Ауданның білім бәйгесінде мерейі асып, ҰБТ қорытындысымен бірнеше жыл қатарынан алдыңғы үштіктен көрінуі – ұлағатты ұстаздар еңбегінің жемісі. №202 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ермек Бүркітбаевтың та шәкірттері білім жолында ұстаз еңбегінің, ата-ананың үмітін ақтап жүр. Ермек Алпысбайұлы – оқыту әдістемесін жоғары деңгейде меңгерген, кәсіби біліктілігін арттырумен қатар талай жетістіктерге жетіп жүрген ұлағатты ұстаз. 

– Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік таным біліктілігін дамыта отырып, алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету. Әрине оңай жұмыс емес. Алдыңа әр үйдің еркесі келгенде бәрінің назарын өзіңе аударып, сабаққа қызығушылығын арттыру үшін еңбектену қажет. Өз іс-тәжірибемде күн сайын білім берудегі жаңаша түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, оқушыларды оқу-танымдық, шығармашылық іс-әрекетке ынталандырып және әр оқушының нәтижеге жетуі үшін жағдайын жасаймын. Мұғалім деген ұлы мамандықты иеленіп, арқалап жүргеніме өзімді бақытты санаймын, – дейді ол. 

Ермек Алпысбайұлы – еңбек жолының 22 жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнап, өзінің айшықты еңбегімен дараланған тағылымға толы өмір иесі. Ұлы мамандықтың қыр-сырына енді ғана қанығып келе жатқан жас мұғалімдер үшін өнеге. Жастайынан қолөнерге құштар болған ел ағасы ағаштан, темірден ою-өрнектер, қылқаламмен суреттер салуға машықтанады. Жан-жануарлардың, табиғаттың тылсым да, таңғажайып құбылыстарын көркемдеп, өзінің шығармашылық кеңістігіне терең бойлаған өнерлі азамат. Арманына қанат байлаған ол 1999 жылы кенттегі №202 орта мектепте ұстаздық жолын бастайды. Жан-жақты, ізденімпаз ұстаз мектеп тіршілігіне белсене араласып, мектепішілік, аудандық көрмелерге, байқауларға, іс-шараларға   қатысып, талантымен көзге түскен. Ермектің қолынан шыққан суреттер мектеп қабырғасына көрік беріп, ерекше әдемілік сыйлап тұрады. Ермек Алпысбайұлының педагогика саласындағы көп жылдық қызметі мен  жетістіктері бағаланып келеді, ұстазының мерейін асырған, сантүрлі бәйгелерден оза шапқан шәкірттерінің жетістіктері жетерлік,  өзі де көптеген облыстық  дәрежедегі марапатқа ие болды. Ұжымдастары Е.Бүркітбаев  жайында «Мұғалім болып жұмыс жасағалы ол өзін білікті маман, тәжірибелі ұстаз ретінде көрсете білді. Еңбек пәнінен мектепте оқушылар арасында түрлі шараларды ұйымдастырып,  үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жас мамандарға әдістемелік бағыт-бағдар беруде аянбайды. Оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде ұстаздық кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаймыз» дейді. 

Бүгінде білікті ұстаз – өзі сабақ беретін көркем еңбек пәнін терең меңгерген, теориялық білімін күнделікті әрбір сабағында іске асырып, тәрбие мен білімді қатар ұштастырып отырған, шәкірттерін биіктерден көрсетіп жүрген маман.  Өнердің қыр-сырын жете түсінген  Ермек Бүркітбаев мектепте өнерлі ұстаз ретінде танылса, облыс көлемінде оқушылары талай рет марапат төрінен көрінді.  Мәселен, шәкірті Ақбота Рахымбек жалпы білім беру ұйымдарының 5-7 сынып оқушылары арасында өткен «Мен – елімнің ертеңімін» атты облыстық сурет байқауында І орын, 1-4 сынып оқушылары арасында қашықтан «Ата Заңым – алтын қазығым!» атты облыстық сурет байқауының аудандық кезеңінде 3 сынып оқушысы Ерғазы Дарын  І орын, «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты өлкетану сәндік-қолданбалы республикалық шығармашылық көрмесінің аудандық кезеңінде «Ұлттық колориті бар интерьердің ерекше дизайн-жобасы» бағыты бойынша оқушылары Жұбандық Әбілбеков пен Әсет Әлішер І орын иеленіп, облыстық кезеңде ІІ орын алған. Ал осы байқауда оқушысы Елшібек Ұлан  ІІ орын иеленсе, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар аудандық байқауында  жүлделі І орынға лайық деп танылды. 

Бұл іргелі білім ошағының мерейін асырып жүрген оқушылардың бірнешеуі ғана. Жалпы азаматын ардақтап, өткеніне құрметпен қарайтын Жалағашта талантты, талапты үздіктер баршылық. Ал ұдайы игі шаралар мен жарқын істердің жанынан табылған кейіпкеріміз, ұлағатты ұстаздың тағылымға толы өмірі мен еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай. Талмай еңбек ету мен ізденістің арқасында өз еңбегінің жемісін көріп отырған Ермек Алпысбайұлының шығармашылық еңбек жолына шалқар шабыт пен табыс тілейміз.

Тағы да оқыңыз: