Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева Париж қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысқан өңір кәсіпкерлеріне облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатын табыстады.
Биыл мамыр айында Париж қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы аясында Қызылорда облысының 9 тауар өндірушісі өз өнімдерін халықаралық хауымдастыққа ұсынып, ұлттық өнімдердің сапасы мен ерекшелігін кеңінен таныстырды.
Көрмеде «Абзал и К» толық серіктестігі күріш өнімдерін, «Аралтұз» АҚ табиғи ас тұзын, ЖК «Н. Қазбергенов» «Қазалы» кондитерлік өнімдерін, ЖК «М. Халиев» ұлттық құрт өнімдерін, «Aral Organic» кәсіпорны түйе сүтінен жасалған табиғи сабындарын, ЖК «Ж. Кушжанова» жантақ шайын, ЖК «Юсупова» ұлттық нақыштағы үйге арналған тоқыма бұйымдарын, ЖК «Светлана Цой» қолөнер бұйымдары мен сәндік аксессуарларын, сондай-ақ «Айман Абди» балалар сән үйі ұлттық нақыштағы ересектер мен балалар киімдерін таныстырды.
Айта кету керек, халықаралық көрмеге қойылған жергілікті кәсіпкерлердің бірқатар өнімдері Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінде орналасқан музей экспозициясына қойылып, ұлттық брендтердің халықаралық деңгейде насихатталуына өз үлесін қосты.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің өңір экономикасын дамытуға, отандық өндірісті өркендетуге және ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеуге қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
Еліміздің басты Заңына деген құрметтің және құқықтық мемлекет қағидаттарын дәріптеудің белгісі ретінде марапат иелеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының кітаптары табысталды.
