Kyzylorda-news.kz Алыс-жақын ағайынын көргенде «Мал-жаның аман ба?» деп сұрайтын қазақ халқы үшін төрт түліктің мән-маңызын ашып айтудың қажеті шамалы шығар. Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – тамақ. Ата-бабаларымыздың атакәсібі осы – мал шаруашылығы. Төрт түліктің қадірін тең ұққан шаруалар әуелі бабын, жем-суын, керек десең ауруын жазбай танып, қоңды етуде бар күш-жігерін салды. Әке жолын жалғастырып, ел игілігі үшін тірлік еткен еңбек адамының бірі – Мұқамедияр Қожаев. Бүгінде тоқсанның тұғырына жақындаған қария әлі де малдың бабын жасап, қолынан таяғын тастаған емес. 

Мұқамедияр Қожаев 1935 жылы 22 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылында дүниеге келген. Бүгінде – ауылдың үлкені, үлгі тұтары. Ақсақал Абай мектебін 1955-1956 жылдары бітіреді. Сол жылдары мектеп түлектерін мал шаруашылығына шақыру басталған-ды. Осылайша, ол да көштен қалмай, шаруаға белсене кіріседі. Әке көрген әлбетте оқ жонады. Өйткені, әкесі Қожай мен анасы Қатира екеуі Қаратау, Қарашоқы тауының етегінде, Талдық өзенінің жағалауында мал баққан. Қожай ақсақалдың 1945 жылы Бәйгеқұм станциясында пойызбен келген 90 тоқтыны бағымына алып, бір атар қой қылғанын көпшілік аңыз етіп айтады. Тіпті, 100 аналықтан 120-130 қозы алған. Еңбегі бағаланып, «Қызыл ту» орденін алған. Мәскеу көрмесіне де екі рет барыпты. 

«Төбел туар қасқадан» дейді дана халық. Кейіпкеріміз Мұқамедияр Қожаев та абырой-атақтан кенде емес. Әрине, атақты адам береді, ал абыройды Алла береді. 

– Облыстық пленум мүшесі кезінде Нұржан Әуелбековтың жеке қабылдауында болдым. Еңбегім еленіп, О.Бәйімбетовтың «Шиелі Шынарлары» кітабына шықтым. Одан бөлек Комсомол кезінде орталық комитетінің мақтау қағазымен, 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Облыстық Кәсіподақ комитетінің грамотасын алып, облыстың «Үздік шопаны» атандым, – дейді ақсақал.

Мұқамедияр Қожаев әдепкі тұсақ туғанда 100 аналықтан 101 төл алғанын айтады. Содан жыл сайын әр 100 аналықтан 110-160-қа дейін төл өрбіткен. Ондаған жыл аралығында жыл көрсеткіші 140-150-ден төл малын аман сақтап, мал басын көбейтіп отырған. Осы еңбегі ескеріліп, «Бес жылдықтар озаты» деген төсбелгі тағады. Облыстық пленум мүшесі болып, екі жыл фермада чехтық партия ұйымын басқарады. 1980 жылы Дінмұхамед Қонаевтың кезінде бүкіл Қазақстан бойынша мал шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесіне қатысқанын ауылдастары әлі күнге мақтанышпен айтады. 

– Марқұм Сейілбек Шаухамановтың өзі көктем мезгілінде біз жаққа атбасын бұрып, еңбегімізді көзбен көріп, таңданысын білдіріп, ақ тілегін жаудырған. 1957 жылы ауылдың қызымен отау құрып, 10 ұл-қыз өсірдім. Олардан 20 немере, 39 шөберем бар. Жұбайым мені қолдап, үнемі жанымда жүрді. Ол кісі де ардақты ана атанды. Бүгінде өмірде жоқ, - дейді кейіпкеріміз.

Ұлдың үлкені Мұқамедияр ақсақал – артындағы барлық бауырына қамқор болған азамат. 1963 жылдан бастап мал бағуға ат салысқан. 60 жылдан аса уақыттан бері малдың жайын жазбай танитын еңбек адамы ұрпағын да еңбекке, игі іске баулып жүр.

Қожаевтар әулетінің ақылшысы, абызы Мұқамедияр ақсақал ұлы Досбол мен келіні Сәуленің қолында бақуатты өмір сүруде.

Шыны керек, бүгінде «Құрметті азамат» деген атақты екінің бірі алып жатыр. Ақсақал атаққа зәру емес, шүкір, ел ішінда абыройы бар. Тыл еңбеккері ретінде демалыс орындарына, шипажайларға жіберіп, денсаулығына көңіл бөлуді жергілікті билік өз қолына алуы тиіс. Қайта соңғы кездері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы еліміздегі ең сыйлы адам болуы тиіс» деген сөзі шаруалардың, диқандардың, сол секілді еңбекпен ер жеткен көпшіліктің жанына медеу болғандай. Қалай десек те, абыз адамдар қандай атаққа болса да лайық!

Тағы да оқыңыз: