Kyzylorda-news.kz. «Мүмкіндіктер керуені» шарасы аясында С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Жас ақындар» кастингі өтті.

Айтулы шараға ақын, ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов пен «Рухани жаңғыру» орталығының Ұйымдастыру-жобалау жұмысы бөлімінің басшысы Шакизат Қаратайұлы қазылық етіп, сөз өнерінің қадірін түсінетін, шығармашылық қуат пен шынайы таланты бар жастарға бағыт-бағдар беріп, сөз қиюластырудың түрлі техникаларын, айтуға оңай, тыңдауға түсінікті жыр жазудың қыр-сырымен бөлісті. Ақын болуда шалқар шабыттан бөлек, эстетикалық талғам мен сөз құдіретінің маңыздылығы, көркемдік сапасының биік болуы жөнінде түрлі ақыл-кеңестер айтылды.

«Ақындық өнер – сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі. Ежелден-ақ қазақ халқы да өлең сөздің қасиетіне бас иіп, оны өнер атаулының ең биік шыңына балаған. Өлең тілінің кіршіксіз таза болуы, бөтен сөзбен былғанбауы – ақындықтың басты талабы. Бізде бунақ, шумақ, ұйқас деген түсініктер бар, бұл – өнердің техникалық жағы. Осының бәрін меңгерген ақыннан болашақта жақсы сөз шебері шығатынына сенімім мол», – деді ақын Мамыр Байдәулетов.

Жыр кастингіне 20-дан аса қала жастары қатысып, өз бақтарын сынады. Шығармашылық әлеуеті жоғары ақындар алдағы уақытта шеберлік сағаттарына, ақындармен кездесулер мен түрлі жазба ақындар үйірмелеріне қатысады.

Тағы да оқыңыз: