Kyzylorda-news.kz. Қазақ эстрада жұлдызы Мейрамбек Беспаевтың дерттен тез айығуын тілеген Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны, әжей Сәбира Әбілдаева бір күннің ішінде әлеуметтік желінің жұлдызына айналған болатын.

Желіде желдей ескен бейнежазбада әжей «Мейрамбек, тәуір болып кет, жаным. Қазақтың атын шығара бер. Жақсы болып шық, айналайын» деп ақ тілегін жеткізді.

Бұл бейнежазба әп-сәтте әншінің өзіне де жетіп, Мейрамбек Беспаев қызылордалық әжейге іздеу салған болатын. Бір күннен соң әнші мен әжей тікелей бейнебаланысқа шығып, сөйлесті.

«Мейрамбек баламды «Бозторғай» әнін шырқағаннан бастап жақсы көремін. Ауырып қалды деп естіген соң, қазақтың біртуар азаматы еді, неге сырқаттанып қалды екен деп уайымдадым. Сол уақыттан бастап дастархан басында немерелерімнен Мейрамбек сауықты ма? Хабар бар ма? Ауруханадан шығып па? деп сұрай бастадым», – дейді Сәбира Әбілдаева.

Әнші сырбойылық әжейге арнайы сый да жіберген. Алматыдан жеткен сыйды ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев арнайы табыстады.

Әжейдің желіде жұлдыз болуына оның немересі себеп болған.

«Видеоны әнші ауырып қалды деген кезде түсірген болатынбыз. Бейнежазбаны желіге салу туралы ойланып жүріп, ең алдымен әжемнен сұрадым, ол егер Мейрамбек Беспаев көретін болса сал ғой деді. Әйтпесе, мен де видеоны желіге жүктеуге ұялдым. Өзгелерде қарт әжесімен ойнап отыр ма деген ой бола ма деген ой болды. Сонан соң достарыма репост жасатып едім, бір күннің ішінде әнші өз парақшасына салып қойыпты», – дейді әжейдің немересі Алмас Иманғали.

Желіде жұлдыз болған қызылордалық әжей қазіргі таңда қыз бен ұлдан тараған 8 немере сүйіп отыр.

Тағы да оқыңыз: