Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде "Отбасы күніне" орай мүгедектігі бар балалардың отбасыларына арналған "Әкем, анам және мен" атты отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырылды.
Мақсат – мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділіктерін арттыру, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыру. Мүгедектігі бар отбасыларға жайдарлы отбасылық мейрам сыйлау.
Отбасы күніне байланысты шаралар еліміздің барлық жерінде тойланып жатыр. Бала - өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды. Ел болашағының жарқын болуы әрбір отбасының шаңырағын шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын өскелең ұрпақтың қолында. Осы себепті де балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтандырып, оларға бақытты ғұмыр сыйлау арқылы ертеңгі күнге жетелеу - әр отбасы мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде.
Бүгінгі шарамыз Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.
