Kyzylorda-news.kz. Қазір қоғамда отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге асықпайтындар да бар. Себебі де жоқ емес. Әлеуметтік желіде тараған жөнді-жөнсіз ақпараттарды талғамай жұтқан жастар жүрексінеді. Нәтижесінде азаматтық парызын өтеуге деген құлшынысы төмендейді. Бірақ, қалай десек те, отан алдындағы парызын өтеу, отан қорғау, ел қорғаны болу әрбір еркек кіндіктінің парызы. Ал біздің ауданның жастары әскерге баруда белсенді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі ұсынған мәліметтен хабардар болдық.

Жалпы, елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айынан бастау алып, маусым айына дейін жалғасады. Алдағы 3 ай уақыт мерзімде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. 

«Біздің тараптан шақыру контин¬гентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталған шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі. Әрине әр ата-ана ұлының әскерге аман барып, сау оралғанын тілеп отырады. Ата-аналармен бірге біз де осы тілектің үстіндеміз. Әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген жалағаштық жастардың барлығы да үйлеріне аман-есен оралуларына жауаптымын. Сондықтан барлығының жағдайынан әркез жеке хабардар болып отырамын»,  – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы Ерсайын Бегімқұлов.

Жалағаштық жастар әскерге баруда белсенді

Жалпы, аудан жастарының әскерге барудағы құлшынысы өте жақсы. Себебі жастардың өзі немесе ата-аналары бөлімге келіп, әскерге баруға ниетті екенін жиі жеткізеді екен. Әрине бұл жағдай бізді қуантты. Көктемгі әскерге шақыру маусымында ауданнан 45-50 азамат әскерге кетсе, күзгі маусымда дәл солай 45-50 тұрғынымыз әскерге жіберілген. Сонда өңір бойынша бір жылда 100 шақты ер-жігіт өзінің азаматтық бөрышын өтеуге жолдама алған. Бұл статистика жалағаштық жастардың патриоттық рухтарының жоғарылығын, сондай-ақ сала мамандарының ұтымды жұмысының оң нәтижесін айқын көрсетеді.

Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады

Жасыратыны жоқ, қазіргі әскер жасындағы азаматтардың денсаулығында ақау жиі кездеседі. Қазіргі талап бойынша жастар бірнеше медициналық тексерістен өтуге міндетті. Олардың арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі және омыртқа майысуы, үшінші дәрежелі майтабан дерті, әсіресе көз жанарының әлсіздігі тексеріледі. Шекара қорғауға барғысы келетін жастардың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Ал сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміткерлерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстауы шарт. Сонымен қатар білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң Үкімет оларды сол мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім-шартпен әрі қарай офицер болып қызметтерін жалғастырады. 

Қорғаныс министрлігінің қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етеді. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті балаларға басымдық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колонияларын қарауылдайды. Әлбетте, бұлардың барлығында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.

Жастардың жоғарыдағыдай талаптарға сай болуының басты құралы спортпен шұғылдану болып табылады. Сонымен бірге табиғат аясында демалу, салауатты өмір салтын ұстану дағдысы да оң әсер етеді. Дегенмен соңғы жылдары әлеуметтік желінің кең таралуы, соған байланысты заманауи құрылғылардың пайда болуы жастардың көз жанарының әлсіреуіне соқтырса, таңнан кешке дейін ұйықтай беру неврологиялық аурулардың өрістеуіне жол ашып отыр. Сондай-ақ табиғи, құнарлы тағамды тұтынбау және дене шынықтырумен жүйелі шұғылданбау да қан қысымы, семіздік, майтабан ауруларының өршуіне әкеледі екен.

Әскерге барғым келеді

Жалпы, заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, студенттер босатылады. Сондай-ақ әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса, ата-анасы мүгедек болған жағдайда асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы осыны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы керек. 

Иә, әскерге кез келген азамат бара алмайды. Әскерге шақырылушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жастар психологиялық-моралдық тұрғыдан іріктеуден өткізіліп, олардың біліміне, денінің саулығына және физикалық тұрғыдан дайындығына маңыз беріледі. Дегенмен ауданда шақыру келсе, әскерге баруға құлшынып тұратын жастар қатары көбейіп келеді. Осыған қарап-ақ ой түзей беруге болатын секілді. Соның бірі кент тұрғыны – Асқар Дайраш.

«Отан қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан өзім оған физикалық және психологиялық жағынан дайындалдым. Дәл қазір әскер қатарына аттануға әзірмін, жақын уақыттағы мақсатым да сол. Азаматтық борышымды абыроймен атқарсам деген арман бар. Өз басым, еліміздің әрбір ер азаматы әскер өмірін басынан өткергені жөн деп есептеймін. Өйткені әкем, ағаларымның барлығы әскерде азаматтық борышын абыроймен өткерген. Сондықтан мен бала кезімнен ағаларымның әскердегі өмірін тыңдап өстім, қызығушылығым да артты. Менің ойымша, әскерде болу физикалық тұрғыдан ширақ болумен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуды үйретеді», – дейді жас патриот Асқар Дайраш.

Асқардың бала кезінен спортқа деген ерекше қызығушылығы бар. Ауыр атлетикамен айналысып, бірқатар жарыстарда үздік нәтиже де көрсеткен. Әскерге барып келген соң, таңдаған жоғары оқу орнында білім алуды да жоспарлап қойыпты. 

«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», – дейді дана халқымыз. «Балам әскерде қиналады» дейтін кереғар пікір орынсыз деп санаймын. Әскер – қай кезде де ер азаматты тәртіпке, түзу жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз өмір мектебі. Мәселен, менің 4 балам да әскерге барды, шүкір, қазір жаман емес, бәрі қоғамда өз орын тапқан азаматтар. Сондықтан ер азаматтың міндеті елін қорғау болып қала бермек», – дейді Асқардың анасы Олжагүл апай.

Бұл өңірдегі әскерге баруға ниетті жастың біреуі ғана. Мәселен, Мә-дениет, Аққыр ауылының 2 азаматы Алматы қаласындағы әскери-техни-калық мектепте 3 ай білім алып келген, жақын уақытта әскерге кетпекші.

Әскерге барғандарға тегін грант бар

Жасыратыны жоқ, «Мектеп бітіріп, әскерге барсам, оқуға түсу қиындайды, дипломсыз қаламын» деген күмәнді ойлар жастарды ма-залайтыны рас. Десе де бүгінде бұл мәселенің шешімі табылған. Жағымды жаңалық. Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматқа Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.Бір қуантарлығы, бұл жоба осы жылы басталды. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген сарбаздарға берілетін болады. Бұдан бөлек әскерге барып келгендерге  де бірнеше жеңілдік жасалады. Атап айтқанда, ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу және әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу мүмкіндіктері бар.

Жоба бойынша әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және аза-маттық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қыз-метшілердің Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға басымдық беріліп, ескеріледі. Еліміздің барлық өңіріндегі 50-ге жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер береді. Сондай-ақ әскерге барып келген азамат осы 50 жоғары оқу орнының арасынан таңдау жасау мүмкіндігіне де ие. Бұл – жастарға деген үлкен мүмкіндік, бір жағынан әскери билетке ие болса, екінші жағынан ақысыз жоғары білім алады.

Түйін. Айтуға оңай, бірақ патриотизм адам бойында өздігінен қалыптаса қоймайды. Бұл қасиетті қалыптастыру үшін біріншіден, тарихыңды, тіліңді, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, батырларымыздың ерлігін, жанкештілігін білген жөн. Осы орайда өңірде бірқатар патриоттық-танымдық іс-шаралар өткізілген. Мысалы, мектепте оқушылардың «Жас ұлан» ұйымы жұмыс жасайды. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлерімен, Чернобыль апатының қатысушыларының ерлігі туралы жастардың қатысуымен кездесулер өткізілсе, дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттар, әскери қолданбалы өнер сабақтары, сондай-ақ арнайы әскери жаттығу мен тәжірибелік сабақтар, әлеуметтік желілерде пікір мен өзара ой алмасулар, қоғамдық тыңдалым ұйымдастырылады. Иә, зерделей білсек, мұның бәрі ер-азаматтарды, соның ішінде әсіресе жастарды патриотизмге баулиды. Меніңше, біздің ең басты құндылығымыз ол – Отанымыздың тыныштығы, халқымыздың бейбітшілікте өмір сүруі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Тағы да оқыңыз: