Kyzylorda-news.kz «Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шын қиын. Қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын» демекші, мына ақпарат заманында қит еткен жаңалық – сол мезетте құлағымызға тиіп жатады. Әсіресе, келеңсіз. Жаман оқиғалар естісек, өзімізді кінәлі сезініп қаламыз. Халық қарап отыра ма, «ауданның ардагерлері не істеп жүр?» дейтіні анық. «Ат үйренбейін десе де, ауыздық үйретеді. Жаман үйренбейін десе де, жауыздық үйретеді» деендей, Ш.Қодаманов ауылындағы жасөспірім балаға жасалған жауыздықты естігенде, кім болса да «адамгершілігі жоқ екен» деп сөккенбіз. Сөйтсек, бір топ оқушылар екені жанымызға аяздай батты. Біреудің жалғыз ұлы, 16 жасар баланың жаназасын ауыл имамы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Алмас Барманқұлов өксікпен шығарып салды. Бүкіл ауыл күңіреніп кеткендей болды. Бұл ауыр қаза төңкерістіктерді ғана емес, шежірелі өлкені ойға шомылдырғандай. Әділетсіз жасалған қатыгездік жауыздыққа ұласып, жазықсыз баланы өлтіру – заң алдындағы жауапкершілік. Әлжуаз балаға әлімжеттік жасап, асқан зұлымдыққа бару – адамдық емес. 

Адам – дүниенің көркі. Өмірді қызығы да адамдар. Отанымыздың келешегі – жастар, ұл-қыздарымыз. Екі адам жанжалдасса, екеуінің де мықтап жеңілгені деп отырушы еді, әкелеріміз. «Көргенсіз күштен ғана қорықпайды, әдепті әлсізден де именеді» деген сөз бар. Өз мектебінің балаларына әлімжеттік жасау – мектепке жасалған кінәрат деп түсінуіміз керек. Бұған да аталарымыз «Өз ініне қарап үрген түлкіні қотыр болады» деп кеткен. Бұл жерде оқушылар мектебінің жаман атын шығарып отыр. 

Таяуда «Еуразия» телеарнасынан хабарлап та үлгерді. «Ұят өлімнен күшті» деп, бүкіл ауыл халқы, ардагерлер, мектеп ұжымы, ұлағатты ұстаздар, ауыл әкімі, жергілікті учаскелік полиция инспекторы жерге қарап қалды. Жасөспірім балаларға қиянат көрсеткен жоғары сынып оқушыларының ата-аналары қандай күйде дейсіз. Қазақ бір нәрсені ескертіп айтып отырған. «Балаң жасық болса жылқы бақтыр, тентек болса қой бақтыр» дейді. Үйдегі тәрбиеге байланысты айтқан сөз шығар. Біз кінәні әкімдіктен, ауыл әкімінен, білім бөлімінен, мектептен, полициядан іздейміз. Бала кімдікі? Ата-анасынікі емес пе? Әке мен шеше екендігін естен шығармауға тиіспіз. Әлімжеттік баяғыда әскерде болушы еді. Мектептегі әлемжеттік, күш көрсету, қорқыту, ұрып-соғу, қинау, ақша талап ету, жасы кішілерге қоқан-лоққы жасау масқаралық дәрежеге жеткені өкінішті. Біз мектептерді аралағанда көбіне мектеп психологтарына оқушылардың тәртібі, көңіл-күйі, жүріс-тұрысы жүктеліп жататын. Ілгеріде 500 балаға бір психолог маман иелік ететін көрінеді. Сондықтан мектеп психологтарының жауапкершіліктерін арттырып, маманның әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, оның жұмысын жандандыру өте қажет деп санаймыз. Өйткені бүгінде заман да, адам да, уақыт та, адами аяушылық та өзгерген секілді. Батысқа қарап елеңдеп, ұлттық рухани құндылықтарымыздан, жанашырлықтан, ағайын-туыстықтан, ағалық-ініліктен, үлкендік-кішіліктен айырылып қалғандаймыз. Бала әкесі мен шешесінен қорықпаса, айтқанын тыңдамаса кім болғанымыз? Халық даналығы «Ханға қатуланба, құлға күлме. Ханның сөзін құл да айтады, кұл сөзінің құны жоқ. Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дейді. Әділетсіз ортада болсаң да, әділеттен күдер үзбе. Жақсы адам алғыс алар, ақымақ қарғыс алар. Сойылдың жуан басы – сорлыға жетеді деп, көзімізді ашқандай боламыз. Бірақ осы ақымақтар сорлыны неге аямады екен?! XVIII ғасыр басында сексен жастан асқан кіші жүзде Тайжан би деген өтіпті. Бір жиында халқы сауал қойыпты. «Ақырзаман бар дейді, ол қай заман?» депті. Сонда бидің халқына берген жауабы: Адам азады, жер жыртудан тозады, сөзде байлау болмайды, ұзаққа созады, оған себеп: адамның жақсысы кетіп, жаманы қалады, сөзінің ақылы кетіп, амалы қалады, жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалады. Көлдің суы кетіп, табаны қалады. «Тарағай» деген ел болады, адамның тырнақтайы би болады. Сол кезде анық уәде болмайды, үлкеннің тілін кіші алмайды, көп білетін ақылды болса, оны тыңдамайды, жеңілдікке салынып өзін-өзі қорлайды. Ұлы атадан бөлініп, үй болады, күнде айырбас шақырыс болады, тартқаны домбыра, сырнай күй болады. Еріне әйелі би болады. Шақырысты ұмытпайды. Әйелі базардан қалмайды, терлеп тапқан еңбегінің берекесі болмайды. Ішкендері арақ-шарап болып, өз бойына жұқпайды. Қонақ асын жақсы берсең, ол үйден төбелеспей шықпайды, адамшылық сөз айтсаң ұқпайды, тоқтау сөз айтсаң, түгіңді қоймай балағаттайды. Келесі күні кемшілігі есіне түсіп, күйеуі өлген әйелдей дауыс шығарып жоқтайды. Әйелі тәуірдің шаруасы түзеледі, әйелі нашардың шаруасы күйзеледі. Көйлегі шолақ, дамбалды қысқа киеді, борбайы көрініп жүреді. Адам азғанда ар-ұят қалмайды. Атаның тілін бала алмайды, Құдай сабыр бермесе оны түзеп болмайды, жиғаны темір-терсек болады, істегені құлшылық жай-жайбарақат өмір болады. Ашытқан қамыр асы болады, адал-арамды білмейді, азған деген осы болады. Ет пен майды тамақ демейді. Арақсыз тамақ жемейді. Жасы жеткен көрер, одан арғысын көре алмадым. Жаратқан ием қалғанын өзі білер, – деген екен. 

Біз 21-ші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сол заманда өмір сүрген Мөңке биден қалған «Ай, заман, ай, заман-ай!» толғауынан кейін ұядан-ұлағат, оқыған жұрт ойлансын, толғансын деп Тайжан бидің осыдан төрт ғасыр бұрын айтқан ақылын ауыл ақсақалдары да оқи отырсын деп түйдім. Ата-аналарға да құлаққағыс болсын дедім. Не ағасы ағасы жоқ, не інісі жоқ, анасы мен қарындасы да жоқ бозбаланың өмірі қиылды. Олай істеген өзінің мектептестері, бір ауылдың ағайын-туыс балалары. Бір отбасы түбімен жойылды. Жанымыз ашиды, жүрегіміз айниды. Күрсінеміз, қынжыламыз. Бұл сабақ – өте ауыр сабақ болды. Бұның тамырына балта шабуға тиіспіз. Күнкөрісі төмен отбасына қасірет әкелген тосын оқиға бұрын-соңды болмаған, облысымыз бен ауданымызға дақ түсірген, ар-ұятымыз бен намысымызды келтірген адам шошырлық іс болды.

«Түлен түртер болмаса, түнде түлкі жортар ма» деп, түн мезгілінде балаларына ие болмаған ата-аналарға не дейміз? Біреуді жазғыруға біздің құқымыз жоқ. Оны заң органдары шеше жатар. Біздің айтпағымыз, адам өмірі ойыншық емес. Біз олардың өмірін қорғап отыруымыз керек. Апат та, су тасқыны мен өрт те, зіл зала да айтып келмейді. Дегенде біз қай сала болмасын оқиға болғаннан соң қимыл жасаймыз. Өмір болғасын бәрі аяқ астынан болады. Осы алдын алу жұмыстарына кешігіп жатамыз. Қылмыстың алдын алу – қылмысқа жол бермеудің алғышарты. Яғни, профилактика шараларын жүргізіп, қалыпты жағдайды жүргізу. Ал ата-аналардың басты міндеті – ұл-қыздарына ие болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Тәртіпке бас ию. Шиелі ауданында енді мұндай оқиғалар болмасын. Мақалам елге ой салсын. Ертеңімізді ойласақ, болашағымызға үмітпен қарасақ, ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне, онан соң шәкірт біліміне ерекше назар аударғанымыз дұрыс. Елді дауластырудан, жауластырудан аулақ болайық. Өрелі рухсыз өркениет жоқ. «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкерелейді» деген де сөз бар. 

Тағы да оқыңыз: