Kyzylorda-news.kz.  Масылдық – қоғам дерті. Деніқарны сау адам масылдыққа ұрынды дендегені сондай, шын мұқтаж бен масылдықтың аражігін айыра алмастай хәлге жеттік. Қанымызда жоқ қасиет біздің қоғамға қалай келді? Қайтсек тіленшектік әдеттен арылмақпыз?

Тіленшектік түбі – арсыздық. Мұны ескеріп жатқан қаракөздер бар ма? Кедейшілікті жойып, жоқ-жітіктің әл-қуат жинауына бағытталған әлеуметтік төлемдерді заңсыз иемденгісі келетіндердің ниетін немен ақтауға болады? Жарымжан болып, жұмысқа жарамсыздығының салдарынан біреуден көмек сұрауға мәжбүр болып отырса жөн-ақ. Дені сау азаматтар жас кезінде білім алудан қашып, есейгенде еңбек етуді қиынсынып, алақан жаюды ар көрмейтіндей. Жалқаулық пен еріншектіктен туындаған масылдықтан арыла аламыз ба? Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында: «Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам» дейді.

Осы орайда атап өтер жайт, қоғамымызда толық емес отбасыларды қолдау, еңбекке жарамсыз топтағы жандарды демеу, көп балалы жанұяларға мемлекеттік көмек көрсету мақсатында көптеген жұмыстар жасалып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жыл сайын жәрдемақы көлемі артып келеді. Бұл туралы атаулы әлеуметтік көмек бөлімшесінің бастығы Бейбіт Балабеков:

– «Атаулы әлеуметтік көмек негізінде қоғамымыздың аз қамтылған жанұяларына арналған, материалдық қолдау. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік» Заңында қандай азаматтарға тиесілі екені анық айқындалған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында небір оқиғаларға куә болып жүрміз. АӘК алуға құжат тапсырғандардың әрқайсысын тексеріп заңсыздықтың алдын алу және қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау барысында, олардың үйін аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын тексеру кезінде зәулім үйде тұратын, ішкені алдында, ішпегені артында, жағдайы өте жақсы жанұяларды да кездестірдік. Үй иесі әйелінің құжат тапсырғанынан хабарсыз екенін айтып, басын алып қашса, әйелдері сүттен ақ, судан таза болып шығуға тырысып бағады. Алайда жалғандыққа барып, бармақ басты, көз қыстымен мұқтаж жандарға тиесілі қаржыға ауыз салатыны өкінішті. Одан бөлек, табысын жасырып, үйін біреудің атына жазып АӘК алуға тырысатындар да бар. Тегін ақшаны алған үстіне ала берсем, мемлекет бәріне міндетті деген пиғылдағы адамдардың көбеюінен қорқуымыз керек», – дейді.

Жасыратын несі бар, біздің қоғамда АСП алу үшін ерлі-зайыптылардың ажырасуы қолдағы ата-енені өзге мекенжайға тіркеп қою, мал-мүлікті туысына рәсімдеу белең алды. Құжаттарды сөйлетсек, соңғы жылдарда ажырасу жөнінен әлемнің ондығынан түспей тұрмыз. АСП үшін ажырасқандар түбі екі жаққа бет алып, некесін сақтай алмай қалуда. Әр неке бұзудың соңында 4-5 баланың тағдыры тұр. Біз шын мәнінде қазақтың байырғы салт-дәстүріндегі «ақ некелі жар», «ақ босаға», «ақ отау» деген ұғымның қадірін қашырдық. Отау бұзудың қандай қиянат екенін ескермей, ақша үшін арымыздан аттап жүрміз. Кешегі зұлмат заманда соғыстан ері қайтпаған аналардың ошағын күтіп, отын өшірмеуінің басты себебі – «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ұлы дала елінің ұлағатына адалдықта жатқан жоқ па?

Рас, қазірде өзінің туған баласының жауапкершілігіне дейін мемлекеттің мойнына жүктегісі келетіндер көп. Тағы бір мысал, қазір қоғамымызда өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген ауқатты жандар жетерлік. Ал әйелі жалғызбасты ана ретінде мемлекеттік көмекке мұқтаждардың есебінде тұрады. Жалпы тегін дүниеге ұмтылу, ретсіз дәмету дұрыс емес екені анық. Осы тұрғыдан алғанда масылдық қоғамның кеселі деуге болады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, жеңіл табыс табуға ұмтылу, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған жандардың көбеюі қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі күні масылдықтың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Ұлтарақтай жерінен мол өнім алып, жоқтан бар жасап жатқан кейбір жерлестердің еңбекқорлығы біздің халқымызға да жұғысты болса, осынау дархан даланы тоздырмай болашақ ұрпаққа тапсырсақ мақсаттың орындалғаны болар еді. Немесе еліміздегі мамандардың жаппай заңгер, банк маманы секілді мамандықтарға түсуге талпынып, ал қарапайым токарь, темір дәнекерлеуші секілді мамандарға жарымай отыруымыз да халықтың ауыр жұмыс істегісі келмеуінің бір мысалы деуге болады. Ел ішінде 150 мың теңге айлыққа бала күтуші болып жұмыс істейтін адам табылмауы, халықтың құрылысын өзбек ағайындардың жүргізіп, ал құрылысшы болып істеуге намыстанатын жандардың көбеюі де халықтың жалқаулығына бір мысал дей аламыз. Сондықтан халық арасындағы масылдық психологиясын кеңірек түсіндіру бағытындағы жұмыстардың күшейе бергені дұрыс.
Шыны керек елімізде бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Тіпті ата кәсібіміз мал бағу болғанымен сол мал бағуға қомақты жалақыға жұмысшы таба алмай отырғандар да жетерлік. Бірнеше жыл бейнеттенсе әлеуметтік жағдайын дұрыстап алатынын біле тұра, мал бағудан азар да безер қашатын жандардың бар екенін көріп отырмыз. Кәсіп істеп қоғамға пайдалы болудан  гөрі заңсыз жәрдемақы алуға ептілердің әрекетін түсіну қиын. «Алсам, ала берсем» деген пиғыл басым. Бірде бір таныс келіншек хабарласып, баласына мектеп формасын алуға көмек керектігін, қайырымдылық көмекке мұқтаждығын айтты. Бір баласын мешіт жамағаты, бір баласын «Мектепке жол» акциясы арқылы көмек берілді. Содан кейін арада бір ай өтпей, азық-түлігім жоқ еді деді. Кәсіпкерлерге хабарласып, жанашыр жандар атсалысты. Содан кейін тағы да хабарласып тұр. Бұл жолы әңгіме былай өрілді:

– Кішкентайыңыз қаншада?
– Үшке толды.
– Жұмысқа шықпайсыз ба?
– Шығар едім, АӘК тоқтап қалады, – деп тұр.
Шындығында, үйде отырған келіншектердің көбі АӘК үшін жұмысқа шыққысы келмейді. Жолдасы әлеуметтік жәрдемақы ақшасына көлік алып, кент арасында такси қызметін жасайды. Ондай азаматтар қоғамдық жұмысты қайтсін?

Иа, кейінгі кездері масылдық, жалқаулық қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп қана қоймай, мемлекеттен көмек күтетіндердің қарасы артып келеді. Соның салдарынан отбасын асырай алмайтын отағасы мен үкіметке алақан жаюды әдетке айналдырған аналардың әрекеті белең алып барады.
Тіпті, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі реформа құруға тосқауыл болып отырған масылдық психология екенін жиі айтып келеді.  «Масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке орай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз», – деп оны жою үшін тізе біріктіруге шақырғаны мәлім.

Біреуге иек артып өмір сүруге әдеттенбеу керек дейтін азаматтар елімізде аз емес. Солардың бірі – жеке кәсіпкер, тігінші Дамыс Болатхан. Оның тігін машинасының құлағына отырып, қолөнермен айналысып жүргеніне 4 жыл. Бастапқыда көлік орындықтарына жабу тігуді үйренген, кейін одан қалған маталардан сөмке жасай бастапты. «Сөйтіп, көлікке арналған жабуларға емес, сөмкелерге сұраныс артып, саудам жүре бастады» дейді ол.  Расында, «Алма піс, аузыма түс» дейтін масылдық заман белең алуда. Кейбір деректерге қарағанда, жер шарында 100 миллионға жуық қайыршы бар көрінеді. Жыл басынан бері өзіміздің Алматы облысында 640 адам қоғамдық орындарда қайыр тілегені үшін жауапқа тартылған екен. Аяқ-қолы сап-сау болса да көшеде қайыр тілеп тұрғандарды біз де күнделікті көреміз, бірақ қайыршылықты қоғамымызға кері әсер ететін құбылыс ретінде қарамаймыз. Біреуі қайыршылыққа шынымен мұқтаж болса, енді бірі тапқан-таянғанын араққа жұмсайды. Кейбіреуі қайыршылықты өз жұмысына айналдырған. Үйсіздер, мереке кездері қайыр сұрайтындар, түрмеден шыққандар, қазіргі «интернет қайыршылар». Мәселен «бір балам ауыр науқас» деп өтірік есепшот нөмірін беру арқылы да қаражат табатындар көбейген.

Өз заманында Абай Құнанбайұлы бәсекеге қабілетті болудың жолын көрсетіп, жұртты еңбек етуге, білім алуға шақырғаны мәлім. Әсіресе, еңбексіз өткен жартыкеш өмірден сақтандырып: «...биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» деп еңбектің парқын түсіндірді. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы секілді тез суалар», деп ескертіп, «отбасыңды асыра, бала-шағаңның қамын ойла – өзіңе де жақсы, үкіметке де жақсы», деп жатыпішерліктен аулақ болуға үндеді.
Бүгінде құрылыс қылсақ өзбекті алдырамыз. Егін егуге қырғызды шақырамыз. Өзіміз үйде жатып табыс табуды армандаймыз. Бастық болғанға құмармыз. Жұмыс таңдаймыз.

Аспандағы жұлдызды ұстап, айда баспана салуды армандаймыз. Бірақ сөз бен істі қабыстыра алмаймыз. Неге? Жалқаумыз. Еріншекпіз. Бос сөзге әуеспіз. Ертеңіміз таусылмайды. Соның салдарынан, бүгінде жұмыссыздық көп. Тіпті, егемендік алғаннан кейінгі 33   жылдың көлемінде халықты тұрақты жұмыспен қамту толықтай шешілді деп айта алмаймыз. Түрлі мемлекеттік жобалар қолға алынса да жұмыссыздық азайған жоқ. Қазір бізде жұмыссыздықтан гөрі, масылдық басым секілді. Кейде басылым мен интернет парақшаларында жұмысшы іздеп жатқан жарнамадан көз сүрінеді. Еңбекақысы да жаман емес. Бірақ еңбек еткеннен гөрі, әлеуметтік желі арқылы 5-6 сөз жазып, ел арасында шу шығарып, айналасынан мін іздеп жүретіндер көп. Олардың ойынша барлық жағдайын жұрт жасап беруі тиіс. Алайда оған мемлекет те, халық та үнемі жағдай жасай алмайды
Сонымен жұмыс көп, жұмысшы жоқ. Неге? 

Осы мәселе жайлы азкем ой толғап көрейік. Жеке шаруа қожалығы иелері бас қосқан бір жиында ұжым төрағасы маусымдық жұмысқа жалдауға жұмысшы тапшы, пісіп тұрған егіннің есебін таппай, жаз бойы алашапқын болатынын айтты. Тағы бір шаруа қожалықтың иесі Әбен Нұржанұлы: 

– Мен егін егумен айналысамын. Диқанның қызу еңбегі көктемнен қара күзге дейін жалғасады. Дәл осы уақытта маусымдық жұмысшы қатты қажет. Өкінішке қарай, еңбекке тартылатын адам тапшы. Біз еңбегіне қарай қолма-қол ақысын береміз. Күнделікті ақысын алып тұрады. Айдың аяғында қомақты жалақының мөлшері шығады. Шөп тиеу жұмысына да адам керек. Әр данасын тиегеніне 100 теңге, түсіргеніне 100 теңге төлейміз. Шаруашылықтың жұмысына бармайтындар қоғамдыққа тіркелуге әуес. Оларды күнде көреміз, көше сыпырып жүреді. Әрине, тазалық болғаны дұрыс. Бірақ олардың жұмысына көңілім толмайды. Басшылық тексеріп келгенде жұмыс істеген секілді көзбояушылық танытады. Қалған уақытта көлеңке қуып жүргені. Айына алатыны – 80-90 мың теңге. Бос жүріп ақша алуды қалайды. Жұмыспен қамту бөлімі тек қана әлеуметтік жұмысқа тарта бермей, осындай шаруа қожалықтарын жұмысшымен қамтамасыз етсе жақсы болар еді. Ақысының жартысын төлеуге дайынбыз, – дейді.

Жеке кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаевтың сөзінше, бірнеше айдан бері жұмысшы таппай жүр. Жалақысы тұрақты, барлық жағдайы қамтамасыз етілетінін де тілге тиек етті.

– Әрдайым жұмысқа адам іздеп шаршаймыз. Аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды жастардың көбі жұмыс жасағысы келмейді, үйінде атаанасының қолына қарап отырады. Жағдайы төмен отбасыларына азықтүлік апарып беріп тұрып, үйде қолы бос жүрген өрімдей жастарды көріп өзің ұяласың. Нарық заманында әркім өзі үшін жұмыс жасауы керек қой. Кейде бізге даяшы, тамақ әзірлейтін мамандар жетіспейді. Мысалы, олар күніне кем дегенде 7-8 мың теңге табады. Соған жұмыс жасағысы келмейтіндерге таң қаламын, – деді кәсіпкер. 

Жұмыссыздық дертінің ар жағында осындай салғырттық, жалқаулық қылаң береді. Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 6800 жас тіркелген, олардың 5487-і жұмыспен қамтылған. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Руслан Мұсатаевтың айтуынша, ауданда жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайып келе жатыр.

– Үстіміздегі жылы ресми жұмыссыздар саны – 506. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2500 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 65 адам, жастар практикасына– 389 адам жолдама алған. Қоғамдық жұмыс орындарына – 1348, мемлекеттік грант алған – 163 адам, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 41, 2022 жылдан 2023 жылға 32 адам жалғастыруда. «Ұрпақтар келісім шартына» – 3 адам; 2022 жылдан 2023 жылға 5 адам жалғастырды. «Бастаубизнес» жобасына оқуға 899 адам жолданған. 2023 жылы 3370 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, 3634 жаңа жұмыс орындары құрылып, жылдық жоспар 107,8 пайызға орындалды. Ауданда 10 рет бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өткізу жоспарланып, 128 жұмыс беруші 410 бос жұмыс орындарын ұсынды. Онда 55 азаматқа жолдама берілді. Ағымдағы жылы ауданымыздан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «ENBEK BUSSINES» порталы арқылы 894 жас оқуға өтініш тапсырды. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 149 адамға 205320,0 мың теңге, қаржы қаралған. Осыдан қазіргі таңға 163 адамға грант берілді, – дейді. 

Иа, ауданда жұмыс жоқ емес, бар, бірақ ынталылар аз. Кез-келген ауылдық округтің әкімімен сұхбаттасқанда осыны айтады. Маусымдық жұмысқа, әлеуметтік жұмысқа кісі таппай жүргенін естіп, біліп жүрміз. Расында сылтау айтып, дайын жұмыстан қашатындардың саны артып келеді. Қит етсе, әкімдікке жүгіріп, мемлекетке ауыз ашу әдетке айналып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес, біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеу керек», – деген сөзі де еңбектен қашқан адамдарға қарата айтылғандай. Қарын ашса «Аманатты», одан қалса әкімдікті жағалаймыз. Жо-жоқ өздері барса мейлі ғой, көкіректе жалған намыс бар. Сондықтан әйелді жылатып, еңіретіп кеңсе жағалатамыз. «Жұмыс жоқ. Ішіп-жейтін тамақ жоқ. Жағдайымыз қиын» дегеннен кейін бір қалталы азаматқа бағыттайды. Азынаулақ азық-түлігі таусылғанда әлгі сценарий тағы қайталанады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Еңбегімен нан тауып, Алланың ризығын адал жолмен тауып жүргендер аз емес. Тек кейінгі кездері біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Абай атамыз өзінің әйгілі қара сөздерінің бірінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» демей ме? Негізінен, қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушіге барлық мүмкіндік бар. Жағдай да жасалған. Еңбекақылары да тәп-тәуір.

Осы тұста Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында шын мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын сынға алуы орынды. Яғни «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азамат тар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң аясында және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды.

Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. «Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деуі де үлкен ойға итермелейді. Finprom.kz сараптама орталығы Қазақстанның еңбек нарығындағы жастардың үлесі төмендеп келетінін саралапты. Деректер бойынша 2021 жылды 2022 жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылған халықтың ішіндегі жастардың қатары 27 пайыздан 24,6 пайызға дейін төмендеген. 2023 жылы еңбекпен қамтылғандардың саны 0,1 пайызға артқанымен, жұмысы бар жастардың үлесі 8 пайызға кеміген.

Сенесіздер ме, өзімізбен көршілес Түркия мемлекетінде дені сау адам ешқашан қайыр сұрамайды екен, себебі адамдар оған қайыр бермейді. Еңбектенбейді деген адамдардың өзі аяқ-киім тазалаумен айналысады. Ал еңбекке қабілетсіз адамдар да қайырды құр алақанға сұрамайды, арзан заттардың үстінен аз ақша қосып сатады. Осыған қарап қазақ халқымыздың идеологиясының қаншалықты әлсіз екенін көруге болады. 

Қазіргі күрделі кезеңде халықтың  әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес еңбек адамдарынан құралған қоғамның ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан ел жағдайын оңалтуға бағытталған бірқатар әлеуметтік шараларды жүзеге асыруда. Бірақ ол бүкіл бұқараны қамтамасыз ете алмайтыны  белгілі.  Сондықтан, елді кері тартатын кесепаттың жолын ерте бастан кесуге тиіспіз дейді психологтар. 

Аудандық білім бөлімінің психологы   Айда Айнақожаеваның айтуынша «Адамның бойында  масылдық қасиет  бала кезден қалыптасады.  Одан арылту үшін ұл-қызбен ерте бастан жұмыс істеу керек.  Көп ретте ата-аналар балаға жауапкершілік алуға  мүмкіндік  бермейді. Міндеттің барлығын мойынына артып алып, бүлдіршіннің өздігінен әрекет етуін шектейді.   Әрбір екінші мектеп оқушысы өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінбейді.  Тамағын алдына тосып, әлдештеп, еркелетуге дайын тұрамыз. Сөйте келе әрбір ұл мен қыз өзінің айналасына бұйрық беруге, айтқанын орындатуға үйреніп алады. Ал өзі қолын да қимылдатуға құлықсыз болып өседі.  Ондай балалар еңбектенуден қашып, жалқаулыққа жақын болады.  Баланы өз күнін өзі көруге баулуымыз керек.  Сонда ғана өзгелерге масыл болмай, ел қатарлы ақша табуға әрекеттенеді.   Оған ешкім қиын кезде көмектеспейтінін,  «кедергі атаулыны өзің ғана жеңе аласың» деп ұғындыруымыз қажет.  Маған бәрі өздігінен келе қалса деген түсініктен арылатын уақыт жетті».   Ал, біздің қоғамда жатып ішерлері де азаймай тұр. Абай айтпақшы, өзіміздің қолдан келмесе де құрылыс жасаған өзбекке күлеміз. Алайда ала шапанды ағайын қазақтың есіл қаржысын еліне тасып жатқанын ескермейміз. Мойындау қажет, еңбектегі потенциалымызбен мақтана алмаймыз. Өзбек, қырғыз, тәжіктің еңбек белсенділігі жоғары. Ұлағатты ұрпақ өсіргісі келген әр азамат тәрбие тал бесіктен екенін ұмытпай, жалқаулықтың, масылдықтың ақыры отбасыға зиян екенін, қайғықасіреттің бастауы да сол жақта жатқанын бала санасына құя білсе, еліміздің ертеңі жарқын болары сөзсіз.

Халықтың ортақ қазандығына қол салып, мұқтаждың ақысын жеуден артық күнә жоқ. Мұны терең тарқатсақ, Хазіреті Әбу Бәкір өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын еді. Бірде Әбу Бәкір қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ауызға алады. Астың біразын жегеннен кейін іркіліп қалады. Қызметшісінен: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?» – деп сұрайды. Қызметшісі: «Надандық дәуірінде сәуегейлікпен айналысып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым», – деп жауап береді.

 Мұны естіген хазіреті Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіпжегенінің барлығын құсып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!» – деп Жаратушысына дұға етеді. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) өзін мұншама қинағанына таңырқаған қызметшісі: «Уа, Алланың пайғамбарының халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деп сұрағанда Әбу Бәкір: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз құлағыммен естігенмін. Адам ағзасында бір түйір харам ас кетсе, ол тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан болатын», – деп жауап береді. Түсінген адамға, бұдан артық сөз табылмас еді. Біз шынымен мұқтажбыз ба, әлде масылмыз ба?

Мақпал МАРҚАБАЙ
 

Тағы да оқыңыз: