Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойды. Маусым айының 25-нде қолданысқа енгелі тұрған заңнамада қандай жаңашылдық бар? Отбасы тәрбиесінде ата-ана жауапкершілігі мен баланың құқығы қалай қорғалмақ? Еліміздегі елеулі бастама төңірегіндегі мәселелерді талқыға салған мәжіліске аудандағы құқық қорғау саласының өкілдері, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысып пікір білдірді.

Басқосуда сөз алған аудан прокуро­рының орынбасары Бауыржан Әбдірашит жаңа заңға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейгенін, әрі заңбұзушылықтар үшін жаза әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауысқанын хабардар етті.

– Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмаған­дардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Қоғам өмірінде әйел-ананың рөлі үлкен. Ауданда өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан әйелдер ұйымы ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді тереңінен қалыптастыру бағытында басты межесінен жаңылған емес. Сонымен қатар отбасындағы құндылықтарды насихаттауда халықтық салт-дәстүрлеріміздің асыл қағидаларын ұрпақ бойына егіп, ұлықтауда әйел-аналарға үлкен жүк артылады. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына тиісті үлесімізді қосып келеміз.
Биыл қаңтар айынан бастап, бірнеше мектепте болып, жеткіншектермен кездесу ұйымдастырдық. Қыркеңсе, Жайылма, Бірлік, Шалқия ауылдық клуб үйлерінде «Нашақорлықтан сақ болайық», «Кел, сырласайық» тақырыбында ашық әңгіме сағаттарына қатыстық. Барлық ауылдарда осындай тәрбиелік шараларды жоспарлап отырмыз. Ауданда «Құрметтеуге лайық жан» тақырыбында басқосулар өтіп, шара аясында елеусіз қалып келе жатқан еңбек адамдары дәріптеліп, қыз-келіншектерді кәсіпке бейімдеу мәселесіне маңыз беріліп келеді. 200-ден аса ананың көрмесі осы жоба аясында елге насихатталды. Үздіктерді марапат төріне шығарып, лайықты құрмет көрсетіліп келеді. «Мерейлі отбасы» байқауында жүлдегер болған отбасылар саны жыл сайын артуда. «Әйел – ана, әйел – гүл» деген тақырыпта маусым сайын аудандағы әр салада еңбек етіп жүрген сала мамандарымен басқосу өтуде.

«Анаға тағзым» орталығында өтіп жататын мазмұнды шараларға аудандағы белсенді қыз-келіншектер үнемі қатысып өзіндік іс-тәжірибелерімен бөлісуде. Біздің құрамға енген үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам белсенділері өз бастамаларымен ерекше танылып келеді. Жаңақорған аудандық әйелдер ұйымы жетекшілігімен 26 ауылдық округте құрылған бастауыш әйелдер ұйымы нақты жоспар түзіп, тізе қосып жұмыс атқарудамыз., – деді ол.

Еске салайық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға қа­тысты тиісті заңдарға Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт То­қаев 15 сәуірде қол қойды. Мемлекет басшысы 2022 жылдың наурызында және 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында әйелдер мен ба­лаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, поли­ция подполковнигі Нұрлыбек Қордабаев тарқатты.

– Негізгі өзгерістер әйелдер мен балаларға қатысты құқық-бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, кісі өлтіру үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру және балаларға қатысты жыныс­тық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, – деп атап өтті ол.

Әйелдер мен балаларға қатысты зор­лық-зомбылыққа байланысты қылмыстық істер бойынша жұмыс тактикасы мен әдістемесімен жергілікті құқық қорғау саласының өкілдері толық таныс, әрі тиісті жұмыс атқаруға сақадай сай екенін білдік.

Сонымен, жаңа қабылданған заңнамаға қандай нормативтер еңгізілді? Ең бастысы, жаңа заңға сәйкес әйелдер мен балалар­ға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді. Кей тұстарда заңбұзушылықтар үшін жа­за әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауысты. Тарқатып айтсақ, біріншіден, «ден­саулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық-бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіру­ге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Екіншіден, неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзат­тық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасы­лық құндылықтарды құрметтеу негізінде ба­лалардың адамгершілік, рухани тәр­биесін қамтамасыз ету қағидаты қарас­тырылған. Үшіншіден, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласын­дағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойын­ша өзара әрекет етіп қана қоймай, бай­ланыс орталығына азаматтардың өтініш­терін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Төртіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бесіншіден, өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Алтыншыдан, 16 жасқа толмаған адам­дарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кә­мелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Жетін­шіден, кәмелетке толмағандарды жәбір­легені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкім­шілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Сегізінші, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қа­тысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Тоғызыншы,16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Сонымен қатар, қазақ аналары «Дәстүрге жол» респуб­ликалық қоғамдық бірлестіктің Жаңақорған аудандық филиалының төрайымы
Раушан Назарова былай дейді.

– Қоғамымызда мейір-шапағат азайып бара жатқаны жаныма батады. Бұған күнделікті өмірде көз жетіп жүр. Біз бір үйде екі ағайынның балалары бір-бірімізге сүйеу болып өстік. Үлкен ағадан 13, кейінгі көкемізден 7 ұл-қыз бір шаңырақта өсіп-өндік. Аядай ғана қоржын тамда екі ағайынның баласы тату-тәтті ержеттік. Жиырма балақан бәрі бір ыдыстан ас ішіп, бір киімді кезек-кезек киіп өскен сол күндерді еске алсам, көңілімді ыстық сағыныш кернейді. Қоржын тамда кең отырып-тұруға қысылып өссек те, пейілімізді кеңге салуға тәрбиеледі. Бәріміз де оқып, елдің бір-бір тұлғасына айналдық.
Өмірде өз жолымызды жаңылмай табуымызда анамыз бен әкеміздің төккен маңдай тері жатыр десем артық айтпағаным болар. Анамыз таңғы 5- те тұрып 10-12 сиырды сауып, құрт-май шайқап, бәріміздің асымызды қамдайтын. Ал әкеміз үйдегі ер балаларды ерте жастан еңбекке үйретті. Үлкен атамыз зерек кісі болды. Әрқайсысымыздың сабағымызды қадағалап отыратын. Біздің үйде кешкі уақытта міндетті түрде ертегі-дастан оқылып, талқыға салынатын. Түйген ойымызды жеке-жеке сұрап, пікірімізді тыңдайтын. Атаның тәрбиесін көрген ұрпақ ешқашан әділетсіздікке жол бермей, өз кәсібіне адал болады екен.

Ал бүгінде осындай сабақтастық алшақтап бара жатқандай. Қатыгездік пен ашкөздік белең алған қоғамнан береке алыстайды. Осы орайда Қазақ аналары «Дәстүрге жол» бірлестігі ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымызды қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңірсек дейміз. Ұлтымыз үшін игілігі мен тағылымы мол этнофестивальдарды ұйымдастыру арқылы ел-жер тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға үлес қоса білсек дейміз.

Ал, жастар ресурстық орталығының маманы Аманжол Әбдіхамитұлының ойы орамды:

– Мені көпшілік мобилограф ретінде таниды. Әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан көп балалар жекеме хат жолдап жатады. Соның ішінде бір жас баланың хаты жүрегімді қозғады. Оның айтуынша, әкесі ішімдікке салынып кеткен. Соның кесірінен айғай-шудан мезі болғанын жасырмады. Мұндайда сөз табу да қиын. Сабақ үлгеріміне кедергі келтіретін жағдайлар аз емес екен. Сол баланы қалай жұбата аламын? Көп ойлана келе, әлгі баланы мектебіне іздеп барып, жеке қызығушылығын сұрап едім, мобилиографиямен айналысып жүр екен. Қазір жастар арасында кең тарап трендтке айналған кәсіпті терең меңгеруі үшін оны қасыма алып, жастар аудиториясына арналған контент жасадық. Осылай бос уақытын тиімді іспен шұғылдануына жол ашқанымды үлкен көмек деп санаймын. Ашығын айтсақ, Жаңақорғанның тарихын оқып біліп, оны әдемі бейнероликке сыйдырып, жастар аудиториясына ұсынып, қаралым жинап жүрген жайымыз бар. Ақпарат майданы қарқындаған заманда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың ел тарихын білуіне аз-кем жұмыс жасап жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді. Осы салада жүріп түйген ойым, соңғы жылдары әлеуметтік желіде ақ шашты аналар белсенділігі байқала бастады. Бір өкініштісі, бәрі үлгілі жағынан емес, үп-үлкен бастарымен бей-берекет сөз айтып, бейәдеп билеген апа-әжелеріміздің әрекетіне не деуге болады? Әлеужеліде боқтық сөзді боратып, аузына келгенін айтып отыратын ағаларға не жорық? Әлемжеліде батл ойнап, былыққа белшесінен батып жүрген құмарпаз қариялардың қылығын көргенде біз неге өзгенің озығына емес, тозығына құмартып кеттік деген ой мазалайды. Мұны көрген өзге жұрт біз жайында не ойлайды екен?

Қысқасы, бұдан былай отбасында тай­раңдап, оғаш мінез-құлық көрсететін, әйелі мен бала-шағасына қол жұмсайтын­дар жазадан қашып құтыла алмайды. Жауапкершіліктің салмағы ауырлағанын сезген әлгіндей ер-азаматтар енді әр қадамын байқап басып, отағасы рөліндегі образын жақсарта түседі деп сенеміз.

 

Мақпал МАРҚАБАЙ

 

Тағы да оқыңыз: