Kyzylorda-news.kz Азық-түлік бағасының өсуі − халықтың тұрмыс-тіршілігін күрделендіре түсетіні сөзсіз. Күнделікті тұтынатын тұрмысқа қажетті өнімдердің бағасы күннен-күнге шарықтап барады. «Үйдегi ойды – базардағы баға бұзады» дегендей, базар бағасының тұрақсыздығы қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салуда. Күнделікті жейтін нанымыздан бастап азық-түлік бағасы күннен күнге қымбаттап, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Доллар бағамы секілді бірде түсіп, бірде көтеріліп базардағы баға мың құбылып тұр. Оған не себеп? Бағаны тұрақтандыру үшін не істеу керек?

Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбат­шылық мәселесі сөз болады. Ба­ғаны еркіне жіберудің, тәртіп пен қадағалау жоқтықтың салдары бәрі. Кәдімгі нанды алайық. Бүгінде бір жапырақ нан бағасы 110 теңге мен 180 теңгенің арасында.

Азық-түлік бағасының қымбаттау себебін сұрай қалсаң «тасымал қымбат, жанармай ұшып тұр немесе делдалдар бағаны көтеріп жіберді» деген секілді уәжін айтады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуы­на байланысты баға көтерілді де­ген жауап та дайын. Ал халықтың жағдайын кім ойлап жатыр? Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Қалтаны қағып тастамаса да сәл үнем болсын деп жұрт базарды жағалайды.

Үкімет осы жылы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарға шекті баға белгіленбейтінін айтты. Нақтырақ айтсақ, тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын тізімнен алып тастамақ. Яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөнін­дегі Жол картасына сәйкес шекті баға енгізілмеді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді. Сөз ба­сында айтқанымыздай, әлеуметтік маңызы бар 19 азық түліктің 17-сі өзімізде өндірілуде.

– Міне, 5 литр сұйық майды 3200 теңгеге, бір дана жұмыртқаны 50 теңгеге алып тұрмын. Мына немерем тәтті жегісі келгесін, бір түйір кәмпитті 300 теңгеге алдым. Осыдан бір жыл бұрын 150-180 теңгеге алушы едік. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Мына бір жапырақ нанның бағасы 180 теңге. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлық­тай жалақыда өсім байқалмай­ды. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – дейді кент тұрғыны.

2024 жылы инфляция деңгейі 21,3%-ды құраса, азық-түлік тау­ар­ларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15%-ға өсіпті. Өткен 2022 жылғы ақпан айымен салыстырған­да пияз – 105%, кір сабын – 90,3%, кеңсе тауар­лары – 71,8%, қияр – 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны – әрқайсысы 56,3%-дан, қант – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн 40,2%-ға қымбаттаған.

Демек, әзірге нарық бағасы арзандамақ түгілі, бағаның қалыпты күйде тұруына күмән басым. Тіпті, ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр.
Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Бүгінде ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтере алмай отыр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2500 теңгеге жетсе, сиыр еті 2400-2500 теңге, қой етін 2400 теңгеден табасыз.

Ұлттық статистика бюросы та­ратқан мәліметке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтар­лықтай өсуі байқалады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылдың мамыр айымен са­лыстырғанда 17,9%- ға өсті. Биыл мамыр айының басынан бері азық-түлік құны 0,7%-ға қымбаттаған. Ал 5 айда 16,3%-ға өскен. Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қымбаты – тұздалмаған сары май, сиыр еті және сүзбе. Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасының шарықтап өсуі әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері алаңдатады. «Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар», – дейді зерттеуші мамандар.

Біздегі ауыл шаруашылығы ма­ман­дарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысының арта бастағанынан-ақ, ішкі нарықта кар­топ жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құны 160 теңгені, ал дүкенде 200 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр.

Сенесіздер ме, 2023 жылы елі­міз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экс­порты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, асылтұқымды мал өсіріп отырғандардың дені – олигархтар мен бай-манаптар. Мемлекеттен қомақ­ты субсидия алатындар да солар. Сондықтан да олардың малы күйлі. Етті экспортқа шығарып, қымбат сатып отырған да солар. Олар жеке өз мүдделері үшін жұмыс істеп отыр. Олар ішкі нарыққа жұмыс істемейді деген өткір ойын айтып-ақ жүр.

Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп жатыр. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға әжептеуір салмақ салуда.

– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құралақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – деді Амантай ақсақал.

Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды. Ал кейбірі қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен ғана дегенді алға тартады.

– Ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жем-шөп құнының қымбаттауы әсер етіп отыр. Ауылда мал бордақылап ау­данға әкеліп өткіземін. Тапсырысқа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 теңгеден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жібердіңдер деп ренжитіндер көп. Қазір мал байлау оңай емес. Жем қымбаттады. Тоннасына 60-80 мың теңгеге дейін сұрайды. Малды алып келетін көлігіміз сумен жүрмейді, жанармай бағасы да арзандап жат­қан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қалтадан шығын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қайтеміз? – дейді қасапшы Ержан Нұржігітов.

Ал қарапайым халықтың да айтары аз емес. Айталық, кент тұрғыны Сәуле Башарова есімді ананың сөзінің жаны бар.

– Шыны керек, қазір жала­қымыздың жартысынан көбі етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін ала­мыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 10 мың теңгеге шығып кетеді. Қанша үнемдесең де екі күнде тауысасың. Егер жіліктеп ет алатын болсақ, айына 50-60 мың теңге ақша жұмсайсың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қара кесек ет жүрмесе ішкеніміз бойға сіңбейтіндей боп тұрады. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 1000 теңгеге жетіп жығылды. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз, басқа қолымыздан не келеді? – дейді.

Ақиқатында, баға бағамын на­рықтың өзі реттейді, десек те баға бас бермес асаудың күйін кешулі. Ай емес апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Қарапайым халық, әлбетте, базардағы саудагерлерді кінәлайды. Дейтұрғанмен, отандық өнімдерге доллардың қандай қатысы бар деген заңды сауал туындайды. Сайып келгенде, нарықтың тала­бы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелер­дің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.

Бүгінгі сарап­тап көрген тауарлар тұтынушылар­дың көп қолданатын азық-түлігі. Нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Осы мәселеге байланысты Үкімет баға бақылауға алынады деп үнемі айтып келеді.

Иа, дәл осылай азық-түлік бағасы қымбаттауын тоқтатар емес. Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын нан, картоп, сәбіз, күнбағыс майының бағасы мың құбылуда. Қажетті заттардың барлығы елімізде өндірілетінін ескерсек, халықтың алаңдауы заңдылық. Қалтасы жұқа жұртшылықтың көбі азықтүлікті несиеге алуға көшкенін көріп, көңіл құлазыды. Азық-түлік бағасын осынша шарықтатып, қымбатшылықты қолдан жасап отырған кәдімгі алыпсатарлар. Бұл – қоғамның пікірі. Қарапайым қызанақ пен қияр бағасын қымбаттатқандар шетел асып, тауар әкелмейді. Жергілікті диқандардың өнімін арзан бағада сатып алып, халыққа екі-үш есе қымбатқа сатады. Күн жылынып, жерге көк шыққаннан кетпендерін арқалап жер анадан ризықтарын теріп отырған дала еңбеккерлерінің бірі Нұржан Қалмырзаев біздің сөзімізді дәлелдей түсті.

– Шынымды айтсам, соңғы он жылдан бері қарбыз егемін. Ала жаздай еңбектенеміз, уақыты келіп, пісіп тұрған өнімді өткізуге келгенде аздап қиналатынымыз бар. Өйткені, ұзақ сақтап отыра алмайсың. Дер кезінде өткізіп жібермесең, еңбектің бәрі бос кетеді. Өз басым еккен қарбызды базарға апарып сатқан емеспін. Бізге саудагерлер өздері келіп алып кетеді. Әлбетте, бізден 80-90 теңгеге алса, оны базарға апарып 400-500 теңгеден сатады. Кейде тіпті жерге ұрып, 50-60 теңгеден сұрайды. Сондай кезде қиын. Қазір өзі адамдардан қанағат кеткен заман болды ғой. Әлгі алыпсатарлар үлкен бір көлікпен келіп, азын-аулақ ақшаға толтырып тиеп кетеді. Оны базарға апарып өздері еккендей қымбат сатып тұрады. Бағаны удай қымбаттатып, халықты қинайтын алыпсатарлар болмаса, жерлестерімізді арзан қарбызқауынға қарқ ететін жағдай бар. Өкінішке қарай, арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегеді. Адамда қанағат болу керек қой, – деп көңіліндегіні жасырып қалмады.

Жылыжайда өсетін қызанақ, қияр бағасының сауда нүктелерінде 800-1000 теңгеден асып кететінін көріп, жағамды ұстадым. Әлбетте бұқара халық бұған наразы. Билік басындағылар мен тиісті сала мамандары белгілі бір шара қолданбаса болмайды. Делдалдардың «жер төсін емген» ауылдағы ағайынның еңбегін бұлай бұлдағаны жарамайды.

Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындарының әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік. Қымбатшылық көзге ұрып тұр. Әсіресе сұйық май, нан өнімдері мен жеміс-жидектердің бағасы күрт өскен. Күзгі жиым-терімнің молшылығына қарар емес. Удай бағаны әлі ұстап тұр. Картоптың келісі 200 теңге, орамжапырақ 220, сәбіз 200 теңгеден сатылып жатыр. Кент тұрғыны Айжан Мансұрованың сөзіне құлақ түрсек:

– Қалтама 20 000 мың теңге салып келіп едім. Бар алғаным төрт мың теңгеге бес литр сұйық май, 7500 теңгеге үш келі ет, шөкімдей қызанақ, картошка мың теңгеге айналды. Әлгі кір жуатын ұнтақты 3800 теңгеге алдым. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, картошканы айтсай. Жұп-жұқа нанның бағасы 180 теңге. Жарайды, мұғалімдердің айлығы өсті, елдің басым көбі жоғары мөлшерде жалақы алады. Мынадай баға жұқа қалтаны жұқ көрер емес. Айлықтан айлыққа әзер жетіп отырмыз, – деп ойын ашық айтты.

Ал, базардағы саудагерлердің пікіріне ден қойсақ, бұл бір-екі күнде сабасына түскені, баға бұдан да жоғары болғанға ұқсайды. Мәселен, алманың келісі бізде 350-400 теңге, басқа қалаларда 600- 800 теңгеден сатылып жатыр. Сонда ынсапсыздық ортадағы делдалдардан келіп тұр ма? Біздегі «үстіне 5-10 теңге қоямыз» деп ант-су ішетін алыпсатарға ай дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр-ау. Үкімет әлеуметтік маңызды 19 тауар түріне шекті баға бекіткен. Бұған ұн, құмшекер, бөлке нан, қарақұмық, күріш, айран, сүт, шемішке май, сары май, сүзбе, қолдың сары майы, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат, тұз, ет, тауық еті, жұмыртқа, рожки кіреді. Дей тұрғанымен, базар бағасына бақылаудың әлсіздігі көрініп-ақ тұр. Ия, сатушының да, алушының да уәжін тыңдадық.

Осы тұста айта кетейік, ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар жағармайдың тұрақсыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Қымбатшылық етек жайған қоғамда саяси мәселелердің де қордалана берері сөзсіз. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр, дейді мамандар. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отыр және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп топшылайды. Дегенмен, елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында алдыңғы орында тұрмыз. Жылдағы баға тұрақты екен. Алайда, өзімізден шығатын өнімнің жоқтығы нарықтың тұрақсыздығына алып келуде.

Алыпсатарларды көбінесе базар маңынан кездестіресіз. Таң азанымен өнімін арқалай келген еңбекшінің бірінші тұтынушысы да осы азаматтар. Дихан еңбегін арзан бағалап алғанымен, өздері екі-үш есе қымбат сатады. Бірақ, мұнысын мойындамайды.
Сонымен қатар, әрбір қазақ отбасы етсіз отырмайтынын ескерсек. Бүгінде еттің келісі 2200-2500 теңгенің аралығында.

– Өзім бала күнімнен мал бағамын. Төрт түліктің жайын жақсы білемін. Алайда, өзім мал сойып, базарға шығарып сатпаймын. Өйткені, менің оған уақытым жоқ. Базарда ет сататындар немесе мал алып сататын алыпсатарлар өздері үйден келіп алып кетеді. 150 мың деп тұрған ірі қараны 90 мыңға сұрайды. Жабағыларды 180- ге, ірілерін 200 мыңға әрең алады. Базарға апарып қымбат бағаға сатып тұрады. Көбінде көліктері жоқ ауылдағы малмен отырған ағайынның көрген күні осындай. Барларына бар малды сойып сату машақат. Шалғайдағы қалаға бір апарғанда кемінде 5 мал сойып апару керек. Ал, малдың сұранысы артар уақыт – ол соғым кезі. Қақаған қыстың аязында далада тісің-тісіңе тиместен мал сойып ішек-қарын тазалау оңай іс емес. Сондықтан мал алушы алыпсатарларға еріксіз айтқан бағасына береміз, – дейді Әмірқұлов Аманбай деген азамат. 

Түптеп келгенде, алыпсатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса халкүйіміз де кері кетпесі анық.

Сонымен қатар, қазір нағыз құрылыс жұмыстарының қызып тұрған шағы. Ерте көктемнен қара күзге дейін, тіпті қыстыгүні де сұранысы төмендемейтін бұл саламен екінің бірі кәсіби түрде айналыса бермейді. Бір анық мәселе, құрылыс жұмыстарының қарқыны соңғы бес жылда үш есе артқан. Мұны жауапты сала басшылары растап отыр. Осыған байланысты аудан орталығында құрылыс заттарын сататын дүкендердің де саны екі жылда еке есеге көбейді. Тек бір өкініштісі, баға тұрақсыз, арзан деуге мүлде келмейді. Оған басты себеп ортадағы делдалдық пен экспорт әлеуетінің өсуі, дейді сарапшы мамандар. Дегенмен, Сыр өңірінде құрылыс саласы бойынша Жаңақорған ауданы көш бастап тұр.

Соңғы деректерге қарағанда аудан орталығындағы халық саны 40 мыңнан асып жығылса, баспана саны 10 мыңға жуықтапты. Тұрғындар санының жылдам өсуі нарыққа әсер етпей қоймайды. Жер мен үй бағасы шарықтау шегінде тұр. Мәселен, аудан орталығында 10 соттық жердің бағасы 4-5 млн теңге көлемінде, МАИ бекеті мен Ипподром мөлтек ауандарында 3 млн теңгеден кем емес. Ал, баспана бағасы тіпті қымбат. Егер қалтаңызда 25-30 млн қаржыңыз болса салынғанына 5-6 жыл болған үй алуыңызға болады.  Егер қала іргесінен немесе аудан орталығынан арнайы бағдарламамен үй алғыңыз келсе онда мына төмендегі кеңеске жүгінуге тура келеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың сәуірі мен биылғы сәуір айында тұрғын үй бағасында едәуір айырмашылық бар. Яғни жаңа тұрғын үй бағасы 1,6 пайызға, екінші нарықтағы үй бағасы 0,1 пайызға өскен. Жаңа үйлер Ақтөбе қаласында 9,5 пайызға, Қызылорда қаласында 7,1 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ ел бойынша бір айдың ішінде пәтерлерді қайта сату 1 пайызға өскен. 2024 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31248 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 7830 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23418 мәміле жасалды. 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда (26389) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 18,4%-ға өсті. Қалай айтсақ та, мемлекеттік бағдарламалар халықтың баспаналы болу мәселесін шешуде тиімді тетік болып тұр. Ал нарықтағы баға жайы басқа мәселе.

Енді тақырыпқа қайта оралайық. Дәл қазіргі сәтте аудан орталығында цемент тапшы болып тұр. Шиелі мен Шымкенттен келетін цемент түрлері бірнеше күнге кешігіп еді, аудан тұрғындары көрші Түркістанның базарын кезіп кетті. Шиелі мен Шымкенттегі екі өндіріс мекемесі де жөндеуден өтіп жатқан көрінеді. Былтыр Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қымбатшылықты девальвациямен бастаған. Екіншіден, рубль де қымбаттады. Соған сай Ресейден әкелінетін материалдар да қымбаттап кетті. Рубльдің құнсыздануынан Ресейде де баға өсті, алайда ресейлік өндірушілер үшін өз өнімін Қазақстанға емес, Қытай мен Еуропаға сатқан қолайлы. Өйткені ол елдерде баға әлдеқайда жоғары. Сондықтан тауардың басым бөлігі сол елдерге кетті де, нарықта тапшылық пайда болды, ал тапшылық бағаны өсіріп жіберді, деп мәлімдеген болатын.

Егер құрылыс базарына бас сұғып, қажетті затттардың бағасын қарасаңыз, күні кеше төмен бағада тұрған заттардың құны едәуір қымбаттағанын анық байқауға болады. Кент тұрғыны Мақсат есімді досымыз кенттегі тұрғын үйдің құрылысын осы көктемде бастаған екен. Қажетті материалдарды алғашында басқа бағамен алса, кейіннен әлдеқайда қымбатқа сатып алыпты. Айтуынша, жоспарлаған сома еселеніп барады.

– Өзім құрылыспен айналысатын болған соң базар бағасын бағамдап отырамын. Мәселен, былтыр 2000-2200 теңгеден аспаған «Волгоград» шифры биыл 2400 теңгеден кем емес. Сол секілді, цемент бағасы да тұрақсыз. Ауданда бірнеше сауда нүктелерін аралап шықсаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Айталық, көктемде құрылыста жиі пайдаланылатын 1 OSB тақтасының бағасы 3 мың теңгенің ар жақ – бер жағында тұрса, бүгінде ондай баға түгілі, материалдың өзін табу қиын. Бірақ олардың да бағасы аспандап кеткен. Ал, үй салып жатқан жұртқа қажетті ағаш пен қаңылтырдың бағасын айтудың өзі қорқынышты. Міне, бізде бақылау жоқтықтың көрінісі осы. Алмасқа шараң жоқ, – дейді қынжыла.

Иә, біз тілдескен қарапайым халықтың пікірі осылай өрбіген соң, Жаңақорған ауданындағы «Ақ жол», «Ержан», «Талды су», «Шаңырақ», «АI Madi», «Сауран» және бірнеше ағаш базарына бас сұқтық. Саудагерлердің сөзінше, құрылыс материалдары карантин енгізілгеннен бастап қымбаттаған. Бұл жерде басты кінә ортадағы делдалдар, яғни, өзге өңірден және шет елден импорт жасайтын алыпсатарлар бізге әжептеуір бағаны ұсынады. Ал, біздегі сатушылар алуға ниетті, өйткені, ауданда құрылыс заттарының кез келген түріне сұраныс өте жоғары. Аудандағы құрылыс материалының негізгі түрлері Ресейден келеді. Соның бірі ағаш. Онсыз үй салу мүмкін емес. Іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланатын құрылыс материалының бұл түрінің қалдығы да кез келген жерде пайдаға асады. Ең ақыры ұсақ жаңқасынан ДВП, ДСП жасалып, төбеге де жылулық ретінде қолданылады.

Көп қолданылатын құрылыс материалдарының тағы бір негізгі түрі – қаңылтыр шатырлар. Бұл да қалдықсыз материал. Оның түсінің оннан астам түрі бар. Ал түссіз қаңылтыр шатырлар арзан болады. Сапасына келсек үш түрі бар. Жұқа, орташа, қалың. Сіз қалтаңыздағы қаражаттың көлеміне қарай таңдайсыз. Ұзындығы 6, ені 1,20 метр түрлі түсті профлистің бағасы – 15-18 мың теңге. Мұнымен шатырды жабу ыңғайлы әрі тез. Сонымен қатар заман талабына сай үйіңіз бен қақпаңызға сән береді. Ал түссіз қаңылтырларды шаруа қожалықтары қораның төбесін жабуға, мал ауласын қоршауға көп алады екен.

Сонымен қатар, пластикалық терезелерді жасаушылар да көктемнен бері есік-терезені өндіру бағасын көтеріп жіберген. Былтыр бір терезені 45-50 мыңға жасатсаңыз, биыл 72-75 мың теңгенің айналасында. Біздің ауданымызда пластик есік-терезе жасайтын ұсталар аз емес. Солардың бірі Самат Қамбаровтың сөзінше есік, терезені өздері жасағанымен, қажетті заттарды сырттан алдырғасын, баға үнемі өзгеріп отырады дейді. Байқағанымыздай, құрылыс материалдарын сөз еткенде, бізде көбіне сыртқа тәуелділік басым. Жылдан-жылға жағдайдың жақсарғанымен қымбатшылық қиыншылығы қыспақтан алып тұр. Сәулетті үй тұрғызғымыз келеді, несиеге ұрынамыз. Банкке бір қарыз, құрылысшыға тағы тәуелділік туындайды. Бүйте берсе күрке тұрғызу да күрделеніп кететіні түрі бар. Бұдан қарапайым халық қана қағажу көреді.

Енді бір мысал, «МАИ бекеті» шағын ауданында бір үйді тұрғызу үшін қанша қаражат кетеді? Егер жалдамалы жұмысшы жалдайтын болсаңыз. Үйдің іргетасынан бастап, кілтіне дейін сізге жоқ дегенде 2-3 млн қаржы сұрайды. Егер үйіңіз соңғы үлгідегідей салу керек болса онда бұл қаржыдан 3 есе төлеуге тура келеді.  Төмендетілген қаржымен есептеп көрсек, жұмысшылар үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып, есік, терезелерін қондыруға жұмысшылар 2 млн теңге сұрайды. Ал, оған кететін материал құны үш есе болады. Бас-аяғы 8 млн теңге кетті дейміз. Евромемонты бар, газы бар, қызметімен алғанда барлығын қоса алғанда тағы 5-6 млн қаржы қосыңыз, 13-14 млн теңгеге орташа үй салуға болады. Дайынын сатып алсаңыз одан сәл қымбаттау болады. Бұл үйдің көлемі жобамен 11-12 болатыны түсінкті. Айта берсек мысал көп, ең бастысы, қаржы қос бүйірден қыспаса болды.

Қысқаша ауданда қандай құрылыс тауарлары өндіріледі. Соған тоқталсақ, бірінші, таудың тасы өзімізден шығады. Екінші, желім, яғни кілей де өзімізде бар. Одан бөлек, тор қоршау, үй сыртын қаптайтын түрлі жабдықтар мен темір ұсталары да бізде бар. Ал, Қызылорда қаласында былтыр «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС жалпы құны – 2,6 миллиард теңге болатын өндіріс орнын ашты. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.  

Түйіндей айтқанда, құрылыс заттарының неге қымбат екенін түсіндік. Шикізат пен өнімнің көп бөлігі экспортталады, екінші, делдалдардың ашкөздігі бағаның тұрақталуына үлкен кедергі. Міне, осы екі жағдайды реттемей, нарық ұбылып тұра береді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz
 

Тағы да оқыңыз: