Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев мектеп директорларымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Басқосуға облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш қатысты.

«Білім беру саласы – аудандағы ең ірі сала. Ауданда 38 мектеп, 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасап, 2518 педагог қызмет етсе, 17 мыңға жуық оқушы білім алуда. Білім беру саласының бюджеті де ауқымды. Жыл сайын жаңа білім беру нысандарының құрылысына қаржы бөлдіруге жұмыс жасап келеміз. Биыл Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Қазалы қаласында «Өрімтал» балабақшасының құрылысы жүруде. Алда Жанқожа батыр ауылындағы апатты мектептің орнына жаңа мектеп салу, №70 мектепке қосымша құрылыс, Қ.Пірімов ауылындағы мектепті жөндеу жоспарымызда бар. Мұның бәрі де балалардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан шаралар», – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов хабарлама жасап, білім беру ұйымдарының мәселелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атап айтар болсақ, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру, оқулықтармен қамтамасыз ету, жылу беру маусымын ұйымдастыру, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қолдау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушыларды қосымша біліммен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Кездесу барысында Мұхтар Әуесұлы білім беру саласында бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

«Жаңа оқу жылында ауданда 3 мектеп директорының орны бос күйінде қалып отыр. Бұл мәселе – өте өзекті. Басшысыз мекемеде жұмыстың сапасы мен қызметкерлердің жауапкершілігінің төмендейтіні белгілі. Сонымен қатар, кейбір мектептер әлі күнге дейін ауыз су мен жарыққа қарыз. Ал, бірқатар мектептер осы уақытқа дейін сұйық отын сатып алмаған. Жылу беру маусымына аз ғана уақыт қалды. Әділхан Оңдасынұлы, мәселені бақылауға алыңыз. Оқушылар жылы, жайлы, жарық жерде білім алуы тиіс», – деді аудан басшысы.

Басқосуда балалардың қауіпсіздігі де сөз болды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мектептер заманауи турникетпен, бейнебақылау камераларымен қамтылып, полиция органдарының бірыңғай жүйесіне қосылуы тиіс екендігін жеткізді.

Қазіргі кезде аудандағы өзекті мәселенің бірі саналатын жастар арасындағы топтық төбелес те назардан тыс қалмады. Мұхтар Әуесұлы барлық мұғалімдер, сынып жетекшілері, мектеп инспекторлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар ата-аналармен бірлесіп мектептен тыс уақытта балалардың жүріс-тұрысына, беймезгіл уақыттарда көшеде ретсіз жүрмеуін қадағалауды тапсырды.

Басқосуда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, мектеп директорларының қатынап жұмыс жасау, сенбілікке белсенді қатысу сияқты мәселелер де талқыланды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кездесуде айтылған сын-пікірлерден тез арада қорытынды шығарып, білім саласының қызметкерлерін ауданда өтетін әрбір шараға белсенді қатысуға шақырды.

Тағы да оқыңыз: