Kyzylorda-news.kz Жуырда Алматыда "Набат операциясы" Шиеліде болған оқиға желісінде түсірілген фильмнің тұсауы кесілді. Бұл Алматыдан арнайы репортаж ұсынған Гүлжанат Шонабайдан білдік.
– «Қазақфильм» киностудиясы соңғы екі жылда «НАБАТ операциясы» атты жаңа көркем туындысын бітіріп, Астана мен Алматы қалаларында тұсауын кесті. Өзім туып-өскен Шиеліде болған оқиғаны экраннан көремін деп мен де ерекше ынтықтым. Әлі есімде, 1992 жылдың 22 ақпаны. «Москва-Ташкент» жүрдек пойызы арқылы этаппен Ресейге жөнелтіліп бара жатқан аса қауіпті, екеуіне өлім жазасы кесілген алты қылмыскер үш күзетшініауыр жаралап,тордан қашып шығады. Сарыағашқа кетіп бара жатқан қалааралық «Икарус» автобусына мініп, 20 шақты жолаушыларды кепілге алады. Шиелі автостанциясына тоқтағанда оқ атылып, милиция қызметкері ажал құшады.
«Автостанция аймағы түгел қоршауға алынды. Террористер шетелге ұшатын ұшақ, көп ақша талап етіпті. Олармен рация арқылы келіссөздер жүріп жатыр екен» дегенді естіп, төбе құйқамыз шымырлаған еді. Өрімдей милиционер жігіт Мұрат Өмірбековтің дәл жүрегіне оқ тиіп, сол жерде қаза тауыпты дегенді де естіп аза бойымыз қаза болған.
Ол жылдар Одақ тарап, бір жағы Еліміз тәуелсіздік алды деп қуанып, бір жағы колхоз-совхоз тарайтын болып, қайта құрудың әлегімен әйелдер ала сөмке арқалап, сауда жасауға бой ұрып жатқан күйбең уақыт болатын. Жәй жатқанШиеліге террористер топ етіп, елдің зәресі ұшты, ал бұл күштік құрылымдардыбір пәсте дүр сілкіндірген еді.
Тосын оқиға ұмытылмасын деп аракідік мақалалар да, оқиға куәгерлері тарапынан деректі әңгімелер де жазылды. Енді міне, араға тура отыз екі жыл салып«Қазақфильм» киностудиясы «Набат» операциясы» атты шындыққа құрылған шытырман картина түсіріп,жайсыз жайтты қайта есімізге салды.
«Набат – дабыл, алаңдаушылық, қауіп деген сөз. Сондықтан бұл операция «Дабыл» деп аталды, өйткені Кеңес заманында КГБ бөлімшесінің әрбір бастығының қолында «Өте құпия, бөлім бастығының нұсқауы бойынша ғана ашылады» деген жазуы бар балауыз мөр басылғ ан сары конверт болатын. Михаил Дәуеновтың нұсқауымен мен оны ашып қарасам, «Әуе көлігінде террористерден кепілге алынғандар босатылған жағдайда не істеу керек» деген жазуы бар парақты көрдім, – деп еске алады «Дабыл» операциясының тікелей қатысушысы, ҰҚК ардагері Қадыржан Қарабаев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
Қылмыскерлермен келіссөздерді сол кезде Қызылорда облысы бойынша МҚК бастығы полковник Михаил Дәуенов, ал жедел штабты Қадыржан Қарабаев басқарған.
«Жағдай өте қиын болды. Ол кезде бізде келіссөз жүргізетін адамдар жоқ еді, біз оларды тек шетелдік фильмдерден көретінбіз, сондықтан полковник Михаил Дәуенов (фильмде – Марат Дәуенов) бір тәулікке жуық уақытын өткізіп, оларды Шымкент әуежайына баруға көндірді», дейді ҰҚК ардагері.
«Мен ол кезде Қызылорда қаласы бойынша кадр бөлімі бастығының орынбасары едім. Кеңес заманында қызылордалықтардың мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге білімі мен денсаулығы жеткіліксіз деп есептелген. Одақ ыдырағаннан кейін көптеген қызметкерлер өз республикаларына кетті, мен жұмысқа келгенде 50% ғана басшылық болды. Менің алдымда оны кадрмен қамтамасыз ету міндеті тұрды, бір жылдың ішінде біз болашақта қызметте жоғарылай алатын 48 адамды таптық», – дейді ардагер Қадыржан Қарабаев.
Шынында, осы оқиға қаншама құқ қорғау қызметкерлерінің отансүйгіш, ел қорғаны, өз міндетіне адал, патриот азаматтар екенін дәлелдеді емес пе?! Сол кездегі шиелілік полиция қызметкерлерінің қылмыскерлерді ұстауға тырысып, кеудесін оққа тосқаны нағыз ерлік болды.
«Бұл операцияның ерекшелігі – мұндай жағдай Қазақстан тарихында алғаш рет орын алып, сәтті аяқталды.Ол кезде ешқандай марапат жоқ, бірде-бір басшы еңбегі үшін марапатталмаған. Михаил Дәуенов қарамағындағы қызметкерлерін сертификаттармен марапаттап, қоймадан сағаттар мен транзисторларды тауып алып, сыйлыққа берді», дейді ҰҚК ардагері Қ.Қарабаев.Оның пікірінше, өз жұмысына жоғары жеке жауапкершілік және төтенше жағдайларда тез шешім қабылдау қабілеті кез келген басшыға қажет қасиет.
Фильмнің тұсаукесерінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды: «Набат» операциясы қызық оқиға, әрине, біз оның көрермендер жадында қалғанын қаладық. Фильмді барлығына көрсетуге болады, өйткені ол қызықты, сапалы фильм болып шықты. Бұл өскелең ұрпаққа туған жерін сүюге, оны қорғауға үндеу деп түсінеміз. Ол үшін адал азамат боп өсу керек. Адам елін сүйсе, оны қорғау үшін бәрін жасауға дайын», – деп пікір білдірді.
Фильмнің қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов. Қоюшы операторы – Ернұр Рыспаев. Басты рөлдерді «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмімен халық батырына айнаған сүйікті актеріміз Бақыт Қажыбаев пен «Шифр», «Дятлов асуы» және «Жолбарыстың сары көзі» фильмдерінде ойнаған Алексей Шемес сомдады.