Kyzylorda-news.kz Тыныштығымыздың күзетшісі полиция қызметкерлерінің қым-қуыт тірлігімен танысу үшін бейсенбіде аудандық полиция бөліміне бардық. Мақсат – елдің тыныштығын күзетіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда халыққа қалтқысыз қызмет ететін сала мамандарымен «Погондағы журналист» айдары аясында бір күндік жұмысымен танысу. 

Жалағаш ауданы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін, құқықтық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алу мақсатында «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртіп», «Абайланыз балалар» және «Жол қауіпсіздігі атвокөлігі» тақырыбында жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, рейдтік шаралар жүргізілуде. Менің бүгінгі әріптесім – осы салада 10 жыл қызмет етіп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Жасұлан Айтбайұлы. 

Жалағаш аудандық полиция бөлімінен шыққан әріптесім екеуміз кент орталығын бетке алдық. Жасұланның айтуынша, қазір кентте көлік саны жыл сайын көбеюде. Сол себепті ол «жол жүру ережесі жиі бұзылып жатады» дейді. Әрине, олардың міндеті ереже бұзған көлік жүргізушілеріне айыппұл салумен шектелмейді. Олар күні-түні тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы жол апатын болдырмауға жұмыс жасайды. 

Бұқарбай батыр көшесінің бойымен келе жатқанымызда әріптесім дереу алдымыздағы көлікке жол жиегіне аялдауды бұйырды. Полиция капитаны жүргізушіге өзін таныстырып, оны тоқтату себебін түсіндіре кетті. Оның қандай ереже бұзғанын түсінбей тұрғанымды сезгендей әріптесім маған бір қарап, жүргізушінің жарық шамын жақпағанын айтты. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 602-бап, яғни көлік құралдары жүргізушілерінің сыртқы жарық түсіру аспаптарын және дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беруді қолдану қағидаларын бұзуы туралы хаттама толтырылып, ескерту берілді. 

Арада 40 минут өткеннен кейін Абай көшесінің бойында «Мерседес» автокөлігінің ережені бұзып келе жатқанын аңғардық. Әріптесіммен бірге мен де жұмысқа бейжай қарамай, қырағылық танытып, жүргізушілердің ережені сақтауын қатаң бақылауымда ұстап келемін. Жасұлан көлік тізгіндеген азаматқа оң қапталға тоқтауды талап етті.  Тәртіп бұзған көлік иесіне қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 593-бабы, яғни жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау бойынша хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салып, қауіпсіздік өзге үшін емес, өзі үшін керектігін айтып, қауіпсіздігін белдігін тағуды ескертті. 

Бүгінгі әріптесімнің айтуынша, көлік тізгіндегендерді тәртіпке шақырғанмен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі ескертуге құлақ аспай көлікті есіріп айдайтындардың кесірінен ол бүтін бір отбасы қаза болған оқиғалар да барын жасырмады. Айтуынша, бірнеше жыл бұрын бір жас отбасы аудан орталығына қонаққа келіп, қайтар жолда қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысқан. Жантүршігерлік оқиға салдарынан бүтін бір отбасы және екінші көлікті тізгендеген жүргізуші көз жұмған. Бір күнде қаза тапқан 5 адамның 2-еуі – ер адам, 1-еуі – әйел адам, ал 2-еуі – кәмелет жасына толмаған жасөспірім бала.

Республика бойынша барлық көлік апатының 2,6 мыңы ашық ауа райында, 177 оқиға бұлтты күндері, 128 жағдай қар жауғанда, 72-сі жаңбыр жауғанда, ал 25 оқиға тұманда тіркелген. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 500-ден астам адам жол апатынан қаза тапқан. 7 мыңнан астамы жарақат алған. Әрине, апаттың басты себебі – жоғары жылдамдық. Сондай-ақ жол апатының басым бөлігі елді мекендерде күрделі жөндеуді қажет ететін жолдарда болады екен. Ал аудандағы ахуал сала мамандарының айтуынша өте күрделі.

– Жол көлік оқиғаларына көбіне жүргізушілердің қарапайым ережелерді сақтамауы сеп болып отыр. Былтыр ауданда 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 36 адам жарақаттанып, 3 адам өмірден озған. Ал жыл басынан бері 867 құқық бұзушылық анықталған. Аудан көлемінде құжатсыз автокөліктерін, немесе ішімдік ішіп көлік құралын басқарғандары үшін және тағы да басқа жол көлік оқиғаларын жасағаны үшін арнайы кент әкімдігіне қарасты автотұраққа 104 автокөлік қойылған. Оның 19-ы көлікті құжатсыз басқарғаны үшін, 8-і масаң күйде жүргізгені үшін, 31-і жол-көлік оқиғаларын жасағаны үшін және 16-сы ҚР міндетті сақтандыру заңнамасын бұзғаны үшін қойылған. Басқа да талаптарды бұзғаны үшін 30 автокөлік қойылған. 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам жарақат алған, – дейді полиция капитаны Жасұлан Айтбайұлы. 

Елімізде соңғы 5 жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 11 193 адам, соның ішінде 8 212 ер адам, 2 974 әйел және 1093 бала жантәсілім еткен. Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан азаматтардың 36 пайызы – жаяу жүргінші, 32 пайызы – көлік ішіндегі жолаушылар, 27 пайызы – жүргізушілер, 5 пайызын – мотокөлік немесе велосипед тізгіндегендер құрайды.

Тағы да оқыңыз: