Kyzylorda-news-kz. Бүгін облыс әкімі Г.Әбдіқалықова «Көлік қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне байланысты сала қызметкерлерін қабылдады. Облыс аумағында осы көлік саласында 15 мыңнан астам жұмыскер қызмет етіп келеді.
Осы салада қызмет етіп жүрген 50 қызметкерлер Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғысымен марапатталды. Олардың ішінде жүргізуші, жолшы, ұшқыш, машинист, жолсерік, вагон қараушы, диспетчер және басқа да маман иелері бар.
Бүгінгі қабылдауда еңбек өтілі 43 жыл құрайтын «ТрансТурСервис» ЖШС автобус жүргізушіcі Елубай Күдербаевқа, 50 жыл осы салада қызмет етіп келе жатқан «Талап и К» ЖШС қызметкері Виктор Лиге Қызылорда облысының Құрмет грамоталары 39 жыл қызмет етіп келе жатқан «БауТЛ и К» ЖШС маманы Алма Ерназароваға және жеке кәсіпкер «Қасқабаева» жұмыскері Дастанбек Тынымбетовке облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Карантин шектеулеріне байланысты қалған қалған қызметкерлерге марапаттар жұмыс орындарында табысталады.
Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 204 автобус маршруты ұйымдастырылған.
«Қызылорда-Ташкент» бағытына халықаралық 1 автобус маршруты, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты ұйымдастырылып отыр.
Әуежай қызметі көлік саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Биылғы жаз маусымында «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 37 рейске дейін ұшулар орындалды (Нұр-Сұлтан қ. – 21 рейс, Алматы – 14 рейс және Қарағандыға – 2 рейс). 2020 жылдың маусым айынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына «Skat»,«Qazaq Air» әуекомпанияларының күнделікті рейстері ұшуда.
Сонымен бірге облыстағы маңызы зор көлік түрі – темір жол көлігі саласы. Қызылорда облысынан өтетін магистральдық темір жол желісінің жалпы ұзындығы 1055 км.-ді құрайды және 8 темір жол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді.
Облыс аумағынан 19 жұп жолаушы пойызы, оның ішінде мемлекетаралық бағыттағы 7 жұп пойызы өтсе, облыс орталығынан 6 жұп пойыздары ұйымдастырылған.
Көлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көлік қызметіне (автомобиль, темір жол және әуе көлігінде) қолжетімділігін қамтамасыз ету қарастырылған.
«Бүгінгі таңда көлік саласы еліміз бен халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ететін экономиканың негізгі күші. Кәсіби мерекелеріңіз – көлік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын және еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Қазір біз үшін ең басты міндет – елімізде пандемиямен күресу. Осы бағытта да жолаушылар тасымалы барысында халықты сақтандыру шаралары қарқынды қамтамасыз етілген – бұл қиындықтан бірге міндетті түрде шығамыз», – деді облыс әкімі Г. Әбдіқалықова.