Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысынан кейінгі тапсырмалар аясында, қаржы институттарымен бірлескен жұмысшы топ аудандарда көшпелі түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Жұмысшы топ құрамына Қызылорда облысының  кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» ЖШС және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС өкілдері енгізілген.

Бекітілген кестеге сәйкес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында көшпелі кездесулер өткізіліп, кәсіпкерлермен ашық диалог орнатылды. Кездесулер барысында мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау құралдары — жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау, кепілдендіру және гранттық қаржыландыру бойынша кеңінен түсіндірме берілді.

Сонымен қатар жұмысшы топ өңірдегі бірқатар кәсіпкерлік және өндірістік нысандарды аралады. Сырдария ауданында биыл жүзеге асырылуы жоспарланған құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің жүгері дәнін терең өңдеу жобасымен танысты. Жоба аясында крахмал, глютен, патока, май, этанол сынды 29 түрлі өнім өндіру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тамақ, химия, фармацевтика және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына серпін береді.

Сондай-ақ Жалағаш ауданында орналасқан индустриялық аймақтың жұмысымен танысып, оның өндірістік әлеуеті мен даму мүмкіндіктері зерделенді. Қазіргі уақытта Арал және Қазалы аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы кезеңде бұл аудандарға да жұмысшы топтың іссапары жоспарланған.

Жалпы атқарылған жұмыстар кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардарлығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына оң ықпал етуде.

Тағы да оқыңыз: