Kyzylorda-news.kz. Қарағандыда бүгін сағат 8:00-де 12 жастағы баланы көлік қағып, оқушы қаза тапты деп хабарлайды Kyzylorda news ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Аманжолов көшесінде жаяу жүргіншілер жолағында болған.
«Toyota көлігінің 51 жастағы жүргізушісі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде белгіленген жерде жолды кесіп өтіп бара жатқан 12 жастағы оқушыны қағып кеткен. Жол-көлік апаты салдарынан ауыр жарақат алған жасөспірім медициналық мекемеде көз жұмды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды аса сақ болуға және белгіленген жылдамдықты сақтауға тағы да шақырады.
Фото:kashira.ru