Kyzylorda-news.kz. «Адамды адам еткен - еңбек» демекші, қашанда жұмысына асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарап, адал маңдай терімен еңбек ету арқылы өзіне де, айналасындағы ағайынға да пайда келтіріп жүрген еңбексүйгіш жандар аз емес. Мәселен солардың бірі Жалағаш ауданы Аққұм ауылының азаматы Ерлан Жақсылықов. Бала кезінен еңбекке дағдыланған ағамыз бүгінде мал шарушылығының қыр-сырын игеріп, ауылдың 10 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Еңбек адамы Ерлан Жақсылықов алғашында азын-аулақ малымен бастап, уақыт өте мал шаруашылығының қыр-сырына қаныға бастапты. Қазір жеке малын мыңғыртып, осыдан жеті жыл бұрын «Нұрдәулет» шаруақожалығын құрып, ет бағытындағы жұмыстарды қолға алған. Еттен бөлек, сүт, айран, сыр, құрт секілді өнімдері аудан халқы арасында сұранысқа ие. Бүгінде шаруа қожалықта төрт-түліктің төртеуі де бағылады. Атап айтсақ, 1300 бас жылқы, 400 бас ірі қара, 50-60 түйе, 100 бас уақ малы бар.
«Еңбек еткен адам барлық нәрсеге қол жеткізеді. Еңбек етпей елге де өкпелеуге болмайды. Әрине қазір айтуға оңай, бірақ басында қиын болды. Дегенмен бұл қиындықтарды адал еңбек ету арқылы жеңіп шықтық. Ертеректе совхоздың малын бағып, сол жерден мал бағымын түсініп алдым. Сондықтан да қандай кәсіп бастасаңда ізденіс пен талпыныс керек. Қазір мал азығына жыл сайын 100 тонна жем мен 5 мың тонна пресс жоңышқа сатып аламын. Жем кенттегі «Элеватордан» келсе, жоңышқаны жергілікті шаруашылықтар жеткізіп береді. Сондай-ақ Қараөзектің бойында 5 мың гектар жайылымдық жеріміз де бар. Жаз жайлау сонда болса, бақташылар күріш алқаптары ашылғаннан көктемге дейін төрт-түлікті егіс алқаптарына жаяды. Мал азығынан мәселе жоқ. Ал жұмысшыларыма тоқталсам, шүкір қазір 10 ауыл тұрғынын, оның ішінде сауыншылары бар жұмыспен қамтып отырмын. Жалақылары уақытылы, 100 мың теңгеден кем емес», – дейді шаруа қожалық төрағасы Ерлан Жақсылықов.
Бұған дейін мал басын көбейтуге ден қойған кәсіпкер енді төрт-түліктің басын асылдандыруға кіріскен. Осы мақсатта қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасынан 10 бас, «Әулиекөл» тұқымынан 2 бас бұқа алып келіпті.
Төраға туған жерге тағызым етуді де әсте естен шығарған емес. Ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға ет және сүт өнімдерін тегін үлестіруді әдетке айналдырған. Сонымен қатар былтыр Аққұм ауылындағы бір көшеге жарық жүргізіп беріпті. Төрағаның айтуынша келешекте туып-өскен ауылын көркейтуге ойда жүрген біраз жобалары да бар екен. Бір қынжылтатыны бүгінгі таңда жастардың арасында ата кәсіпке мойын бұратын жандарды табу қиындап баратын көрінеді. Ешкім мал баққысы келмейді. Сол себепті ауыл жастарын ауылда еңбек етуге, сол арқылы ел әлеуетін арттыру үшін күш жұмсауға шақырды.
«Төрт-түліктің жай-күйін жақсы танимын. Бала кезден ауылда өскен соң болар мал бағу мен үшін таңсық іс емес. Ең бастысы, уақытылы жем-суын беріп, қоражайды тазалап отыру керек. Сонда ғана малдың күйі жақсы болады. Жұмысым өзіме ұнайды, айлығы да жақсы», – дейді шаруашылық малшысы Полатбек Бекмұратов.
Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Ердің атын еңбек шығарады демекші, бүгінде Ерлан Жақсылықовты ауыл тұрғындарының бәрі құрметтейді. Өйткені ол өз адал еңбегі арқылы көпке үлгі десек болады.



