Kyzylorda-news.kz Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы орайда Жалағаш аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ақхалатты абзал жандардың кәсіби мерекесі аталып өтіп, еңбектері еленді. Салтанатты шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов бар ғұмырын адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқор болуға арнаған медицина қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, халыққа қалтқысыз еңбек еткен жандарды марапаттады. 

– Медицина қызметкері – адам жанының арашасы, жер бетіндегі саналуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Елімізде 1998 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты» деп медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Бүгінде ауданда денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға дамуда. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде, – деді аудан әкімі. 

Айта кетейік, өткен жылы республикалық бюджеттен 752,8 млн теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, Қаракеткен ауылынан жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталмақ. 

Сондай-ақ бүгінде аудан тұрғындарына 545 медицина маманы қызмет көрсетіп келеді. Оның 512-сі аудандық аурухана мен емханада, 33-і санитарлық эпидемиологиялық бақылау саласы бойынша еңбек етуде.

Салтанатты шарада бірқатар медицина саласының қызметкері мен сала ардагерлері аудан әкімінің алғыс хатын иеленді.  

– Бұл салада халыққа қызмет етіп келе жатқаныма 10 жылға жуықтады.  №3 аймақтың дәрігерімін. Маған қарасты аймақта 1500-ден аса тұрғын бар. Бүгінге дейін бірнеше мәрте басшылық тарапынан үлкен марапаттарға ие болдым. Мен үшін халықтың амандығы мен денінің саулығы маңызды. Кез келген дәрігер үшін халықтың ақ батасы мен алғысынан асқан бақыт жоқ, – дейді дәрігер Гүлжайна Әмірбек. 

Иә, күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, дерттің дер кезінде емін табуға бар білім-біліктілігі мен күш-жігерін салатын дәрігерлердің қашанда еңбегі ерен. Салтанатты жиында кәсіби мереке иелеріне аудан әкімінің ықылас гүлі табысталды. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: