Kyzylorda-news.kz. облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Жиынға мәдениет саласының қызметкерлері мен «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілдері қатысты. Облыс әкімі «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының маңызды қызметін айрықша атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды екенін тілге тиек етті.
Түбі бір түркі халықтарының мәдениетін дамытуда, түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану, сақтау, зерттеуде, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыруда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қомақты қызметін айрықша атағым келеді. «Қорқыт ата» энциклопедиясын дайындауға да түрткі болған осы ұйым.
Өзіңізге белгілі, «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өлкеміз талай дарындардың тұғыры болған, талай дауылпаз сүлейлер шыққан өңір.
Алдағы уақытта «ТҮРКСОЙ» ұйымымен халықаралық деңгейдегі ұлттық тағылымы мол, жаңа танымдық шаралар – тәжірибе алмасу, мамандарды тағылымдамадан өткізу, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жобаларды бірлесіп атқару бағытында серіктестік қарым-қатынастардың нығаятынына сенімдімін, – деді Н.Нәлібаев.
«ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сыр елі салт-дәстүрге бай қасиетті жер, түркі елінің рухани шаңырағы екенін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қызылорда өлкесіне келгендегі басты мақсатымыз түбі бір түркі халықтары арасында мәдени қарым-қатынасты нығайту. Осы бағытта «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалін жандандырып, Сыр елінен шыққан жырауларды түркі әлеміне таныту үшін жыраулар фестивалін өткізу жоспарда бар. Қасиетті Қызылорда аймағының бай тарихы мен мәдениетін күллі түркі әлемге таныту қажет деп есептейміз. Өзіңіз бастаған делегацияны Туркия елінің Бурса қаласында өткізілетін ІV дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырамыз. Бірлескен шығармашылық жобаларды ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға дайынбыз, – деді Сұлтан Раев.
Басқосуда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Бас хатшысы Сұлтан Раев Қызылорда облысының әкімдігі және «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, Сырдың жыршы-жыраулары әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Италия, Қытай, Монғолия, Түркия елдерінде өткен фольклорлық фестивальдер мен симпозиумдарға қатысып келеді.
2018 жылы Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізіліп, өңіріміз үшін де, еліміз үшін де ең маңызды оқиға болды.