Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жұмағұлов Ілияс Байжұманұлының төрағалығымен жедел кеңес өткізілді. Жедел кеңеске департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы қатысып, барлық қала, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары бейнеселекторлық режимде қосылды.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның бірі - 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтетін «Қарасора - 2023» жедел профилактикалық іс-шарасына дайындық жұмыстары және атқарылған жұмыстардың жай-күйін бағамдау. Ілияс Байжұманұлы осы шара аясында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, нақты нұсқаулар берді.
Айтар кетерлігі, Қызылорда облысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жалпы 28 қылмыстық іс-әрекет анықталған. Оның ішінде 4-і есірткі сату болса, 7-і аса ірі мөлшерде сақтау, 1-і есірткіні жарнамалау және 16-ы есірткі өсіру қылмысы бойынша тіркелген. Заңсыз айналымнан 70 килограммға жуық марихуана есірткісі және 4 атыс қаруы тәркіленіп, барлығы 21 мың 910 түп сора өсімдігі жойылып, қылмыстың жолы кесілген.