Kyzylorda-news.kz 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков құқық қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
– “Сіздерді 23 маусым – Қазақстан Республикасының Полиция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қаймықпайтын қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау – кәсібилік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Бұл күн – бейбіт уақытта халықтың қауіпсіздігі жолында жанын қиған тәртіп сақшыларына тағзым ету күні. Аудан тұрғындарының өмірін қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан милиция капитаны Мұрат Өмірбековтің, полиция лейтенанттары Талғат Қозыбаевтың, Есентұрсын Бектұрсыновтың, Бақыткелді Ибраимовтың және полиция майоры Алтынбай Қойшыбаевтың есімдері ел жадында мәңгі сақталады. Олардың ерлік жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі болмақ. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін,” – деді аудан әкімі.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында соңғы жылдары құқық қорғау саласын нығайту, материалдық-техникалық базаны күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осы бастамалар шеңберінде Шиелі аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары бөлімге 7 JAC маркалы қызметтік автокөлік беріліп, кезекшілік бөлімшесі мен уақытша ұстау изоляторына 2 «Газель» автокөлігі табысталды.
Сонымен қатар, облыс көлемінде Жедел басқару орталықтары іске қосылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Бүгінде аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 72 бейнебақылау камерасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе қылмыстарды дер кезінде анықтауға және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік беруде.
Салтанатты іс-шара барысында полиция саласында абыройлы қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерді марапаттап, ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекелік шара арнайы жасақтың әскери қойылымымен және концерттік бағдарламаға ұласып , қатысушыларға ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
