Kyzylorda-news.kz. Кредит тарихы дегеніміз — банктен қаншалықты жиі қарыз алатыныңыз бен оны қаншалықты тәртіпке сай қайтаратыныңыз туралы толық ақпарат жиынтығы.
Банктерге «датым бар» деп ақша сұрай келгенде менеджер сіз туралы деректерді ақтарады. Содан кейін барып қарызға бере ме, бермей ме ойланады. Егер тарихыңыз нашар болса, бермейтінін айтып шығарып салады. Осы ретте кредит тарихына нұқсан келтіретін жайттарды тізіп шықтық.
1. Уақытында төленбесе
Мерзімінен асып кеткен төлемнің қайсысы болсын жақсы емес. Әсіресе, үш айдай уақыт бойы төлемеген болсаңыз немесе «айтқан тілді алмайды, ендігісін сот шешсін» деп банктің ызасына тисеңіз тіпті қиын. Кредит тарихын бірінші кезекте бұзатын себеп — осы. Тәртіпке бағынбайтын клиент ретінде бір көрінсеңіз, банктің ақша бермей қоюы әбден мүмкін. Өйткені қазір кредитті мақұлдап алып, кейін тағы соңынан соттасып жүруіміз мүмкін деп қабылдамай қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндайда не істеу керек? Бұл жерде енді бәрі ақ қағазға көк сыямен жазғандай айқын — уақытынан кешіктірмеу керек. Сондықтан алатын кезде қаншалық шамаңыз келетінін дұрыстап бағамдауыңыз керек.
2. Кредиттен басқа қарыздар болса
Кредит тарихына алған несие ғана кіреді деп ойласаңыз, қателесесіз. Мұнда төлемнің бәрі тіркеледі. Мәселен алимент, айыппұл сияқты ресми міндеттеменің бәрін қалай төлеп жүргеніңізді қарайды. Бұл жерде бастысы сотқа дейін бармаған болса болғаны.
3. Өтінімді көп берген жағдайда
Кредит тарихында көрініс табатын келесі мәлімет — берілген өтінімдер мен олардың ішінде мақұлданғандары мен берілмегендерінің саны. Банк соның статистикасын қарайды. Егер аз уақытта бірнеше өтінім тастаған болсаңыз, қаржыдан қатты қысылып тұр деп ойлайды. Сондықтан ештеңеге қарамай барлық банкке өтінім жіберіп жатыр деп ұғады. Сонымен қатар, мақұлданбаған кредиттердің көп болғаны да статистиканың нашарлауына әсер етеді. Өйткені басқа банктер сізге қарыз бермесе, бұл банк те ойланады. Мұндай жағдайда банкке өтінім бермес бұрын шарттарымен таныс болу керек. Бәрін жақсылап зерттеп алған соң барып, бірін таңдап, нақты соған барыңыз. Ол банк бермей қойса, зерттеу бойынша сізге ұнаған келесі мекемеден сұрап көресіз. Бірақ бірден бірнеше жерге барудың қажеті жоқ. Одан керісінше ұтылып қалуыңыз мүмкін. Ипотеканың жөні бұлардан сәл бөлек. Мұнда шарттарына қарай ыңғайлысын қарастыратын болғандықтан, бірнеше өтінім беруге болады. Әйтсе де, қай жағдайда болсын алдымен жақсылап ойланған жөн. Пайызы, шарты — бәрін түсініп алыңыз.
4. Жеке мәліметтерді жиі өзгерте берсе
Сіз жайлы ақпаратта қандай да бір өзгеріс бола қалса, ол кредит тарихына бірден түседі. Мысалы Алматыда тұрған адам Ақтөбеге көшіп кетуі мүмкін. Болмаса телефонын, тіпті тегін ауыстыруы да ғажап емес. Бірақ үш айда бір рет осылай өзгерте берсе, банк күдіктене бастайды. Дегенмен шынында да соңғы үш айда мекенжайын үш рет ауыстыратын кездер болады. Айталық, пәтеріңізді сатып жіберіп, туыстарыңыздың үйінде уақытша тұрдыңыз. Одан кейін жаңа қонысқа көшіп, тағы ауыстырдыңыз. Мұндайда менеджерге жақсылап түсіндіруге тырысыңыз.
5. Төлеп жатқан несие көп болса
Банк сіздің ай сайын қанша төлейтініңізге баса мән береді. Табысыңыз неғұрлым кредитке кететін болса, соғұрлым сізді «жақтырмауы» мүмкін. Айлығыңыздың 50 пайызынан астамы несие төлеуге кетсе, онда кредит бермей қоюы мүмкін. Мұндайда кредит тарихын түзеуден бұрын, қаржылық жағдайды дұрыстауға тырысу керек. Себебі жалақыңыз қарыз төлеуге кете берсе, үйдегі қаржылық ахуал «теңселген» күйде тұра береді.
6. Шағын несиеге құмар болса
Шамалы уақыттан кейін қайтарамын деген оймен шағын қаржы ұйымдарына жиі барғыштайтын болсаңыз, бұл да банкке ұнамауы мүмкін. Өйткені «бұл клиент бізден қарыз алмай, неге пайызы жоғары шағын қаржы ұйымдарына бара береді?» деп ойлайды. Кредиттің өзін өлім мен өмір мәселесі сияқты маңызды себеппен ғана алу керек дейміз. Ал шағын несиеге тіпті аса жақындамаған дұрыс.
7. Мерзімінен бұрын өтеп тастай берсе
Мүмкіндік болса мерзімінен бұрын өтеп тастаған дұрыс. Ондай жағдайда артық төлемейсіз, ай сайынғы төлем есіңізге түсіп, еңсеңізді батырмайды. Бірақ кредит тарихы тұрғысынан қарасақ, банкке сіздің бұл қылығыңызды құп көрмеуі ықтимал. Өйткені сізден пайда көруге мүмкіндік берместен жауып тастағансыз. Әйтсе де, кредит алғаннан бастап жапқанға дейін бәрібір бергеніңіз көбірек. Сондықтан кредит беру-бермеуге келгенде бұл жағына «қадалып» қалатын кезі кемде-кем. Бастысы бірнеше рет қатарынан мерзімінен бұрын төлеп тастасаңыз, ендігіде бермей қоюы мүмкін екенін ескеріңіз. Егер алда-жалда тағы алып қалуыңыз мүмкін болса, ірі көлемдегісін жауып тастап, ұсақ төлемді кесте бойынша төлей беріңіз. Өйткені аз соманың пайызы да аз.
8. Кредит тарихына мұқият болмаса
Кейде сіздің атыңыздан алаяқтар кредит рәсімдеуі мүмкін. Одан қалса, кредитор қателесіп, сіздің несиені жапқаныңызды көрсетпей қойса, қарыз боп шыға келесіз. Сонымен бірге кейде банктер мынадай қулыққа баруы мүмкін: сізге қарыз беру мақұлданса да, алмаймын деп кетіп қалсаңыз, «біз беруден бас тарттық» деп мәлімет жіберуі мүмкін. Сондықтан кредит тарихыңызды тексеріп тұрыңыз. Жылына 1-2 рет бас сұғып тұрған жөн. Бір жылда бір рет тексеру тегін, одан кейінгілеріне ақы төлейсіз. Бағасы — 400 теңге.
9. Несиеден ада болған да қиын
Негізі кредитсіз адам болсаңыз, керемет. Бірақ біз қозғап отырған тақырып — кредит тарихы тұрғысынан қарасақ, несиесі жоқ адам — банк үшін жұмбақ. Оның қалай төлейтінін, кім екені белгісіз. Сол үшін де кредит бере салуға батпауы мүмкін. Ипотека алғанда бұған аса қарамайды. Бастысы, төлем қабілетіңіз жетіп тұрса, жеткілікті. Әдетте, банк үшін сенімді адам болу үшін кішігірім тауар алудан бастаған жөн. Телефон сатып алып, кестеге сай, кешіктірмей төлеп жүрсеңіз, банк алдында беделіңіз болады. Немесе қазір банктерде кредит карталар бар. Сол арқылы төлем жасап, бөліп төлеуге болады. Ол да кредит тарихынан орын алады.