Kyzylorda-news.kz. Өскелең ұрпақтың ой-өрісінің кең болып, білімінің баянды, ойының орнықты болғаны орынды. Әйтпегенде, телефонға телмірген заманда тәуелділік артып, рухани құндылықтың көзі жойылатыны анық. Сондықтан, жас буынның санасы сарабдал тартпасы үшін таным-көкжиегің кеңейтуге осы бастан қарекет ету қажет. Сонда ғана басты жарға ұрар қателіктердің алдын-алып, олқылықтарға орын бермесіміз хақ. Асылында, әрбір бала егеменді еліміздің ертеңі екені белгілі. Сондай-ақ, тұғырлы тәуелсіздігіміздің тірегін берік етер, ұлттың болашағы болатын да балалар. Демек, баланың келешегіне көп алаңдауымызға негіз бар.

Осы орайда, жастайынан сауатты болуға жетелеп, парасат биігінен көрінуіне ықпал ететін ата-ана тәрбиесі мен көрнекі кітап десек артық айтқандық емес. Сайып келгенде, баланың тәрбие тінін тарқатып алмай, бағытын бағдарлап, ойлау жүйесін дамытуына жол ашатын әдебиет әлемі болмақ. Олай болса, жас жеткіншектердің кітапқа деген қызығушылығы қандай? Ал, балалар әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы ше? Осы төңіректе топтасқан мәселелерді талдап көрелік. 

Қазіргі таңда балалар әдебиеті көңіл көңшітерліктей әлі де дұрыс жолға қойылмай келеді. Өйткені, толымсыз тұстары көп талқыланып, соңғы уақытта жиі талданып жүр. Осыған орай, 2021 жыл – балалар әдебиетін қолдау жылы боп бекітіліп, біраз шаралардың ұйымдастырылғаны белгілі. Сонымен қатар, балалар ақындары жеткіншектерге ішкі жан-сарайын түзетіп, мәдениеттің мәнін ұғынарлық тағылымды туындыларын тарту еткен болатын. Бұрын жас буын Сапарғали Бегалиннің, Қадыр Мырза Әлінің және Мұзафар Әлімбаевтың шығармаларын бас алмай, жастап оқитын. Ал, қазір әдебиеттің осы саласына шоғырланғысы келетін ақын-жазушылар қатары сирек көрінеді. Бәлкім, баланы қызықтыра алмау және талғамын топшылай алмау секілді қобалжулардың басымдығынан болар. «Балалар тақырыбына қалам тербеу сәл қиындық тудырады. 

Өйткені, балалар әдебиетінің негізі – шынайылықтан құралады. Яғни, олардың жас еркшелігіне сәйкес шығарма жазу барысында әр сөзді сүзгіден өткізіп, баланың көзқарасымен көріп, санасымен сіңіріп, түйсігімен түйсініп барып екшеп жазу керек» деді балалар ақыны Ержеңіс Әбді.

Сондай-ақ, ақын жеткіншектерге қысқа да нұсқа жазылған, бірақ айтар ойы терең, мағынасы мәнді әңгімелер ұсыну керектігін айтып өтті.

Жалпы, кітап жеткіншектерді жақсылыққа жетелеп, рухани кемелденуіне септігін тигізетін асыл қазына. Осы тұста, балалардың әдебиетке қызығатынын, кітап оқуға деген ынтасы зор екендігін анық аңғаруға болады. Сондай-ақ, бала мен кітап арасында берік байланыс орнатып, кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Осындай жүйелі жұмыс пен оңды нәтиже облыстық Ә.Тәжібаев атындағы балалар әдебиеті бөлімінен байқалады. «Балалар әдебиеті бөлімі 2-14 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Біз жас ерекшеліктеріне байланысты кітаптар аламыз. Мәселен, жылына 1500-2000 жуық кітаптар әкелінеді. Негізінен, жылына – 7085 оқырман келеді. Ал, жалпы келуші балалар саны – 50 675» дейді балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Маржанкуль Айгисинова. Кітап сөрелері танымдық энциклопедиялар, арнайы ғылым салаларына арналған таңдаулы кітаптар, ертегілер, тілге жеңіл жазылған, мағынасы мәнді жинақтармен толыққан. Яғни кез келген жеткіншек көңілі қалаған кітабын алып оқуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына, баланың талғамына сай суреттермен берілген, әуенмен әрленген кітаптар да кездеседі. Аталған бөлімде балаларға қатысты бірқатар шаралар ұйымдастырылып, үйірмелер жұмысы жалғасып, біршама жобалар қолға алынып, бүгінде өз жемісін беруде. Мәселен, мұнда «жылдың үздік оқырманы» жобасы жүргізіледі. Яғни, әрбір бала жылына 15 кітап оқуды мақсат етіп, оны оқып, пайымдап ғана қоймай, түсінгендері бойынша бейнеролик жолдап немесе эссе жазып, сурет салады. Нәтижесінде, балалар түрлі номинациялармен марапатталады. Мұның өзі баланың кітапқұмар атануына жасалған қарышты қадам болмақ. Кітапкеміргіш атанбаса да белгілі деңгейде алдына мақсат қойып, жоспарлы түрде жүзеге асыруға тырысып бағады. Нақтырақ айтсақ, талаптанған балаға бұл да бір үлкен жетістік деп білемін. Бөлім меңгерушісі М.Тургунбаевнаның айтуынша, 8 жастағы балаларды ертегілер мен арнайы кітапшалар қызықтырады екен. Ал, 9-14 жасқа дейінгі балалар фантастика жанрына көп көңіл бөліп, поэзияны жақсы оқиды. Сондай-ақ, жасөспірімдер тарапынан шетел әдебиеті мен қатар С.Мұратбековтің, М.Әуезовтің, Б.Момышұлының әңгімелеріне қызығушылық жоғары екенін жеткізді. 

Сонымен, балалар әдебиеті – әдебиеттің кенже қалған саласы. Енді ғана кең қанат жайып, өркендеп келе жатқаны көпке мәлім. Алдағы уақытта, белгілі тараптардан қолдау болып жатса, құлдиламай жаңғырып, жандана түсетініне шүбә жоқ. Сайып келгенде, жас буынды қалың ұйқының құрсауынан да, рухани тоқыраудан да тысқары етіп, мейлінше көп кітап оқуына назар аудару қажет. Зердесіне көпті тоқыған, зейіні ашылған әрбір жастың зерек атанатыны айтпаса да түсінікті. Ал, мұндай кемеліне жеткен жасөспірімнің көсегесі көгеріп, келешегі жарқын болары айдан анық.

Тағы да оқыңыз: