Қазіргі уақытта Жалағаш ауданында өзінің жеке кәсібін ашып, өнімін халық игілігіне ұсынып жүргендер көп. Оның ішінде басым бөлігі – жастар. Бүгінгі кейіпкеріміз Мирас Сабед те осы кәсіпкерлердің қатарында. Отбасылық кәсіпте береке барын түсінген ол бүгінде өз өнімі арқылы елдің алғысына бөленуде 

– Тамақ жасау тек қыз баланың ісі дегенмен келіспеймін. Себебі үй­дегі әкемнен алған тәрбие сол, бос уақы­тында анама көмек беріп, асханада тамақ істеп жүре береді. Мен де кіш­кентай кезімнен тамақ жасауға, оның ішінде өзбек тағамдары мен асха­на­­ларына қатты қызығып өстім. Үлкен арманым болашақта сондай сұраныс­­тағы асханасы бар орталық ашу бол­­ған. Қазір сол арманымның бір бө­­лігі орындалып, туған жерімнің көр­кеюіне кішкентай болсын үлесім тиіп жат­қанына қуанамын, – дейді кейіп­керіміз.

Иә, өзбек асханасы мен тағамдары әрқашан сұраныста. Қалалық жерде халыққа түрлі тағамдар ұсына­тын орта­лықтар көп. Бірақ ауылдық жер­лерде бірен-сараң. Мен де оқуды бі­тіріп келгеннен кейін «ауылда осындай ор­талық ашылса» деп ойлайтынмын. Ал қазір мұндай орталықтар қатары көбейген. Соның ішінде «Marrakesh» палау орталығына халықтың сұра­ны­сы артып жатыр.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер өз орталы­ғын­да 7 адамды тұрақты жұмыспен қам­тып отыр. Оның ішінде асханада жұмыс істейтін екі аспазды арнайы Өз­бекстаннан шақырт­қан. Содан болар, «таза өзбек палауы бо­лыпты» деген теңеулерді де тұтынушылардан жиі естиміз. 

Палау орталығының мәзірінде на­ғыз өзбек палауы, манты, кәуап, түрлі сорпалар, салаттар мен дәмді сусын­дар, фаст-фуд өнімдері де бар. Дәмі тіл үйіретін тағамдардың барлығы қазірде халықтың сұранысында. Әдет­те асха­на­лардың ерекше ат­тарын ес­тіме­гесін бе, бізді кәсіпке берілген атау таңғалдырмай қоймады. Қызығу­шы­лығымызды сезген жас кәсіпкер әңгімесін әрі жалғады.

– Ауданда өз тағамдарын ұсынатын орталықтар жоқтың қасы. Біздің де бір арманымыз халық сұра­нысындағы дүниені жасау болған. Осылайша бұл кәсіпті бастауға алты ай уақыт жұмсадық. Басты қиындық тудырған мәселе ойымыздан шығатын­дай ғи­марат табу болды. Осылай ғи­марат іздеп жүрген уақытта досым ха­барласып, бір орталық көргенін және оның менің ойлағанымдай екенін айтты. Осылайша 4 ай бұрын осы орталықты ашып, жұмысқа кірісіп кеттік. Ал атауын қояр алдын мүлде естілмеген, ерекше атау қойғымыз келіп ұзақ іздендік. Сөйтіп жүргенде әлеуметтік желіден Марокко елінің Марракеш деген қаласы барын оқып қалдым. Ол қалада кілең императорлар тұр­ғанын білдім. Кейін осы атау қатты ұнап, императорлар келетін орта­лық­қа айналдыруға бел будық. Қа­зір­де императорлар үзілмейтін орта­лыққа айналдық. Мұндағы біздің импе­ра­тор­ларымыз – әрине, халық, – дейді Мирас Ерсайынұлы.

Қазірде отбасылық кәсіпке ай­нал­ған «Marrakesh» орталығында ра­сында халық үзілмейді. Отбасылық кәсіп дейтініміз, Мирастың ата-анасы, бауырлары мен аяулы жары да бі­рігіп, орталықтың дамуына өз үлесін қосуда. Жұбайы  Аружан да кәсіптен алыс емес көрінеді. Палау орталығын ашқан уақытқа дейін сұлулық сало­нында жұмыс жасап, қазірге дейін білікті шебер қыздардың қатарында. 

«Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» демекші, отбасының барлық мүшелерімен бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатқан­дық­тан болар, аз уақыт болса да олардың бұл орталығы аудан орталығынан ойып тұрып орын алды десек те болады. Алдағы уақыт­та кейіпкеріміз әр қаладан өзінің филиалдарын ашуды жоспарлап отырғанын айтады. 

Тағы да оқыңыз: