Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік өрісі кеңейіп, жыл артқан сайын қолдан келетін іспен айналысушылар саны артып, түрлі кәсіп ашылуда.  Ауданға қарасты Сунақата елді мекенінде ата кәсіпке бет бұрған азаматтар қатары өскен. Солардың бірі ауыл тұрғыны Мәдина Балтабайқызын тілге тиек етсек болады. 

Бала кезінен мал баққан ол жастайынан ата кәсіпке бейімдігін танытқан. Әкесіне қолғанат болып, ауылда өскесін болар ауыр еңбегін еңсеруге тырысып келген еңбекқор қыз есейе келе ер азаматтың жұмысын да қаймықпай арқаланатын азаматтың орнын алмастырғаны көрініп тұр.

«Ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң екі жыл Шымкент қаласындағы орта мектепте онжылдықты тәмамдадым. Одан әрі медучилищеге оқуға түскенмін. Тұрмысқа шыққан соң балалы-шағалы болдық. Тұрақты жұмыс орны бола қоймаған соң қауын-қарбыз егіп, өнімін сатумен айналысып көрдім. Маусымдық жұмыс тоқтап қалғанда, ата кәсіппен айналысуді жөн көрдім. Бастапқыда екі бие алдым, кейін оның басы алтауға жетті. Саумал саууды жолға қойып, оның емдік қасиетін дәріптеп тұрғындарға сатуды жолға қойдым. Осыдан соң менің мал басын көбейтіп, бағым-күтімін келістіре білуге деген ұмтылысым оянды. 2010 жылы Аграрлы несие корпорациясынан қолдау тауып, 1,5 млн теңге қаржы алдым. Сөйтіп қой малын сатып алып, басын көбейттім. 2015 жылы Аграрлы несие корпорациясынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тағы да қосымша қаражат алдым. Мемлекет қолдауларының арқасында өз ісімді жолға қойып алдым. Қарапайым еңбектің бір артықшылығы адал маңдай терін төккенді елдің алды етеді. Қыс маусымы кіре қараорынға келіп, кәсіп бағытын қадағалап отыруға бекініп отырған жайым бар. Қарауыма адам қабылдадым, отар қойым мен табын сиырымды сенімді қолдың бағым-күтіміне толық бір отбасына тапсырдым. Жеке қарауында өз малынан артық бағып-күтіп отыр. Адал еңбегіне қарай ақысын жүйелі төлеп отырудан басқа жеке меншігіне төлден енші беруді де ұмытпадым», – дейді шаруа қожалықтың иесі Мәдина Балтабайқызы.

Шаруа адамы келер жылы 10 млн теңге қаржыға тапсырыс беремін деп жоспарлап қойыпты. 2018 жылы қойға, 2019 жылы сиырға деп алған қаржысы түгел жұмсалып, бүгінде малының басы артқан. Жылқысын дәстүр бойынша тау етегіне еркін жайылымға жіберіпті.

Кәсіпкер ауыл халқының әлеуетін көтеруді де ұмытпаған. Өзінен артылған табысынан қамқорға мұқтаж, денсаулығы кемтар тұлғаларға көмек беруді әдетке айналдырыпты.

Кәсіпкердің болашаққа қойған жоспары көп. Алдағы уақытта қаражат болып жатса,  сүт өнімдерін дайындап, өндіріске шығаруда заманауи құрылғылар алып, технологияларды жетілдірсем дейді. Сөйтіп, ауыл халқын толықтай табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді деп армандайды. Оған қажетті өнім қоры қалыптасып келеді, енді сүт, май, қаймақ, сүзбе, ірімшік түрлерін дайындауға жаңа аппараттар орнатылған орталықты іске қоссам дейді. Әрине, жоспар жүзеге асып жатса, өзінен бөлек, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтуға мүмкіндігі болары сөзсіз.
 

2QWh7oBt-696x381.jpg

Тағы да оқыңыз: