Kyzylorda-news.kz №14 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қонарова Жанна Құспанғалиқызы республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысымен жеңімпаз болып танылып, 3 миллион теңге сыйақы иеленді.

Биылғы оқу жылында жалпы аудан мектептерінің 11-сыныбын 947 оқушы, 9-сыныбын 1611 оқушы бітіргелі отыр. Олардың ішінде 35 түлек «Алтын белгіге» үміткер. 63 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері, 9-сыныптар бойынша үздіктер қатарында 154 оқушы бар. Ереже талаптарына сай Алтын белгіге үміткерлердің жазбаша емтихан материалдары Қызылорда облысының білім басқармасының сараптамасына ұсынылып, қорытындысы шығарылатын көрінеді. 

Жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранты конкурсына арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы 16 мамыр-5 шілде аралығында өтеді. Аудан бойынша кезеңдік шара 3 маусым күні басталады. І кезеңге 682, ІІ кезеңге 679 оқушы тіркеліп отыр. Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі, әрине, бұл аудан орталығынан көптен бергі күткен ҰБТ пунктінің ашылуы болды. 

Ауданда үш ауысымда оқитын және апатты жағдайда деп танылған мектептер толықтай жойылды. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Арал ауданында 4 мектеп салу жоспарланған еді. Бүгінде оның 2-інің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қалған екеуінің құрылыстары жыл соңына дейін басталады деп күтілуде. Сондай-ақ Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық №248 орта мектеп  және  Ақшатау елді мекеніндегі 50 орындық жаңадан ашылатын негізгі орта мектебінің ғимараттары жеке инвесторлар есебінен жүргізіліп жатыр. Және жаңа оқу жылына дейін қолданысқа енгізілетін болады деп жоспарлануда.

Жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру мақсатында 48 мектепте лагерь жұмыс істейтін болады. Оған 1-10 сынып аралығында 16509 бала тартылған. Оның ішінде Қамбаш лагеріне – 803, мектеп жанындағы лагерьлерге - 8356, 17 мектептегі шатырлы лагерьге – 285, 14 мектептегі этнолагерьге – 290,  еңбек лагеріне – 1125, аула клубтарына – 1155 оқушы, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерлерге – 960 бала қамтылады.

Тағы да оқыңыз: