Kyzylorda-news.kz Төтеншеліктердің жұмысы қауырт әрі қарбалас. Көктем келгенде тасқын қаупіне алаңдаса, күн жадырап сала бергенде тілсіз жаумен бетпе-бет келеді. «2023 жылы 41 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға көбейіп тұр. Салдарынан қаза тапқандар болмады. Ал 2022 жылы 1 адам көз жұмған», – дейді Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Нұрмантаев.

Жоғарыда аталған 41 өрттің 27-сі жеке үйдегі, 11-і автокөліктегі өрт болса, ал үшеуі орман және дала өрті. Бұдан басқа өткен жылы аудан аумағында табиғи газбен уланудың 1 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 адам ажал құшқан. Улы газбен уланудың негізі себептері – мұржаның тартпауы, жылыту пешінің ақауы, жылыту пештегі жарықтар, басқа да себептер. Барыс жылы да дәл осы оқиғамен есте қалды. Қазақтың құйқалы жерлерінің біразын өрт шалып, кейбір өңір халқын әбігерге салды. Тілсіз жау тіршілік қамытымен жатқан ауыл тұрғындарын үйсіз, бұлбұлы сайраған орманды күйсіз етті. Орманы отқа оранған Қостанаймен қоса, Шығыс орманын да шығынға ұшыратты. Алаштың рухани көсемі Ахаңның тойы дүбір қағар тұста, қостанайлық ағайынды қос бүйірден өрт қысқанын әлі де болсын ұмыта қоймадық. Тілсіз жаудың айтып келмейтіні де – осы. Қызыл жалын алапаты Қазақ елін әп сәттеақ әлекке салып, абдыратып тастады. Мәліметті сөйлетсек, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Ал жалпы орман алқабының аумағы – 107 257 гектарды құрайды. Жалын жартысын шарпыған. Мұнымен қоса ауылдағы ағайынды да айналып өтпеді. Бірнеше үй отқа оранды. Осындай сәтте көңілге демеу болатыны Қостанай халқына еліміз жұмыла кірісіп, қолдау көрсеткені. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына барып, өрт жалмаған Әулиекөл ауданындағы аумақты тікұшақпен аралап, халін білгені тағы бар.

ОЛАР САУЫСҚАНДАЙ САҚ, ҚЫРАНДАЙ ҚЫРАҒЫ

Біз айтып отырған төтенше жағдайлардың дені мерекеге, демалыс күндеріне дөп келіп жататыны бар. Сондықтан былайғы жұрт той тойлауға кіріскенде, төтеншеліктер керісінше қырағылықтарын арттырып, белбеулерін тарта түседі. Қыстың ақтүтек борандарында қар құрсауында қалатын көліктер қаншама. Олардың арасында емшектегі сәбиден бастап, еңкейген кәріге дейін болады. 

– Көктемгі су тасқындарының жыры бір бөлек әңгіме, – дейді ауданның қыр-сырын бала күнінен көріп өскен азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет. – Қазіргі таңда жаз маусымы да біздің қызметкерлер үшін мазасыз уақыттардың бірі саналады. Күре жолдың бойында күнделікті орын алып жататын жол-көлік апаттары мен даладағы өрттерді айтпағанда, суға түсу маусымының да тұрғындар үшін аса қауіпті екенін айта кетуіміз керек. Қайсыбір адамдар қызық, қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жатады. Ішімдікке тойып алып, тұншығып жататындар да бар. Кез келген суға түсетін жағажайда «Қауіпті аймақ!» деген белгілер қойылады. Ол белгілер қойылған жерлерден әрі асуға болмайтындығын біліп тұрса да, соған баратындар болады. Сондай-ақ су жағасына барған атаана балалардан бір сәтке де көз жазбағаны абзал. Баланың аты – бала. Қазір көз алдыңда жүгіріп ойнап жүрген сәби қас пен көздің арасында суға кетіп қалуы әбден мүмкін. Бүгінге дейінгі мәлімет бойынша 2023 жылы суға түсу маусымында 3 оқиға тіркеліп, салдарынан бір адам ажал құшты. Су басу қаупі бар аймақтар қыс басталған уақыттан бастап, қар ерігенше төтеншеліктердің қатаң бақылауында. Су тасқынының алдын алу бойынша әзірлік те қызу. Оны сала маманының өз аузынан естідік. – Сырдария өзенінің ұзындығы аудан аумағында 260 шақырымды құрайды. Қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы 71,6 шақырым. Су алуы мүмкін аймаққа өзен жағасында орналасқан 5 елді мекен (Жөлек, Ортақшыл, Қоғалы, Тартоғай, Қарғалы) кіреді. Онда 7540 тұрғын тіршілік етеді. Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттерінің 5 қауіпті учаскесі бекітілді. Атап айтқанда, Шиелі каналының бас сағасы «Бақтысай» қорғаныс бөгеті, «Ақ қала», «Ақтам-Мешеулі», «Жөлек», «Жіңішке көл» қорғаныс бөгеті. Қазіргі таңда аталған аймақтарға жауапты 13 мекеме бекітілген. Су тасқынына қауіпті кезеңде 52 техника, 169 адам жұмылдырылатын болады. Мұнымен қоса, Сырдария өзенінде 1 қалқымалы өткел, 3 қалқымалы көпір бар. Ал аудан көлемінде 15 шаруашылық канал, 32 гидротехникалық құрылыс, 6 қашыртқы, 9 қорғаныс бөгеті бар. Уақытылы қабылданған алдын алу шаралары су тасқыны кезеңінде елді мекендер мен нысандарды су басуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Шиелі ауданы бойынша кез келген төтенше жағдайларға байланысты эвакуациялау үшін 16 жинақтау, 23 қабылдау эвакуациялық пункт орналасқан, – дейді Әділет Нұрмантаев.

Білгеніміздей, материалдық-техникалық қорда 4 тонна дизель, 5 тонна бензин жанармайы, 20 тонна қой тас, 2000 қамыс бауы мен 5000 қап жиналған. Қоса кеткен жөн, өткен жылға жергілікті бюджет қорынан Төтенше жағдайлар резервінде 2 миллион теңге, шұғыл шығындарға арналған резервтік қорда 7,1 миллион теңге қаржы қаралыпты.

ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСЫ

Көктемде халық аулаларын тазалап, жиналған қоқысты, қураған шөпті үйінің маңайында жаға салады. Оның арты кейде өртке ұласып жатады. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін төтеншеліктер халық арасына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, өткен жылы 9184 жеке тұрғын үйді аралап, 41 921 жеке тұрғын үй иелерімен өрт қауіпсіздігі турасында әңгіменұсқау, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Жадынамалар таратылған. 

– 2023 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін Шиелі ауданының аумағындағы су айдындарында қыс мезгіліндегі мұздағы қауіпсіздік және суға шомылу маусымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында Полиция және Қоғамдық даму бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, 155 рейд жүргізілді. «Суға шомылуға тиым салынады» белгісімен 36 тақтайша, 1 облыстық телеарнада сөз сөйлеу, 80 радиода сөз сөйлеу және 10 көрнекі стенд пен 24 билборд орналастырылды. Кент және ауылдық округтер, мекеме басшыларына 3 ұсыным хат жолданды. Білім беру, басқа да мекемелермен 5 онлайн сабақ пен 15 рет ата-аналар жиналысы өткізілді. Су айдындарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі және №13 Өрт сөндіру бөлімінің барлық жеке құрамы, аудандық жастар ресурстық орталығынан 32 ерікті жұмылдырылу арқылы 5150 дана үгітнасихат парақтары таратылып, жергілікті «Өскен Өңір», «Шарайна-Сейхун» басылымдарында да 4 мақала жарияланды. Кент, ауылдық округ әкімдерінің мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 36 суға түсуге қауіпті учаскенің саны анықталды. Сонымен қатар Шиелі кентінде орналасқан «лэд» экрандар арқылы 3 бейнеролик үздіксіз көрсетілді, – дейді төтеншеліктер.

Бізбен осы материалдарды әзірлеуде етене байланыста болған Әділет Нұрмантаевқа «Өрт болған жағдайда адамдар бірінші нені ескеруі керек?» деген сауал жолдадық. 

– Егер сіз орманда немесе далалықта өрттің куәсі болсаңыз, мына талаптарды сақтаңыз, абыржымаңыз және үрейленбеңіз. Жағдайды талдаңыз. Өрт ошағының шекарасын, оның таралу бағыты мен жылдамдығын анықтаңыз. Өз күшіңізбен өртті сөндіруге мүмкіндігіңіз болмаса, қауіпсіз жерге шегініңіз, төңіректегі биік жерге немесе биік ағашқа шығып, жан-жағыңызды мұқият қараңыз және эвакуациялану жолын белгілеп алыңыз. Өрттің орны, көлемі және сипаты туралы өртке қарсы қызметке «101», «112» телефондарына хабарласып, жақын маңдағы барлық адамдарға қауіпті аймақтан шығу қажеттілігі туралы ескертіңіз. Өрттің оты шарпымайтын жел жағына қарай қозғалыңыз немесе от ошағын тыл жанынан айналып өтуге тырысыңыз, – деп ақыл-кеңесін ұсынды. 

Сосын қызық үшін Әділеттен «Неге бұл мамандықты таңдадыңыз?» деп сұрадық. Сонда ол іркілместен: «Қоғамға қорған, адамдарға араша болғым келеді» деді мақтанышпен. Мұндай патриоттық пафосқа толы жауапты алғаш естігенде, қалжыңдап тұрған болар деп ойлаған едік. Сөйтсек, еш қалжыңсыз, шынайы жауабы екен. Байыптап қараған адамға осы жауаптың негізінде елге, жерге деген, жалпы адамзат баласына деген шынайы қамқорлық жатқан секілді. Иә, олар солай. Өз мамандығының шеберлері. Олар тәуліктің қай мезгілінде, қандай төтенше жағдай орын алса да, сауысқандай сақ, қырандай қырағы.

Тағы да оқыңыз: