Kyzylorda-news.kz. Арал – жарты әлемге балығымен аты шыққан тарихи мекен. Бүгінде теңізде өлкенің балығы әлемнің 10 еліне экспортталады. Қазіргі таңда мұнда 10 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап, 31 бригададағы 700-ден аса балықшы су маржанын сүзумен айналысады.

Адал еңбектің иелері саналатын балықшылар қауымы «Балықшылар слетінде» басқосты. 

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары  Алмас Асылбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын Арал қаласының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, аймақ үшін балық шаруашылығының маңызын атап өтті.

«Биыл айдынды өлке үшін ерекше жыл. Әлем таныған Арал қаласына 95 жыл толса, ашаршылық жылдары Поволжье тұрғындарына 14 вагон жіберген қайырымды іске 100 жыл толды. Теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымаған ата бабаларымызды ерлігін де естен шығаруға болмайды. Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы жұттан ашыққан жұртқа, сондай-ақ 7 миллионнан астам балаға көмек көрсеткен кешегі балықшыларымыздың еңбегі батырлықпен пара-пар. Арал өңірінің бүгінгі бет-бейнесінің қазіргідей кейіпке енуі - кешегі күнгі жанкешті еңбек еткен ерлердің, оның ішінде балықшылар қауымының құрышты да, қажырлы қызметінің жемісі. Дана халқымызда «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген тағылымды сөз бар. Осы ретте бұл ескерткіш біздің өткен тарихымызға елеулі еңбегі сіңген балықшы бабаларымызға құрмет және олардың бүгінгі ізбасарларына деген зор ілтипаттың үлгісі деп білемін», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Слетте облыс әкімі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыстады.

«Құдайберген Саржанұлы аймақтың экологиялық проблемасын, Арал тағдырын жоғары мінберлерде көтеріп, балық шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосып келе жатқан ардақты азамат. Тоқсаныншы жылдары Теңіз жағалауынан ел үдере көшкен кезде Қапшағай аймағынан «Толқын» деген балықшы ауылын құрып, оған Арал балықшыларын көшірген бастамасын әлі күнге дейін жергілікті халық ерлікке теңейді. Сексеннің сеңгірінен асса да ата кәсіптен қол үзбей, «Қызыл» кітапқа енген Арал қаязы шабағын өсіріп, бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында еңбек етіп келеді», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов жерлестеріне алғыс білдіріп, биылғы слеттің балықшылардың өз ордасы Аралдың орталығында өтуінің символикалық мәні бар екенін жеткізді.
ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков Арал балықшыларын құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Салтанатты жиында балық шаруашылығына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар құрметке бөленіп, марапатқа кенелді. Сондай-ақ, балықшы қауымның еселі еңбегін халыққа жеткізуде еңбек еткен облыстық "Сыр бойы" газетінің тілшісі Ержан Қожас марапатталды.

Айта кетейік, Сыр өңірінде Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еуропалық сапа стандартына растайтын белгісі бар төрт кәсіпорын жұмыс жасайды. Қазіргі таңда облыстағы балық өнімдерінің экспорт көлемі еселеп артып, биылғы жылдың 9 айында 3435 тонна өнім шет елге шығарылды.

Өңірде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама бекітіліп, Арал ауданына қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізілді. Олар: Ақшатау-Сорғақ, Домалақ, Тұщы, Қаракөл, Алаша, Ақбілек және Шөмішкөл көлдері.

313225547_417804390540811_1543154806292157949_n.jpg
312832753_417804430540807_4143512459246795867_n.jpg
313211795_417804453874138_3194047232328194498_n.jpg
313063499_417804440540806_4034685797229030617_n.jpg
313119318_417804357207481_941659939026427384_n.jpg
313213566_417804370540813_1896681196222329284_n.jpg

Тағы да оқыңыз: