Kyzylorda-news.kz. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бүгінде инфекциялық стационардың анестезиологиялық және реанимациялық бөлімі керекті техникамен жабдықталған және 38 төсек орын бар. Қазіргі таңда, жансақтау бөлімінде ем алып жатқан науқас жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлімдеді.
“Еліміздегі эпид ахуал біршама күрделене бастағаны байқалады. Соңғы тәулікте 850-ге жуық науқас тіркелуде. Қыркүйек айында еліміз бойынша 71 адамға дейін төмендеген болатын. Яғни, бүгінде он үш есеге артуда. Пневмониямен қосқанда маусым айының бір күндік көрсеткішіне жеттік. Өткен аймен салыстырғанда вирус жұқтыру көрсеткіші 3,7 есеге өскен. Бес облыс коронавирустың “қызыл” аймағына енді. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай мен Ақмола облыстарында қатаң шектеу шаралары енгізілді. Алматы әзірге «сары аймақта» тұр. Ал, өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясымен 3290 адам тіркелді. Әрбір анықталған науқастардың эпидемиологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті саралануда. Эпидахуал тұрақты болуына қатысты арнайы іс-шаралар жасалып, жұмыстар жүргізілуде”, – деді Наурызбай Байқадамов.
Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарда 60 рентген аппараты жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қосымша 6 рентген және 4 дана флюро аппараты жергілікті бюджеттен алынатын болады.
“Жұқпалы дерттің таралуы вирустар көзге көрінбегенімен өте қауіпті. Олар кішкентай болғанымен мемлекетке өте үлкен көлемде зиян тигізе алады. Ал осыны түсінгісі келмейтіндердің рухани әлсіздігі вирустан да бірнеше есе қауіпті. «Дені саудың – жаны сау». Ал жаны сау адамның рухы әрдайым асқақ болары сөзсіз”, – деді облыс әкімінің орынбасары.