Kyzylorda-news.kz. Ректорлардың университет басшылығында болу мерзіміне шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілші спикерден "Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың ректор болғанына биыл 13 жыл толады екен. Бұл тым ұзақ уақыт емес пе?" деп сұрады.
"Жалпы бізде ұлттық университеттердің ректорларының мерзімі базалық келісімшарт бойынша 3 жылға деп көрсетілген. Президент әкімшілігімен келісіп, бұл мерзімді ұзартуға немесе тоқтатуға шешім қабылданады. Шын мәнінде де, 13 жыл ұзақ мерзім. Сондықтан біз ректорларды тағайындау қағидаттары мен ережелерін пысықтап жатырмыз. 14-15 наурызда арнайы республикалық комиссияның отырысы болады. Сонда жаңа ережелер қабылданады. Енді кез келген ректорларды екі мерзіммен шектейміз", - деді министр.
Сөзінше, министрлік соңғы он жылда арнайы академиялық автономия принципіне көшіп жатыр.
"Бұрынғыдай министр тікелей ректорды тағайындап, оны ұсынып, бақылап отырмайды. Біз бұл принциптерден бас тарттық. Ақырындап шетелдік форматқа көшіп жатырмыз. Көбінесе ректорлармен директорлар немесе қамқоршылар кеңесі арқылы жұмыс істейміз. Оларда үш жылдық стратегиялары бар, бір жылдық арнайы жоспарлары бар. Сол жоспарын бізде бекітеді. Бұрынғыдай министрдің қасында кез келген жағдайда ректор жанында отыруы керек деген жоқ. Мұндай ұстанымдардан бас тартып отырмыз", - деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрі.
Саясат Нұрбек республикалық комиссия мақұлдаған жағдайда заңнамалық өзгерістер енгізілетінін айтты.
"Қазір кім қалады не қалмайды деп айта алмаймын. Бәрі заңды тұрғыда болады. Өздеріңіз айтқандай, шектеуіміз қажет. Мерзімсіз отыру дұрыс емес", - деді ведомство басшысы.