Kyzylorda-news.kz Бейсенбіде тілсіз жауды тұзақтауда аянбай тер төгетін маман иелерін жазуды жөн көрдік. Байқағанымыз, олар күнделікті өмірде қандай төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетінін, қиындықты қалай еңсеретіндерін ашылып, көп айта да бермейді. Қызмет бабында азды-көпті ерліктер жасаса да, олар өз еңбектерін ерлік деп санамайды. Ендеше біз Шиелі ауданы №13 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Мұхтар Сатқанбаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Құтқарушы десек, тек өрт сөндірушілер еске түседі. Сіздердің құзырларыңызда басқа да қызмет түрлері бар ғой…
– Иə, күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қатерлерге қарсы тұрып, батыл əрі адал қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, құтқарушы өрт сөндіріп қана қоймайды, батарея мен қуыста қыстырылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды да іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын істейді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, су құбырында қалып қойған ит пен мысықты, батпаққа батқан жануарларды да алып шығады. Дегенмен, біздің сала мамандарының алдына қойған басты міндет – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
– Өрт неден шығады?
– Қазақта «өрт – тілсіз жау» деп жатады. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Өрт көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шығып жатады. Жер үй болсын, көп қабатты тұрғын үй не басқа да ғимарат болсын, бəрі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан шығады. Адамдар темекі шегіп ұйықтап қалады. Жылыту маусымы кезеңінде жылыту пештерін дұрыс қолданбау, сақтық шараларын ескермеу, тағы басқа. Соңғы кездері автокөліктердің жануы көбейіп кетті. Техникалық ережелерді сақтамай, машиналардың ролін ауыстырып жатады. Міне, осындай салғырттықтың салдарынан өкінішті жағдайлар орын алады.
– Қандай өртті сөндірген қиын?
– Барлық өрт қауіпті. Біздің өрт сөндірушілер шақырту түскенде қандай өртке бара жатқанын, алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Жаңа айтқанымдай, газ баллондары болуы мүмкін, газ қондырғысын орнатқан автокөліктердің жануы аса қауіпті болып есептеледі. Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мəселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар, қатты қызғаннан жарылып, қауіп тудырады. Біздің жұмыста минут емес, əр секунд қымбат.
– Әңгіме соңында өрт сөндіру кезінде есіңізде қалған естелікпен бөліссеңіз?
– Айта кетсем, өткен жылы тамыз айында Шиелі кенті, әл-Фараби көшесі №33 жалпы ауданы 12х14 метр болатын тұрғын үйдің шатыр үсті толығымен және есік алдында тұрған алтын түсті «Volkswagen Passat» автокөлігі (құжаттары) толығымен жанып, басшылық тарапынан берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, үлкен көлемге таралуына жол бермегенім есімді. Одан бөлек аудан көлемінде орын алған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысып, азаматтардың материалдық мүліктерін аман сақтап қалғаным бар.
