Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі «Руханият» орталығында кәсіпкерлер мен тұрғындарға мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге Қызылорда облысының ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Абдрасилов Дәулетбек Жәнібекұлы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Әденова Мая Бақытжанқызы, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қыстаубаев Күндібай Мырзабайұлы, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасының Қызылорда облысы бойынша филиалының, «Мансап» орталығының және екінші деңгейлі банктер өкілдері қатысты.
Жиынды Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ахетов ашып, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға кент және ауылдық округ әкімдерімен қатар, 100-ге жуық кәсіпкер мен тұрғын қатысып, несие алу, қайтарымсыз гранттарға қатысу, субсидиялау және өзге де мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат алды.
Кездесу барысында сала мамандары қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға қатысты нақты кеңестер берді. Кәсіпкерлікті қолдау – экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды тетік екені түсіндірілді.
