Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өндірістік үдерістердің барысын саралады.
Сапар барысында өңдеу өнеркәсібінің ірі жобаларының бірі саналатын «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын заманауи технологиялар негізінде табақша шыны өндіруді жүзеге асырып, отандық құрылыс индустриясының сұранысын қамтамасыз етуде. Зауытта өндірістік процестер толық цифрландырылып, өнім сапасын бақылау мен шыныны өңдеудің автоматтандырылған жүйелері енгізілген. Сонымен қатар, кәсіпорын өнімдері ішкі нарықпен қатар шетел мемлекеттеріне экспортталуда.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «AynaGlass» ЖШС айна өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорында өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған және цифрлық басқару жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Роботтандырылған желілердің көмегімен өндірістік процестердің дәлдігі мен тиімділігі артып, адам факторының ықпалы барынша төмендетілген.
Іссапар аясында «ALTYN BRICKS KYZYLORDA» ЖШС кірпіш зауытының өндірістік әлеуеті зерделенді. Кәсіпорын құрылыс саласына қажетті сапалы кірпіш өнімдерін шығарып, өңірдің құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосып келеді.
Бұдан кейін темір-бетон бұйымдарын өндіруге маманданған «КСМ КЗ» ЖШС зауытының жұмыс барысы қаралды. Кәсіпорында құрылыс саласына қажетті темір-бетон өнімдерінің кең көлемі өндіріліп, өңірдегі инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысы жобаларын отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары өңірдегі ірі күріш өңдеу кәсіпорындарының бірі саналатын «Жан-Арай» ЖШС күріш зауытында болып, өндірістік желілердің жұмысымен танысты. Кәсіпорын күрішті терең өңдеу және дайын өнім өндіру бағытында жұмыс жүргізіп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.
Сапар барысында «Панабек» ЖШС жиһаз өндіру цехының қызметі де таныстырылды. Кәсіпорын тұрғындар мен мекемелердің сұранысына сәйкес түрлі бағыттағы жиһаз өнімдерін шығарып, өндіріс көлемін ұлғайту және өнім түрлерін кеңейту жұмыстарын жүргізуде.
Кездесу барысында кәсіпорын басшыларымен өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім көлемін ұлғайту, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұлұлы Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, импортты алмастыру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және кәсіпорын басшыларының ой-пікірлері тиісті министрліктермен жұмыстар жасалатынын атап өтті.
