Kyzylorda-news.kz Қай заманда, қай қоғамда болсын денсаулықтың маңыздылығын білген бабаларымыз «бірінші байлық – денсаулық» деді емес пе?! Бүгінде солай. Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса алдымен жедел жәрдем шақыртып, осы саланың мамандарының көмегіне жүгінесіз. Нұсқаулығын ескеріп, қажет болса ауруханаға барып ем қабылдайсыз. Міне, осындай мүмкіндіктердің барлығын өз міндеті, қала берді Гипократқа деген адалдығым деп білетін медицина саласының қызметкерлерлі құрметтің қай түріне болсын лайықты. Осы саланың мамандарына деген шынайы құрметтің белгісі болып саналатын кәсіби мереке жыл он екі айда айналып бір соғатыны түсінікті. Маусым айының үшінші жексенбісіне тұспа-тұс келген осы мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өткізіліп, өңіріміздің бірқатар дәрігері құрмет төрінен көрінді. Бұл ұғына білгенге ауқымды мереке, дәрігердің көмегіне мұқтаж болатын қоғамның қалтқысыз құрметі. Осы бір мерейлі мерекеге аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, абзал жандарды маусымдағы мерейлі сәт, маңызды күнмен құттықтады. 

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Әлемде қанша мамандық болса да, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны ерекше. Бұл мереке Сіздердің ерен еңбектеріңіздің ел алдында бағаланатын күні деп есептеуге болады. Сіздердің қалтқысыз қызметтеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр. Ақ халатты абзал жандардың ақ пейіліне дақ түсірмей, адамзат өмірінің арашасы болып, Гипократ антынан айнымай, жаны ауырып жабырқаған жанға жәрдемдесуде парыз санайтын пейілдеріңізге ризашылығымды білдіремін. Сіздер қашанда құрмет төріне лайықсыздар,– деді аудан басшысы. 

Ел дамуына елеулі үлес қосатын түрлі саланың ішінде медицинаның шоқтығы биік десек, сол биік те маңызды саланың ысытығы мен суығына төзіп жүрген бірқатар дәрігерлер бұл мерекелік шарада түрлі марапаттарға лайықты деп танылды. Сала майталмандарына мереке қарсаңында облыс және аудан әкімінің марапаттары табысталып, шынайы құрмет көрсетілді.

Мерекелік іс-шарада дәрігерлер әріптестеріне деген жүрекжарды тілегін ән-жырмен жеткізді.

Тағы да оқыңыз: