Kyzylorda-news.kz  Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Онда ҚР Президенті Әкімшілігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімдері негізінде, Әділет министрлігінің бұйрығымен облыстық әділет департаментінің басшысы болып тағайындалған Әлмеш Баукен Серікұлы таныстырылды.

Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, нотариалдық, адвокаттық, заң кеңесшілері қызметінің нәтижелілігін арттыру, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыруға қатысты міндеттерді айқындады.

«Әділет министрлігімен өзара байланысты күшейтіп, өңірімізде нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу және сараптау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Азаматтарымызға құқықтық қолдау көрсетуді, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды тапсырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық әділет департаментінің басшысы таныстырылды
 

Баукен Серікұлы 1991 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2009 жылы Түркістан облыстық әділет департаментінде бастаған. Әр жылдары аталған департаментке қарасты Шымкент қалалық, Төлеби, Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы аудандық әділет басқармаларында жауапты қызметтер атқарған.

2017-2023 жылдары Алматы облысы Ескелді аудандық әділет басқармасының басшысы, Қызылорда облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары болған.

2023 жылдан бері Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы лауазымында қызмет еткен.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: