Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әбiлпатта Алмас Әбдіғаппарұлы партия алаңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындардың денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, емделу, дәрі-дәрмекпен қамту, мүгедектік рәсімдеу және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өтініштері тыңдалып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі өзінің денсаулығына байланысты тұрақты түрде ем қабылдайтынын айтып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көмек сұрады. Өз кезегінде жауапты мамандар тарапынан азаматқа медициналық мекемелер арқылы қажетті ем алу жолдары түсіндіріліп, мәселе бақылауға алынатыны жеткізілді.
Сонымен қатар тағы бір тұрғын баспана мәселесін көтеріп, тұрғын үй кезегіне қатысты көмек сұрады. Осыған байланысты өтініш иесіне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме беріліп, жауапты мекемелерге жолданатыны айтылды.
Сондай-ақ қабылдауға келген азаматтар емханаға тіркелу, жолдама алу, мүгедектік рәсімдеу және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша да өтініштерін жеткізді. Әрбір мәселе назарға алынып, тиісті сала мамандары тарапынан заң аясында жауаптар берілді.
Қабылдау қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылып, азаматтардың өтініштері бақылауға алынды.
