Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XХ сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.
Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстың денсаулық сақтау саласын жақсарту шаралары, Қызылорда облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жайы, «Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» мәслихат шешіміне толықтырулар енгізу, «Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы» мәслихат шешіміне өзгеріспен толықтыру енгізу, Қызылорда облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы.
Сонымен қатар Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту, Қызылорда облысының елді мекендерінде үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту, «Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгеріс енгізу, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау және облыстық мәслихаттың Кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы айтылды. Әр мәселе бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасады.
Жиында аймақ басшы биылғы 9 ай ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында әр салада айтарлық өсім қалыптасқанын жеткізді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 8,6%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,1%, инвестициялар тарту 24%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5%, құрылыс жұмыстарының көлемі 35,1% және сауда көлемі 2,3 пайызға өсті.
Өңір басшысы мұнай қорының сарқылуына байланысты жаңа кен орындарын анықтау мақсатында өткен жылдан бері «Шу Сарысу», «Арал» және «Сырдария» шөгінді бассейндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.
Өңдеу саласында облыстың ірі кәсіпорындары өндіріс көлемін арттырмақшы. Мәселен, уран өңдеумен айналысатын «Байкен - У» ЖШС-і 15%-ға, ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ 50%-ға және мұнай саласына қажетті полиэтиленді құбырлар шығаратын «КНК Кемикал» ЖШС-і – 60%-ға арттыруға ниетті.
Ал, шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, биылғы жылдың 9 қазанында алғашқы сынама шыны өнімі өндірілді. Қазіргі таңда шығарылған өнімді қажетті сапаға жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Сессияда Нұрлыбек Нәлібаев бірлескен шұғыл шешімдердің нәтижесінде халық көптен күткен көпсалалы аурухана және емхана салуға қолдау таптық деді.
«Өңірге келгелі бюджеттің мүмкіндігіне иек артып ғана қоймай, елге жанашыр демеушілерді тарта отырып, әлеуметтік нысандар салуды қарқынды түрде бастап кеттік. Қазіргі таңда бюджетке көптеген қосымша қаражат тартуға жұмыс жасалуда. Бұған дейін Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана және емхана салуға республикалық бюджеттен 36,4 млрд.теңгеге ұсыныс берген болатынбыз. Сәті туып, қаржы алуға қолдау таптық. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауға 750 млн.теңге бөлуге шешім қабылданды. Бұл өңір үшін үлкен мүмкіндік. Білім саласында да жақсы жетістіктер бар. Келесі жылы жаңа мектептер салуға 19 млрд.600 млн.теңге қаражат бөлінеді», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Айту керек, күні кеше Үкімет селекторында Қызылорда өңірі тұрақты жұмыс орындарын ашу бойынша аймақтар арасында алдыңғы қатарда.
«Жыл соңына дейін 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірдің барлық саласында 21,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту, қысқартудың алдын алу және жалақы көлемін 50%-ға дейін арттыру бағытында облыстағы 52 ірі және орта кәсіпорындармен меморандум жасалғанын білесіздер. Соңғы алты айдағы тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде және Өздеріңіздің ұсынған жобаларымызды қолдауларыңыздың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. Дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайтынын да білеміз. Жыл соңына дейін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптастыруға ниеттіміз», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.