Kyzylorda-news.kzМемлекеттік рәміздер – Қазақстан халқының бірлігін, тұтастығын және азаматтық бірегейлігін бейнелейтін Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы. Сондықтан оларды пайдалану, қолдану және насихаттау бағытында көтерілетін мәселелер өте өзекті және басты назарда болуы тиіс. Облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның басты міндеті де осы.
Комиссия қызметіне мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау барысында мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, жалпы осы саладағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіре түсу, олардың құқықтық қолдану тәжірибесін жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірлеу, азаматтардың рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру жөнінде ұсынымдарды тұжырымдау және өзге де маңызды функциялар кіреді.
Сондай-ақ комиссия өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану жөніндегі қызметін уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруіне бастама жасауға, бұдан бөлек тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік рәміздерді қолдану бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері бойынша тексеру және қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді ұсынуға құқылы. Комиссия отырыстарының күн тәртібі, өтетін орны мен уақыты, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары комиссия төрағасы, яғни облыс әкімі тарапынан бекітіледі.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және оларға ұқыпты қарауға міндетті. Бекітілген стандарттарға сәйкес оларды жыртылған, лас немесе тозған күйде пайдалануға жол берілмейді. Мұндай заң бұзушылықтарды аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған инспекциялық топ тексереді. Жыл басынан бері инспекциялық топ облыстағы 198 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтірген.
Жалпы, комиссия рәміздерді бекітілген ұлттық стандартқа сай қолдану бойынша әдістемелік түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Түсіндіру жұмыстары барысында мемлекеттік рәміздер арнайы мемлекеттік заңдар мен ұлттық стандарттарға сәйкес дайындалатыны, оларға қойылатын талаптар реті, қолдану және орналастыру тәртібі, сонымен қатар соңғы енгізіліп жатырған өзгерістер мен толықтырулар туралы жалпы ақпараттар берілуде. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жастардың Отанға, оның тәуелсіздік нышандарына деген құрметі, патриотизм рухы арта түсеріне сенім мол.
Айта кету керек, биылдың өзінде Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы ірі көлемді 21 іс-шара өткізіліп, оларға 5 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Облыстық комиссия алдағы уақытта да бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі жұмысын жалғастыра береді.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы әрі ажырамас бөлігі. Халқымыздың бірлігі мен тұтастығын, азаматтық бірегейлігін бейнелейтін атрибуттар. Сондықтан әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, қадірлеуге міндетті.
Биболат Сәтжан