Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауын жыл сайын ұйымдастыруды қолға алып келеді. Ол өз сөзінде «Бұл отбасы институтының және отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұлтымыздың әлеуетін арттыруға орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей жоба. Жыл сайын өткізілетін байқау шаңырағы шаттықа бөленіп, берекелі бірлік пен татулыққа ұйыған өнегелі отбасылар күллі елге танытады. Мұндай үлгілі әулеттер елімізде аз емес, өте көп. Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың  адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді» деген болатын. Осы ретте байқаудың биылғы жылғы аудандық кезеңіне қатысушы жас отбасы Байтұрғановтар отбасын әңгімеге арқау етпекпіз.

Отбасы мемлекеттің мызғымас іргетасын қалыптастыратын жалғыз күретамыр. Себебі болашақтың жарқын болуы ең бірінші отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Байтұрғановтар отбасы жас та болса өздерін өнегелі әке, үлгілі ана, зерек бала ретінде аудан көлемінде таныта білген жандар. 

– Әрбір адам баласы үшін отбасы ең басты байлық. Қоғамның тыныштығы мен берекелі болуы да отбасына байланысты. Еліміздегі үлгілі отбасыларды насихаттап, олардың өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Мерейлі отбасы» байқауы ел мерейін өсіріп келеді. Осы ретте байқаудың аудандық кезеңіне мен де көпбалалы, жас отбасы ретінде қатысып көруді шештім, – дейді отағасы Қорғанбек Байтұрғанов.  

Қорғанбек жары Жазира Әбдірақимовамен шаңырақ көтергеніме 13 жыл болған. Осы жылдар ішінде олар елге өз мамандықтары бойынша қызмет ете жүріп, демографиялық тұрғыдан дамуға үлес қосты. Қазірде бұл отбасы 4 баланың ата-анасы. Сәтін салса бесінші перзентін бауырына алатын күн де жақын. Жастайынан ел арасында жақсы қасиеттерімен танылған бұл жандар қызмет бабында да елге елеулі еңбек етіп келеді. Қорғанбек спорт саласында жетістік биігінен көріне білгендігінің арқасында жуырда Арал аудандық «Спорт клуб» КММ-нің басшысы қызметіне тағайындалды. Ал жары Жазира «Сартай» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып, ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысып келеді. Балалары оқу озаты болумен қатар спортты жанына серік етіп, республикалық байқауларда жүлдегер болып жүр.

– Қызым Набатқан волейболдан аудандық қыздар құрамасының мүшесі. Ал Нұризат әйелдер арасында еркін күрестен облыс чемпионы. Республикалық додаларға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Кіші қызым Айзере мен ұлым Аңсар да алғыр болып өсіп келеді. Олардың болашағынан зор үміт күтемін. Және ел үшін еңбек етер азамат болулары үшін әке ретінде бар күш жігерімді саламын. Себебі болашақ ұрпақ үшін бар тәрбие отбасынан басталады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген жақсы сөз бар. Біз де балаларымызға үлгі тұтар ата-ана болуды басты мақсат етеміз.Ортамыздағы қартымыз Жұмагүл анамызды сыйлап, алақанда аялауды перзенттік борышымызға балаймыз, – дейді отағасы.

Бұл байқау бізге жас отбасылардың ел дамуына елеулі үлес қосып жатқандығын дәлелдей түспек. «Отан отбасынан басталады» десек, осындай жас отбасылар ұлттың ұлылығын ұлықтап, елдің мәртебесін биіктете түспек.

Тағы да оқыңыз: