген өңірлерде медициналық қызмет, тасқынмен күрес және дезинфекция жұмыстарына шақырылады.

«Біздің Қарулы күштер шоғырланған өңірлерде күш бар. Ал олар жоқ жерге медициналық даярлығы бар, қазір денсаулық сақтау саласына тартылған азаматтар шақырылады. Сонымен бірге қызметте тәжірибесі бар мамандар блокпостарда, елдімекендерді патрульдеуге және ол жерлерді санитарлық тұрғыда тазартуға жұмылдырылады. Бәлкім, кейбір аймақта көктемгі су тасқынының салдарын жою процесіне көмектеседі», – деген болатын Руслан Шпекбаев ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы айтқан сөзінде.

Сонымен қатар, ол мұндай тәжірибе бүкіл аймақта жүргізілетінін жеткізді. «Аймақтарда әскердің жұмысқа тартылғанын білесіздер. Бірақ олар жетіспейді. Әскери бөлімдер дислокациясы жоқ орындарға бәлкім адамдарды тартамыз. Алайда бұл ретте адам саны, міндеті мен мерзімі бойынша шешімді Бас штабтың келісімімен әкімдік қабылдайды», – деді ол.

ҚР Бас штабы бастығының орынбасары сондай-ақ бұл жұмысқа тартылу кезіндегі төлем жайлы да айтып өтті.

«Жұмыссыз қалған азаматтар минималды айлық төлемақыны алады. Жұмысынан тартылған азаматтар айлық жалақысына ие болады. Ең бірінші кезекте нақты аймақтарға керекті мамандарды іске тартамыз. Әр өңірде жағдай әртүрлі. Яғни, адамдар таңертең өз міндетін орындау үшін жұмысқа келгендей тәртіпте жүреді. Тұрғылықты мекені бойынша барады. Кешке үйлеріне қайтады», – деді Руслан Шпекбаев

Тағы да оқыңыз: